Мектептегі баға – болашақтың көрсеткіші емес

Мектептегі баға – болашақтың көрсеткіші емес
Фото: www.voxpopuli.kz

Британдық тілші Джон Халтивангер «мектептегі баға - болашақтың көрсеткіші емес» деген тақырыпта мақала жазады. Ол өз жазбасында үшпен оқыған оқушылар да өмірде талай асуды, белесті бағындыратынын тілге тиек етеді. Бүгін біз сіздерге аталмыш мақаладан қысқаша үзінді келтіргіміз келіп отыр.

Мектеп қабырғасында жүріп алған қызыл аттестат бақытты болашаққа бастайтын жол емес екендігіне талай мәрте көзіңіз жеткен шығар. Керісінше сабаққа бармай, күнделігі екілікке толы жандардың бағы жанып, өмірде жолы болып жатады. Тіпті олардың арасында күллі әлем бас бармақпен баға берген танымал тұлғалар да бар. Мысалы, Стив Джобс ешқандай колледж бітірмеген. Сол секілді Марк Цукерберг, Билл Гейтс, ғарышқа алғаш жасанды серік жіберген Сергей Королев, «Анна Каренинаны» аяғына дейін оқып бітіре алмаған Владимир Маяковский де кілең үштікпен оқыған. Ал әдебиет бағыты бойынша Нобель сыйлығының иегері атанған Иосиф Бродский екіліктен көз ашпаған десек, таң қалатын шығарсыздар.

Ақылды бала деп тақтаның алдында тапқырлық танытып, үй тапсырмасын үнемі орындайтын оқушыны ғана айтпаймыз. Өйткені көпшіліктің көзінше өз ойын емін-еркін жеткізе алмайтын, бірақ білері көп балалар баршылық. Олар да ертең жерде қалмайтыны белгілі. Себебі мектеп өмірінен тыс та бала үлкен табысқа қол жеткізе алады. Ал ол үшін мектепті беспен оқу міндетті емес. Ең бастысы алға қойған арман-мақсатына жету жолында әр жұмысын ерекше құштарлықпен, ынтамен жасаса болғаны. Ал мектепте бес алып үйренген бала болашақта да бәрі жақсы болады деп ойлайтыны анық. Алайда өмір болған соң қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Сондықтан оқуды ойдағыдай бітірсе де, тағдырдың соққысына қарсы төтеп бере алмай, өз дегеніне жетпей кеткендер қаншама. Ал мұғалімдер көп ештеңе күтпеген баланың әлемге әйгілі болып, талайды таң қалдырып жататынын жоғарыда дәлелдедік. Психолог мамандар мұндай балаларға мектеп программасы мүлдем қызық емес екендігін айтады.

Баға деген қарапайым қағаздағы ғана таңба. Біздің өмірімізді бойымыздағы қадір-қасиетіміз, мінезіміз, адамгершілігіміз анықтайды. Сол себепті мектепті немесе университетті ойдағыдай аяқтай алмасаңыз, мойымаңыз. Бақытты адам болу үшін, сабақты жақсы оқу керек деген қағида жоқ. Бәрі, бәрі өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз. 

Ж. Исакаев