- Негізгі бет
- Психология
- Барнум эффектісі туралы...
Барнум эффектісі туралы не білесіз?
1948 жылы психология ғылымдарының профессоры Бертрам Форер студенттерге тәжірибе жасап, психологиялық теорияның негізін ашты.
Ол аудиторияда отырған бір топ студентке мәтіні бар бір-бір парақтан таратады. Профессордың айтуынша, ол таратылған бағалау парағы арқылы әрбір студенттің мінезін анықтамақ болған. Расында Бертрам мырза ешқандай талдау жасауды мақсат етпеген болатын. Профессор жәй ғана жұлдыз жорамалдан алынған бір мәтінді барлығына таратып берген еді. Мәтіннің мазмұны шамамен мынадай болған:
«Сіз өзгелердің махаббатына және сізді үнемі мақтан етулеріне мұқтажсыз. Сіз өзіңізді көп сынау арқылы бойыңызда әлі ашылмаған қасиеттеріңізді көрсете аласыз. Әйткенмен де, сіздің де кемшіліктеріңіз жоқ емес. Сіз тәртіпке мойыған, сырт көзге сенімді болып көрінгеніңізбен, іштей уайымға бой алдырып, сенімсіздікке де барасыз. Сіз кейде өзіңіздің дұрыс шешім қабылдағаныңызға сенімсіз боласыз. Сіз кез келген жағдайда тәуекелге бел бууға бейім тұлғасыз. Сондай-ақ, сіз жеке пікіріңізге қарсы келген адаммен таласуға дайынсыз, бірақ жиі-жиі біреудің ойымен жеткілікті дәлелі болмаса да, келісесіз. Ал кейбір өмірлік мақсаттарыңыз реалистік тұрғыдан қисынға келе бермейді».
Сосын профессор Бертрам студенттердің өз мінезінің мәтіндегі мінездемеге қаншалықты жақын екенін бес балдық межемен белгілеп берулерін сұрайды. Орташа есеп 4,26 балл болады. Кейін бұл эксперимент көп рет қайталанып, бірдей нәтиже көрсете беріпті. Осылай Бертрам Форер адамның мінезін анықтау үшін белгілі бір ғылымның маманы болу шарт емес екенін дәлелдеді. Бастысы болжамның арнайы сол кісіге арналып жасалғанын және оны анықтауда білікті ғалымдар мен психологтардың қатысқанын айту керек. Сонымен қатар, болжалған мінездемеде адам баласына ортақ тіркестерді пайдаланып, ойдың нақты және негативті болмауын қадағалау керек.
Бұл адамды психологқа, астрологқа, экстрасенске немесе ертеңгі күннің болжамына сендіру үшін жеткілікті болмақ. Бұл құбылыс психологида Барнум эффектісі деп аталады.
Оқи отырыңыз:
Бейтаныс адам туралы бірер секундта не айтуға болады?
Балаңыз бақытты болсын десеңіз...
Уақыттың ұшқыр ойлауымызға тигізер пайдасы
Бокс патшасы Алидің өмір жайында айтқандары
Ж. Өрісбай