- Негізгі бет
- Бозбала
- Нива көлігі қалай...
Нива көлігі қалай пайда болды?
Волж көлік зауытында УАЗ-2121 Нива автокөлігі 1977 жылы 5 қыркүйек күні алғаш шығарылды. 1970 жылы құрастырыла бастаған бұл машина әлемдегі жол талғамайтын үздік көліктер қатарында.
Ауыл арасында "әкімнің арбасы" деп аталып кеткен Нива автокөлігі қазақ даласына ХХ ғасырдың соңғы жартысында келді. "Победа", "Волга", "Москвич" маркаларынан кейін халық арасында ең көп қолданыста болған Нива қазіргі күнге дейін көлік нарығынан шыққан жоқ. Ең алғашқыда әскери қызметтік көлік болып құрастырылғаннан кейін оны қарапайым халық қолдана алмайтын. Мотордан шығатын үні де құлақ жарарлықтай қатты шығатын. Уақыт өте келе осы мәселе бірнеше трактаттардың жазылуына себепкер болып, қатты дауыстан арылу жолы табылды.
Нива деп аталуының да өзіндік тарихы бар. Бұл автокөлік идеясының авторы КСРО-лық қарапайым көлік құрастырушылар. Ұл-қыздарының есімінің алғашқы әріптерін кезектестіріп қою арқылы «Нива» деген атау шыққан. Біреуінің Наталья, Ирина деген қыздары болса, екіншісінің Вадим, Андрей деген ұлдары болған екен.
«Ауыл автокөлігін» дамыту тапсырмасы бойынша дүниеге келген машина бастапқыда «Жигули» көлігінің жаңа түрі ретінде шығарылады деп ойластырылған. Алғашқы шыққан Ниваның сексен пайызы экспортталып жатты. Қалған жиырма пайызға кіретін машинаны сатып алу үшін Одақтағылар бірнеше күндер бойы кезекке тұрып күтетін.
Көлік құрастыруда мол тәжірибеге ие еуропалықтар бұл көлік маркасын алғашқыда мойындамады. Алайда 1979 жылы Еуропада қыс қаһарына мініп, қар қалың түсті. Қарапайым жеңіл көліктер қарлы жолмен жүре алмай, жүргізушілерге қиындық туғызды. Тек джиптері бар қалталылар ғана бұл қиындықты сезінбеді. Осындай сәтте Нива көлігі қарапайым халық үшін өте тиімді әрі қолайлы машинаға айналды.
Қазіргі таңда ширек ғасырдан аса тарихы бар Ниваның жалғасы зауыттардан тоқтаусыз шығып жатыр. «Чевролет-Нива», «Урбан» деп аталатын тарихи көліктің жалғасы да жаңа ерекшеліктерімен көлік тұтынушыларын қуантып жүр.
А. Қажиев