- Негізгі бет
- Психология
- Жан-жақты жігіт қандай...
Жан-жақты жігіт қандай болады? #2
Жігіттердің жан-жақты болуы, әсіресе, әйел қауымы үшін керек дүние. Өйткені олар өздерінің болашақ жарларының әмбебап ер азамат болуын қалайды. Ал жан-жақты жігіт атану үшін бойыңызға қандай қасиеттерді жинауыңыз керек екендігін біз айтамыз.
Кәсіптің көзін білу керек. Кәсіптің көзін, тірліктің тілін, еңбектің ебін білетін ер азаматтардың несібесі көп болады. Қолынан үнемі ақша үзілмейтін олар қай жерден табыс табуға болатынын жақсы біледі. Еркек адам отбасының асыраушысы болғандықтан, оның әр мүшесін керегімен қамтамасыз етіп отыруы керек. Ол үшін жігіт кәсіптің көзін таба білу қасиетін меңгергені дұрыс. Бірақ бір нәрсені ұмытуға болмайды. Ол – кез келген нанды адал еңбекпен жеу. Отбасыңның аузына бұйырған наныңа теріңнің иісі сіңуі керек. Сонда нан да тәтті болады.
Адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алу керек. Өмірде тек білімнің немесе махаббаттың, болмаса ақшаның соңынан қуып, ата-анасымен, туған-туыстарымен және дос-жарандарымен қарым-қатынасын бұзып кететін жігіттер кездесіп жатады. Қанша көкті тіреп тұрған ер адам болсаңыз да, қарым-қатынасты үзбеңіз. Қазақта «У ішсең де, руыңмен іш» деген дана сөз бар. Өз руы мен туын ұмытпай, ата-анасының мейірімі мен рақметіне бөленген ұл да жан-жақты деген атқа әбден лайық. Сонымен қатар, әлеуметтік тобы мен атақ-дәрежесіне қарап бөлінбей, кез келген екі аяқты пенденің бәрін бірдей көріп, бәрімен бірдей қарым-қатынас орнату да жан-жақты жігітке сын.
Сүйікті ісі болу керек. Жан-жақты жігіттің өз кәсібі мен жұмысынан басқа бос уақытта жанын сергітіп, көңілін аулайтын сүйікті ісі болуы керек. Бірі аңшылықты сүйсе, енді бірі балық аулағанды ұнатуы мүмкін. Ал енді біреулері үшін сүйікті іс – театрға бару шығар? Хоббидің түр-түрі болады емес пе? Өзінің сүйікті айналысатын ісі бар адам өмірді шын сүйеді. Олар бос уақыттың қадірін жақсы түсінеді.
А. Әбілхан