- Негізгі бет
- Психология
- Алғашқы кездесуде жігіттер...
Алғашқы кездесуде жігіттер жіберетін қателіктер
Алғашқы кездесуге көп нәрсе байланысты. Кездесуге барғанда істеуге болмайтын әрекеттерді айтып өтейік.
Қыз кез келген кездесуге ұзақ уақыт дайындалады. Қобалжиды, үміттенеді. Кездесу белгіленген жерге келген бойда қызға: "Қайда барамыз?" десеңіз, қыздың көңіл-күйі түсіп кетуі мүмкін. Бір сұрағыңызбен-ақ шешім қабылдай алмайтын жан екеніңізді көрсетесіз. Бұдан кейін қыз сізге бір ауыз сөз айтпастан теріс айналып кетіп қалса, таңырқамаңыз. Міндетті түрде кездескен соң өзіңіз жол бастап, сөйлесуге ыңғайлы жерге алып барыңыз. Немесе "Сол жерге барайық, жақсы жер дейді ғой, әлде басқа бір жаққа барғың келе ме?" деп сұрасаңыз да, ұтылмайсыз. Бұл арқылы өз жоспарыңыз бар адам екеніңізді танытып қана қоймай, оның да ойы маңызды екенін ұқтырасыз.
"Осындай сұлу қыз неге әлі жалғыз жүр?". Бұл сұрақты кинодан көп естиміз. Шын мәнінде қыздар дәл осы сұрақты иттің етінен жек көреді. Өйткені кез келген адам жүрегінің жартысын тауып, бақытты ғұмыр кешкісі келеді. "Оқу, сабақ, жұмыс, уақыт жоқ" деген жауап – тек ақталу ғана. Сондықтан осы тектес сөздерге абай болыңыз. Егер оған сыртқы келбетіне қатысты жағымды сөз айтқыңыз келсе, "құлпырып тұрсың" немесе "әдемі екенсің" деуге болады.
Қобалжып тұрғаныңызды айтпаңыз. Қыздың көз алдында кез келген еркек – тіреу бола алатындай мықты жан. Сізді де түсінуге болады, әрине. Қобалжып, бір орныңызда тұра алмай, аузыңыздағы сөзді сасқалақтап айтуыңыз мүмкін. Ол кешірімді болса да, "қобалжып тұрмын" десеңіз, қыз өзін кінәлі сезініп, сізді жұбатуға кіріседі. Одан кейін араларыңызда махаббатқа ұласатын жақын қарым-қатынастың болуы мүмкін емес.
Назар аударыңыз. Кез келген қыз жігіт тарапынан қамқорлық сезінгісі келеді. Егер сіз кездесіп алып, басқа нәрселерге алаңдап кетсеңіз, оған көңіл бөлмей қойсаңыз, қыз іштей "неге келдім?" деп өкінумен болады. Алғашқы кездесуде қызды ұнатсаңыз, оған барынша қамқорлық танытып, назар аударыңыз, қызығушылық танытыңыз.
Ұялы телефон. Бұл құрылғыға қайта-қайта шұқшию әдеті бәрімізде бар. Бірақ алғашқы кездесуде телефоныңызға тыным таптырмасаңыз, ол әрекетіңізге қыз қуана алмайды. Егер ол ұялы телефонын қолынан тастамай отырса, сіз де ұнатпас едіңіз.
Оған сұрақ қойып, жауабын күтпестен, басқа әңгіме айтып кетпеңіз. Бұл сіздің өзімшілдігіңізден хабар беріп, қызды ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Оның жауабын мұқият тыңдаңыз. Кездесу кезінде қыздың өзі де көп сөйлемеуге тырысады.
Қызбен кездесіп отырып, өткен-кеткен бейтаныс қыздарға көз тоқтатып қарамаңыз. Сеніңіз, бұл – қыздың намысына тиетін әрекет. Одан бөлек, қыз сізді жүргіш, тұрақсыз адам деп ойлап қалуы мүмкін.
Өткен өміріңізді шектен тыс айта бермеңіз. Одан өткен өмірін қазбалап сұрамаңыз. Өз өміріңіздің өткен шағын айта беру қызды жалықтырады және сіздің әлі де "бұрынғы қызыңызға" көңіліңіз бар екенін білдіреді.
Қызды сүюге, құшақтауға ұмтылмаңыз. Оған қатты жақын жүрмеңіз. Ара қашықтықты қатаң сақтаңыз.
Кездесу барысында:
- барынша ашық-жарқын, көңілді болуға тырысыңыз, күлімдеңіз;
- тәкаппарлық танытпаңыз, мақтанбаңыз;
- барлық шығынды өз қалтаңыздан өтеңіз;
- оны мүмкіндік болса, үйіне дейін жеткізіп тастаңыз немесе таксидің есігін ашып, отырғызып жіберіңіз;
- ол қыз сізге ұнамай қалса да, мәдениетті жігіт екеніңізді көрсетіп, жылы қоштасыңыз.
Сурет: mobilmusic.ru
Ұқсас жазба:
Р. Роза