Өтірікшінің шын сөзін қалай ажыратамыз?

Өтірікшінің шын сөзін қалай ажыратамыз?
Фото: ldsmag.com

Сөзге сеніп, сан соғып қалатын сәттің бірі – алдану. Біреудің болмағанды болғандай қылып айтуы ешкімге ұнамасы анық. Алайда, ешкімге зияны жоқ, өтірік деуге де келмейтін құрдасыңның қалжыңынан қорқудың қажеті жоқ. Біздің айтып тұрғанымыз қызметте, бизнесте немесе т.б. келіссөз жүргізгенде алаяқтардың алдауы. Ал оның шындықты не өтірікті айтып тұрғанын қалай білуге болады? Егер ешкімге есе жібергіңіз келмесе, мына кеңестерге жүгініңіз.

1. Ол бетін, мойнын, шашын сипай бастайды

Ишарат тілі жалған сөйлеген адамды тауып бере алады. Егер сіздің қарсы алдыңыздағы адам бет-аузын сипаласа, оның барлық сөзіне сене бермеңіз. Оның әр қимылына назар аударыңыз.

2. Бір сөзді қайталай береді

Ол бір айтқан сөзін қайта-қайта айта беретін болады. Бұның себебі, ол қайталап жатқан уақыт аралығында ары қарай не айту керектігін құрастырады. Анығында бір шағын «ертегі» құрайды. Егер оның қылығы өзгере бастаса, алданбауға тырысыңыз.

3. Жауап бермес бұрын іркіліп қалады

Егер ол сіз қойған сұраққа кеш жауап берсе, бұл да бір белгі. Ол бұл аралықта осыған дейін өтірік айтқан тұсын есіне түсіріп алады. Өз-өзін ұстап бермес үшін бәрін еске түсіріп, жауабын сол айтқанына ұйқастырады.

4. Есік жаққа қарай береді

Қалыпты жағдайда әңгіме барысында біз жан-жаққа қарап еркін отыра береміз. Ал өтірік сөйлеп отырған адам ізін жасыру үшін тезірек кеткісі келіп, есікке не сағатқа қарай береді. Сізге тіке қарамауы да мүмкін.

5. Көзін жұма береді

Жоғарыдағы төртінші қағиданы білетін өтірік сөйлейтін адамдар бұны білдірмес үшін көзін жұма беретін болады. Сізге тура қарай алмағандықтан да осылай жасайды. 

Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай айтатындарды осылай тапсаңыз, өз түйсігіңізді шыңдай аласыз. Егер сөйлесіп отырған адамыңыздың бойынан бес қағиданың біреу немесе екеуін байқасаңыз, бұл жай ғана сәйкестік болуы мүмкін. Ал оның қылықтары жоғарыда жазылған өтірікшіге тән 3 қасиетке тура келсе, одан қауіптенуге негіз бар. Өзіңізді де сынап көріңіз. Бірақ есіңізде болсын! Өтіріктің түбі – бір-ақ тұтам.

Е. Жұмабайұлы