Қызылордада «Алтын күз-2015» мерекесінде жаңадан ипподром ашылып, ат бәйгесі өтті. Шараға аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысып, облыс жұртшылығын мерекемен құттықтады.
Облыс орталығында жаңадан пайдалануға берілген ипподром мемлекеттік жеке-әріптестік аясында «ҚазГерМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаржысына халықаралық талаптарға сай салынды. Мұнда ат спорты түрлерін үйрететін үйірмелер жұмыс жасайды. Енді аймақта жоғары деңгейдегі жарыстар өткізіп, ұлттық спортты ұлықтауға мүмкіндік бар.
– Қазақта атқа байланысты теңеулер, әндер, жырлар көп. Бұл жылқы жануарын киелі санағанның белгісі. Республикалық жарыстарға облысымыздан қатысқан ауыздығынан жел ескен, асыл тұқымды «Император», «Қара қыз» секілді тұлпарлар ел аузында аңыз болып айтылып жүр. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа ипподромда сол сәйгүліктердің ізін жалғайтын тұлпарлар шығатынына сенімдіміз. Мереке баршаңызға құтты болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Күні кеше облыста егін жинау науқаны аяқталды. Диқандар биылғы жылды табысты аяқтады. Солардың арасындағы үздіктері мереке қарсаңында марапатталып, автокөлік кілттері табысталды.
Ат бәйгесі үш түрі бойынша өтті. Жарысқа Алматы, Шымкент, Тараз және Қызылордадан 42 сәйгүлік қатысты. Құнан бәйгеде шиелілік Маханбет Майлыбайдың «Реана» атты жылқысы топ жарды. Шабандозы Медет Есентұр. Ал, қызылордалық Сабырхан Ерасыл шапқан «Дарабоз» атты сәйгүлік тоқ бәйгеде шашасына шақ жұқтырмады. Аттың иесі – Бақтияр Бекежанов. 25 шақырымға созылған аламан бәйге жарыс көркін қыздырды. Көрермендердің қиқуы, сәйгүліктерге шабыт берді. Бұл сында қызылордалық «Айторы» есімді жылқы жеңімпаз атанды. Шабандозы Ерболат Досжанов, ат иесі – Талғат Киікбаев. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.
Дереккөз: Еl.kz