Арың сақта, болсаң да малға кедей

Арың сақта, болсаң да малға кедей
Фото: Тимур Утешбеков, amur.kz

«Арың сақта, болсаң да малға кедей» дейді Қожа Ахмет Йассауи бабамыз. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов те осы турасында «Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет» деген екен. Біз бүгін жігіт намысы жайында сіздермен ой бөліспекпіз. Жігіттің намысы – оның басты ер азаматтық құндылығы. Ер намысының тапталуы – тауының шағылып, қабырғасының қайысқаны. Намыс тапталмас үшін, таптатпас үшін жігітке не істеу керек?

Білімді болуды міндет сана! Білімі мен танымы жан-жақты сауатты адамдар еш жерден ұтылмайды және еш жерде қор болмайды. Сонымен қатар жан-жақты білімді ер азаматтың намысы ешқашан тапталмайды. Біліммен наныңды тауып жеп, өз қолыңды өз аузыңа жеткізе аласың. Білімің барда надандардан мың саты жоғары тұрасың. Тек сол білімді адамдық жағына пайдаланып, адамгершіліктің туын биік ұстау керексің. Сонда сенің намысыңды ешкім жыға алмайды.

Заңмен дос бол! Әділ заңмен! Заң жазалау үшін емес, тәртіпке салу үшін шығарылған. Заңды білген және оған бағынған адам өз нанын өзгеге жегізбейді. Біреудің де нанын тартып жемейді. Заңды білу арқылы кез келген істің көлеңкелі тұсын да, ұтымды тұсын да көруге болады. Өзіңе жасалған әлімжеттік үшін де, моральдық және физикалық ауыртпалық үшін де, кінәлі адамның жауап беруі үшін заңға жүгінесің. Намысыңды өзгелер таптап, бәлсінбеу үшін заңнан қорған табасың.

Ісіңмен абыройлы бол! Күшпен немесе жұдырықпен мықты болуға тырыспа. Абыройды адамгершілікпен жина. Өйткені абыройы асқақатаған адамның намысы ешқашан тапталмайды. Сонда сенің жаныңдағылар сенің жұдырығыңнан қорқатындықтан ғана айтқаныңды істеп зыр жүгірмейді

Адалдық! Тағы да адалдық! Өзгелерден де адалдық күту үшін алдымен өзің де адал болуың керек. Адамдарға адал бол! Бұл да адамшылықтың бір жолы. Адал адамға ешкім кеп соқтықпайды. Пайда тауып, қалталыға жағыну үшін адалдылықты келмеске кетірме. Намысың тапталмас үшін адалдылықтың мәртебесі биік болуы керек.

Жақсы жар таңда. Ер адамның төрдегі басын есікке, есіктегі басын төрге сүйрейтін – әйел. Егер алған жарың өзіңнен өзгеге аңсары ауып, өзіңнен өзгеге көз сала бастаса – намысыңның тапталған сол болар... Сондықтан өмір бойы саған деген сезімін кірлетпеуге сенімді бойжеткенді жар қылып ал. Әйелінің «бұзылуы» ерінің намысын қамшылап қана қоймай, ішін күйдіріп, жүрегін тілімдейді.

Өз ұстанымыңа берік бол! Кез келген жағдайда өз сөзіңнің дұрыстығын дәлелдеп шыға алмайтыныңа сенуге болады. Өйткені әр адам тек өз пікірін ғана дұрыс санайды. Бірақ сен шынымен дұрыс жағын ойла. Өз пікіріңнен айнып, белгілі бір күштің әсерімен айтқан сөзіңді «айтпадымға» шығарып жүрме. «Арын сатқан антұрғанның айтқан сөзі құрсын» деп мұндайлардан Абай да безінген...

Ұқсас жазбалар:

Жігіттікке сын

Сүйгені тастап кеткен жігіттің әрекеті

А. Әбілхан