Сүйгеніңіз неге үнемі ренжи береді? # 2

Сүйгеніңіз неге үнемі ренжи береді? # 2

Жігіттер үшін «болмайтын нәрсе» – қыздар үшін ренжуге тұрарлық үлкен себеп. Жігіттердің көбі өз сүйген қызының не үшін ренжи беретінін білмейді. Ал білгісі келетіндер үшін біз себебін анықтап көруге дайынбыз. Сонымен жалғастырайық, қызыңыз не үшін үнемі сізге ренжи береді?

Басы...

Мүмкін уәдеңізде тұрмайтын шығарсыз?

Сөзін жел ұшырып әкететін адамдарға қыздар ғана емес, бәрі ренжиді. Әсіресе, жігіттердің құр уәдеге әуес болып, айтқанын жасамауы сүйкімсіз көрінеді. Қыздар көбіне уәдеге тез сенеді. Сөйтеді де оймен біраз нәрсені армандап тастайды. Сіздің уәдеңізді орындап жатқаныңызды көзіне елестетіп жүреді, өздерінше. Сосын ол уәде орындалмай қалса, неге ренжімесін?

Не істеу керек?

Егер қолыңыздан келмесе, уәде бермеңіз. Берген болсаңыз, жасаңыз. Әйтпесе бұл сіздің ер азамат атыңызға сын. Уәдеге жағдайыңыз сай болғаны дұрыс.

Мүмкін дұрыс көңіл бөлмейтін шығарсыз?

Махаббатқа керегі де – сол. Маңыздысы да – осы. Өйткені сүйікітіңізге көңіл бөлуді доғарған кезде оның жүрегіне кірбің түседі. Көңіл бөлу деген – уақыт бөлу, сырласу... Бұлар жоқ жерде қызыңызда қандай көңіл-күй болсын?

Не істеу керек?

Қызыңыз үнемі гүлдей жайнап жүру үшін оған үнемі көңіл бөліп отыруыңыз керек. Сонда ол өзін сізге керек екендігін сезінеді, сіздің сезіміңізге сенетін болады. Сүйіктіңізге деп күн тәртібіңізден арнайы бір уақытты бөлуге тырысыңыз. Оған балмұздақ әперіп, бірге серуендеңіз. Өмірінде не болып жатқандығын, ата-анасы мен бауырларының амандығын сұрап, әңгіме-дүкен құрыңыз.

Мүмкін шектен тыс қызғанатын шығарсыз?

Қызын көлеңкесінен де қызғанантын жігіттердің көп екені рас. Болмашыдан бүлік шығарып, көлденең көздінің бәрінен қызғанып, кез келгеннен сезіктеніп жүре берсеңіз де, ол ренжиді. Ол сезіміне жігітін сендіре алмағаны үшін, адалдығына күмән келтіріп, жаман ойға барғаны үшін ренжиді.

Не істеу керек?

Сенім болмай, сезімнен баян болмайды. Сондықтан оған сеніңіз. Нақты айғақпен, дәл дәлелмен ғана оған кінә тағыңыз. Бос қызғаншақтыққа салынғаннан қарым-қатынастың сәні кетеді.

Сондықтан, жігіттер, қызыңыздың ренішіне өзіңіздің де қылықтарыңыздың себеп боларын біле жүргеніңіз абзал!

Сурет: Юлия Королёва

Ұқсас жазба:

Әйел болмысы туралы әзілдер

А. Әбілхан