Ертерек ескеретін өмірлік ережелер

Ертерек ескеретін өмірлік ережелер

Ересек адам мен сәбидің қандай айырмашылығы бар? Ересек адам - өмірдің бар ащы шындығынан хабардар адам. Өзінің өмірлік тәжрбиесін тағдырдың сабағынан жинаған ол Аяз Атаның болмайтынын білген күннен бастап, өмір тек ақ жолақты ғана емес екендігіне бірден көз жеткізеді. Мұны ерте түсінетіндер де бар. Оларды "ерте есейгендер" деп жатамыз. Біз осы жазбамыз арқылы ертерек ескеруге тиіс өмірлік ережелер жайында айтып өтпекпіз.

* "Қалай бірден бақытты, әрі табысты болуға болады?" деген сұраққа саған ешкім жауап бере алмайды. Сұрақтың жауабын білгендер де еш нәрсе айтпауы мүмкін. Әрине, ғаламтор беттерінде бақытты болудың талай сыры жазылған. Көбі өз өмірінен алып жазады. Бірақ бұл сенің ғана өмірің. Сенің өмірің өзгеден өзгеше болуы да мүмкін. Адамдардың бәрінен бірдей дұрыс ақыл күтпе. Мың түрлі айласы бар жандар да сенімен қатар өмір сүріп жүретіні есіңде болсын.

* Кез келген жеңіл жол дұрыс бағыт сілтемейді. Өз қалаған ісіңмен айналысып, басқаға қол сілтей салған оңай, әрине. Өмірдегі оп-оңай тірліктің бәрі жақсы жағынан келмейтінін ұмытпа. Кейде соқпақты ауыр жолдар да дұрыс іске бастайды. Өз дегеніңе жету үшін тек өзіңе ұнайтын ісіңді ғана жасау аздық қылады. Табыс та, тәжірбие де оңай жолмен келе салмайды. Ал оңай жолмен келсе, берекесі болмасы анық.

* Кейде көпшіліктің пікірі бәрін құртуы да мүмкін. Бірақ солай екен деп көптің пікіріне мүлде құлақ аспай кетпе. Олармен үнемі санасып отырғаның өзіңе жақсы. Тіпті көптің ойы саған маңызды болмай болғанның өзінде, олардың ойының деңгейін бағамдай аласың. Кейбір адамдар мүлде қызық ойлайды. Оны білу езуіңе күлкі үйіреді.

* Сені биіктететін де, төмендететін де айналаңдағы адамдар. Қаншалықты ақылды, жолы болғыш, мықты адам болғаныңмен, қасыңдағылардың қолдауынсыз ешкім емессің. Кез келген танымал тұлғаның көлеңкесінде оның жары, досы немесе бүтін бір топ бар. Тек жаныңдағыларды аса мұқияттылықпен сұрыптап ал.

Жалғасы бар...

сурет: es.forwallpaper.com

А. Әбілхан