- Негізгі бет
- Психология
- Естіге өсек не...
Естіге өсек не керек?...
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз»
Абай нақтылап айтып кеткен мына бес дұшпанмен дос болғанға адам деген атты таңғың келмейді. Біз күн сайын сіздерді осы дұшпандарыңыздан ажыратып алу үшін тырысып келеміз. Ал бүгінгі тақырып – өсек пен сырттан сөйлеу хақында. «Он пәленің тоғызы – тілден» дейді дана халқымыз. Сүйексіз қызыл тілдің айтпайтыны жоқ. Ал тілінің тізгінін тартып, жөнімен ғана сөйлеуді тек ақылды және сабырлылар ғана меңгерсе керек. Тілдің міндеті әлдекімді сыртынан жамандап, өсек айтумен байланысты емес. Адам өз аузынан сөз шығарарда миын да іске қосып үлгере алуы керек. Үлгере алады да... Бірақ кейде адамдар ми мен ақыл-қайраттың көмегіне жүгінбей, тек сайраған тілдің ғана дегенін қылады. Сырттан әлдекімді сөз қылып өсек айтуға дағдыланбауды және осындай әңгімелер жүріп жатқан ортада өзіңді қалай ұстау керегін бірге үйренейік.
Егер қасыңыздағы серігіңіз әлдекім жайында сыртынан әңгіме қозғай бастаса...
Өсек өрілген ортадан мейлінше қашу керек. Бірақ ат-тоныңды ала қашып кетуге кейде жағдай, кейде мүмкіндік болмай жатады. Мұндай кезде тілдің емес, құлақтың көмегіне жүгініңіз. Естіген құлақта жазық жоқ қой. Немесе тыңдап отырған түр танытқаныңыз абзал. Біреу туралы жақсы емес әңгімелер айтылып жатса, оған қосылып кетпеңіз. Бұл сіздің әлсіздігіңізді танытады. Ұмытпаңыз: Құралыңыз құлақ болғанымен, қорғаныңыз – ақыл! Бірақ кез келген естіген сөзді көңілге жеткізіп, жүрекке тікелей қабылдап, сол адам жайында бірден шешім шығара салуға болмайды. Өйткені айтушының аузы – жазықты.
Естіген қызықты әңгімеңізді біреуге айтқыңыз келіп тұрса...
Міне, өсек осыдан өріле бастайды. Бастауы да – сол. Осылайша «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды». «Ешкімге айтпа» деген сөзіңіз әр өсектің «алғы сөзіне» ғана айналып, шаблон тіркес күйінде қалады да, сіз бастаған өсек өрби береді. Өз ішіңізге сыймаған сыр өзгенің ішіне қалай сыйсын?... Егер өзгелерге қатысты қандай да бір дау туғызатын немесе таңдандыратын жаңалығыңыз болса, оны сол адамның өзі айтпайынша, сіз «көрімдік» сұрап айтпай-ақ қойыңыз. Сіз естіген, сіз таратпақ болған ақпараттың жалған болуы да мүмкін. Сондықтан болған жайтты көпшілік сіздің аузыңыздан есімегені дұрыс. Біліп қойған екенсіз, өзіңізге ғана аян болып қала берсін.
Егер әлдекімге наразы болсаңыз...
Мұндайда есікті тарс жауып, арғы жағынан сөйлемеуге тырысу керек. Егер әлдекімге ренжулі болсаңыз және оған айтар назыңыз болса, бетперде киіп сөйлеудің қажеті жоқ. Ренішіңізді бетіне барып айтқаныңыз батырлық пен адалдылықтың белгісі саналады. Оған бәрін бетіне айтып жеңілдеген сырттан сөйлеп, күнә жамылғаннан әлдеқайда жақсы. Әрине, біреудің көңіліне титтей болса да қаяу салмаған дұрыс. Сондықтан оған наз айтарда барынша сабыр мен ұстамдылықты тиімді қолданыңыз. Бәлкім ол әлдебір нәрселерді дұрыс түсінбеген болар. Соның бәрін жақсылап ашусыз түсіндіріп, бірге отырып бұл әңгімеге нүкте қойыңыздар.
Ұқсас жазбалар:
Тест: "Сіз өтірік айтасыз ба?"
Достарыңа қандай жағдайда өтірік айтпау керек?
А. Әбілхан