Қазақ бағзы заманнан тау асып, тас басып, судың тұнығын, шөптің шүйгінін іздеп мал шаруашылығымен шұғылданып келгені тарихтан белгілі. Сол кезде төрт түлігін күйлі бағумен бірге жапан даладағы таңы жыртылған дала аңдарын қақпан және тұзақ құрып, тазымен аулады. Садақ тартып, мылтық атып мергендікті де кәсіп еткен бабаларымыз еті халал аңдарды азық ете білді. Кейбірінің терісінен киім тігіп кисе, кей түз жануарларын қолға үйретті. Соның ішінде зеңгір көкті шарлаған қыран құстың аң-құс аулайтын тегеурінді тұяғы мен қырағылығын байқағап, оларды амал-айламен ұстап, қолға қайыра білді. Түз тағысын баптап қана қоймай аңға салып қызығына шомды. Аулаған қасқыр, түлкі, елік, үкі сияқты хайуанаттарды игіліктеріне жаратты. Түлкі ішік, қасқыр ішік, түлкі тымақ, үкілі тақия сияқты ұлттық киімдерге терісі бағалы аңдарды пайдаланды. Бай ауылдың азаматтары сәнді киініп, қыран бүркіттерін қолға қондырып, тазыларын ертіп «Салбұрынға» шығатын болған. Алған түлкілерін бір-бірінің қанжығасына байлайтын қағиданы қалыптастырған. Жеті қазынаға кіретін қыран бүркіт, ұшқыр тазы, жүйрік ат, берен мылтықты жігіттің қырсығын алады, отбасына бақыт әкеледі деп санаған.
Қыранның түр-түсі:
Түсі біршама сарыға жақын құсты «Сары құс» немесе «Қара қоңыр құс», ал иығында ақ жүні барларын «Ақиық» деп атасқан. Ең мықты қыран бүркіт басынан қар-мұзы кетпейтін тауларда жасайды. Қазақ оларға «Мұзбалақ», «Қандыбалақ» деп ат қойған. Мұзбалақтың қайсар күші арланға, арқар, киіктерге емін-еркін жетеді. бұндай құстар тау басында қатты дауыл тұрғанда етектерге түседі. Шебер құсбегілер осы кезді пайдаланып тор құрып ұстап алып жатады.
Түз қырандарын ұстаудың тәсілі:
Тор құрып ұстау. Ені екі, ұзындығы төрт метрдей мөлшердегі иірілген жіпті кереге көз етіп тоқып шығады. Осы тоқылған торды таудың баурайындағы алаңқыға он шақты жіңішке талмен тітеп, дөңгелетіп құрады да ішіне өлексемен қоса тірі кезқұйрықты байлап қояды. Мұндағы себеп: кезқұйрық өлексені жеп жатыр екен деп түсінген аш қыран аспаннан ағылып келіп құлайды да, торға оралып қалады. Осы сәтті күзеткен саятшылар «көктен күткенін жерден» қағып алады.
Қақпан құрып ұстау. Бұл қақпан бүркіт қақпаны деп аталып бір серперлі болып жасалады да қанды аузына құрым кигіз оралып жерге жирма санты мөлшерінде жасырылып, қақпан бетіне шоп – шалаң шашып сезіктенбейтіндей етіп қояды. Қасына малдың өлексесі тасталады. Ал қақпанның шынжыры да елу санты метір аралыққа жасырлып темір қазық мықтап қағылады. Өлексеге келген түз тағысы жасырлған қақпанға түсіп оңай ұсталып қалады.
Ұядан ұстау. Бүркіт ұясын көбінесе құзар шыңдардың ұшар басындағы жартастың қатпарына салады. Сондықтан да ұядан балапан алу оңайға түспейді. Бүркіт тұяғы өткір, ашушаң жыртқыш құстардың қатарына жататындықтан адамды зақымдап қоятындары да болады. Сондықтан да қыран тамағын іздеуге кеткен сәтті бақылап отырып икемді, батыр азаматтар тепе-теңдігін сақтап, тасқа соғылмауы үшін қайыс арқанмен арқасына керегенің бір бөлігін, ал кеуде жағына сырық байлап ұяға түседі. Кейде ұшуды үйреніп, қанаты қатайып қалған балапандар болса арқанға жалбырлайтын заттар байлап ұядағы балапанды үркітіп ұшырып жібереді. Алысқа ұзап ұша алмайтын жас балапан шаршап қалады да тау етегіне түсіп, қайта көтерілуге шамасы жетпей адамдарға қолды болады.
Сондай-ақ, жазықтағы өлекселерге түсіп, тояттап ұша алмай қалған қыран құсты жүйрік атпен қуып та ұстайды. Қыранды ұстаудың тағы бір жолы – түнекте отырған құстың көзіне қол шаммның (фонарик) жарығын ұзақ түсіріп, жанарын жасыту арқылы құрық салып та ұстайды.
Қыранының қанат-құйрығы мен саусақтарының аталуы:
Бүркіттің қанатының шеткі ұзын қаурсындарын шалғысы, құйрығының ортасындағы екі қабат алды қауырсынын көбесі, қалғандарын жебесі деп атайды. Аяғы төрт саусақты болады. артқысын тегуіріні, ішкісін жембәсәр, ортанғысын сығымы, ал шеткісін шеңгелі дейді.
Қыранның жасына қарай аталуы:
Бүркіттің еркегін шәулі, ұрғашысын ұябасар деп атайды. Ал бүркітті жасына қарай балапан немесе сары ауыз, тірнек, тәстүлек, құмтұлек, көктүбіт, майтүбіт, ана, қана, балабаршын, шөгел дей келіп осыдан кейінгілерін жасамыс, кәрі бүркіт деп атайды. Бүркіттің аналықтары төрт жасқа, яғни, құмтүлегінен бастап жұмыртқалап, балапан шығарады.
Бүркіттің мүліктері:
Аяқбау. Иі қанған қайыстан алты таспа етіп өріп, 50 см мөлшерінде бау жасайды да, оның басына үш елі жалпақ құрым тігеді. Құрымның сыртын оюлап, ортасына күмісорнатады да бүркітің жіліншігіне мықтам байлнады.
Шыжым. Аяқбауға тағылатын екі құлаш айналасындағы екі еліге жетпейтін қайысты шыжым деп атайды. Бұны қыранды тұғырға отырғызғанда жанама қағылған қазыққа мықтап байлайды. Ал ұшырған кезде шыжымын шешіп алып, аяқбаумен қоя беріледі.
Томаға. Бүркіттің басының үлкен-кішілігіне қарай тас ұлтаннан қиып тігіліп төбебәу жасайды, сәндік үшін әрбір жеріне күмістер орнатылаы. Қыранға томаға салудағы мақсат – айналасындағы жан-жануарға албаты ұмтылмауы үшін.
Биялай. Ертеде елік текесінің мойын терісін малмаға салып иін қандырып, бір басбармақ пен төрт саусақ қос-қостан сиятын етіп тігілетін қолғап. Мұндай мойын теріден жасалған биялай қолғаптан қыранның тұяғы тесіп өте алмайды да адам қолына зақым келмейді. Қыс күндері биялайдың ішінен кигіз қолғап қосып киіледі.
Түтік. Қыран жем жегеннен кейін мөлшерлі, өлшем бойынша түтікпен су үрлеп кеңірдегіне құятын құрал. Бұл құрал ертеде құмайдың қанат топшысының жілігінен жасаладған. Бұл жілік құрғағаннан кейін өте майда, сылық болады. Қыранның кеңірдегін жараламайды.
Балдақ. Таудың қызыл талы, қайың сияқты ағаштан ашалап бір қол емін-еркін сиятындай етіп, қолдың білезігі келетін жерге құрым ұлтан алақан тартып жасайды да рең беріп бояп, күмістер тағып әшекейлейді. Ол ердің алдыңғы жағындағы яғыни қамшылар жағындағы қол қанжығаға бекемдеп байланады. Құсбегілер атқа мінгенде балдақты қолына қойып, биялайын киіп қыранды қолына қондырып алады. Балдақ-саятшы салбұрынға, ұзақ сапарға шыққанда қолдың талу, ұйуынан сақтайды.
Тұғыр. Қайың, қарағай, тал сияқты ағаштардың үш аша тамырынан жасалып, қыранды қондырып қоятын негізгі құрал.
Қыранды түлекке байлау:
Қыран түлекке сәуір айынан қазан айына дейін арқандалады. Бұл кезде қыран еркін түлеу үшін шыжым, аяқбау, томағалары түгел алынып жылқы қылынан ескен жіппен қыранның тегеуірінінен кесіп кетпейтіндей мықтылап байлап көл, бұлақ бойларындағы саздау жерге қазыққа айлансоқ төңге орнатып, арқандап қояды. Бұл кезде жемді қолдан жегізбейді, өлген малдың таза өлекселерін, сүріленген ет және мойын еттерді көк шымға тастап беріп азықтандырып отырады. Осылайша, қыранның еркін тарану, су ішу, азықтануына жақсы орта жаратып береді. Бұл кезде қыран жабағы жүндерін тастап, сынған қаурсындарын тарап жүнін жетілдіріп, денесін сергітіп түздегі күйіне келеді. Айтуларға қарағанда ертедегі мықты құсбегілер қыран құстарын өз қолымен отыз рет түлетіп, өмірлік серігі еткендері де бар екен.
kaskir.wordpress.com