- Негізгі бет
- Психология
- 15 минуттық ұйқы...
15 минуттық ұйқы – таптырмас дәрі
Өмірде үлкен жетістікке жету үшін біздің әр күніміз жемісті аяқталуы керек. Ал шаршау, әлсіздік сынды "керітартпалар" еңбегіміздің нәтижелі болуына тосқауыл болады. Ұйқысы қанбаған адамның ешнәрсеге зауқы соқпай, ісінен береке кететіні анық. Ендеше, жетістікке бөгет болған әлсіздікті қалай тежейміз? Шаршамай, талмай еңбек ету үшін не істеуге болады? Бұл сұрақтардың жауабын төмендегі кеңестерімезден таба аласыздар.
Ұйқысыздықтың келбетіңізге әсері
Ұйқысыздық адамның денсаулығымен қатар, бет жүзіне де кері әсерін тигізеді. Көздің кіртиюі, ажарыңыздың сұрғылттануы дұрыс және уақытылы ұйықтамағандықтан болады. Ғалымдардың айтуы бойынша, егер адам ұйықтамаса, түні бойы алмасуы тиіс токсиндер ағзада қалып қояды екен. Соның әсерінен терінің түсі өзгеріп, иммунитет төмендейді.
Ұйқысыздықтың санаңызға әсері
Адам ағзасы күнделікті орындалатын іс-әрекеттерге үйреніп алады. Бұл әрекеттер өзгеретін болса, ағзадағы қант пен холестерин мөлшеріне, сонымен қатар, жүрек соғысына да әсер етеді. Бұның бәрі мидағы нейротрансмиттердің (жүйке ұлпасынан миға импульстерді тасушы биологиялық белсенді зат) деңгейі түсуі мүмкін. Ол ойлау қабілетінің әлсіреуіне бірден-бір себепші болады. Бұл уақытта адам «Қашан ұйықтаймын?» дегеннен басқа ешнәрсе ойлай алмай қалады.
Не істеу керек?
Мұндай жағдайда тез қозғалудың өзі қиын. Ғалымдар жаттығу жасау ағзалардың «тірілуіне» көмектеседі дейді. Суық сумен жуынып, бес минут жүгіру керек. Бірақ бір нәрсені ете ұстау қажет. Ашық аспан астында күннің шуақты кезінде жүгірген тиімді. Себебі, күн сәулесі ағзаның оянуына, көзге пайдасын тигізеді. Сүйікті әуеніңіздің ырғағымен айналып жүгіріңіз. Бұл көңіл-күйді реттейді. Күн сәулесі ағзаның оянуына, көзге пайдасы бар. Күндіз майлылығы төмен тағамдарды тұтыныңыз. Бұл әдістер сананың оянуына тез әсер етеді.
Ұйқысыздықтың ойлау қабілетіңізге әсері
Ұйқы кезінде ми көп қызмет атқарады. Мысалға, күні бойы көрген-білгендеріңізді жадыда сақтау, айқындау, ақпаратты қайта құру сынды жұмыстарды реттейді. Ал бұл әрекеттер сізді ертеңгі күнгі сергектікпен қамтамасыз етеді. Соның әсерінен жұмысыңызда тың ойлармен ерекшелене аласыз. Яғни, күні бойы креативті ой сіздің "серігіңіз" болады.
Түнгі ұйқы шаршаған адамдар үшін аздық етеді. Түс мезгілінде де уақыт тауып, тыныш жерде тынығып алған жөн. 10-15 минуттық ұйқы – таптырмас дәрумен. Оянған соң, аз-кем жаттығу жасап, буын-сүйектеріңізді, ағзаңызды оятыңыз. Кофе, шай ішіп жұмысыңызға кіріссеңіз болады.
Жұмыс кезінде шаршаған адамның жетістікке жетуі екіталай. Сондықтан, тыныққан ағза мен шыныққан дене сіздің өміріңізде үлкен рөл атқаратынын ұмытпаңыз.
Е. Жұмабайұлы