- Негізгі бет
- Бозбала
- ҚР Әскери-теңіз күштерінің...
ҚР Әскери-теңіз күштерінің міндеті қандай?
Бабадан қалған сайын даламыз бен бүгінгі бейбіт, тәуелсіз еліміздің қорғаны һәм тірегі – әскери қызметкерлер. Әскери сала алға баспайынша мемлекет алға баспақ емес. Айбынды қазақ армиясы құрылғалы 26 жыл болды. Осы уақыттан бері ел тыныштығын күзеткен сақшылар берекелі де нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. Олар жайлы, олардың еңбегі, қызметі, жекелей саласы жайлы мақтауын асыра жазу да артық емес. Бүгін көпшілік қауым біле бермейтін ҚР Қарулы Күштерінің ішіндегі әскери-теңіз күштері жайлы жазғанды жөн көріп отырмыз.
Еліміздің Қарулы Күштері аса айбынды деп айтуға толық негіз бар. Соның ішінде, армия қуаттылығына айтарлықтай үлес қосып тұрған – Әскери-теңіз күштері. Қарулы күштердің бұл түрін қалыптастыру жоспары еліміз алғаш егемендік алған кезеңде ойластырылды. Әскери-теңіз күштері 1993 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Алғаш рет Ақтауда әскери-теңіз базасы пайда болды. Ал 1999 жылдың шілдесінде бұл әскери-теңіз базасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдерінің құрамына кірді.
ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері 2003 жылдың 7 мамырында қарулы күштердің жеке түрі есебінде қалыптасты. Бұл әрекет Елбасының «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөнiндегi шаралар туралы» №1085 Жарлығымен жүзеге асты.
ҚР Қарулы Күштерінің жоғары Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылдың ақпанында Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына жауынгерлік туды салтанатты түрде табыстады.
Бүгінде Әскери-теңіз күштерін дамыту, саланы жандандыру мақсатында мамандар дайындау, заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету сияқты бірқатар жұмыстар басты назарға алынып, бұл бастамалар жоспар бойынша жүзеге асуда. Еліміздің әскери теңізшілері Түркия, Корея, Германия, Пәкстан, Ресей, Әзірбайжан мемлекеттерінде білімдерін тереңдетіп, тәжірибе жинауда.
Орал қаласындағы «Зенит» зауытында әскери кемелер жасалады. Бұл зауыт ҚР Қорғаныс министрлігінің тікелей тапсырмасы бойынша жұмыс жасап жатыр. Осы уақытқа дейін зауытта отандық кемелер мен катерлер жасалып, сапалы дайындалған әскери көліктер қолданысқа берілді.
Әскери-теңіз күштерінің негізгі мақсаттары:
– Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау;
– Агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға атсалысу;
– Порттық аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қаса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету;
– Суасты-диверсияға қарсы қорғаныс жүргізу;
– Құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету, теңіз десантын түсіруге жағдай жасау, әскерлер мен материалдық құралдарды тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру;
– Еліміздің ӘШҚ мүддесінде теңіздегі радиолокациялық бақылауды қоса алғанда барлау қимыдарын жүргізу;
– Халықаралық келісімдерге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспий жағалауы мемлекеттері әскери-теңіз күштерімен бірлескен тапсырмаларды орындау;
– Мұнай құйылған және басқа да азаматтық кемелерді шығарып салу. Теңізде жүру қауіпсіздігін навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету;
– Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікпен бірлесе теңізде іздестіру-құтқару жұмыстарын іске асыру;
– Қарулы Күштердің бөлімдері мен құрамалары және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері, әскери құрылымдарымен бірлесе оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау;
– ҚР ҚМ Әскери-теңіз институтының базасында әскери-теңіз мамандарын даярлау;
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына табиғатты қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жою барысында көмек көрсету.
А. Қажиев