Қазақ жауынгерлері америкалық генералдарды тәнті етті

Қазақ жауынгерлері Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік операцияларын орындауға дайын. Алматы облысында өткен «Дала қыраны» әскери жаттығуына куә болған америкалық генералдар осындай баға беріп отыр. Олар тіпті, сарбаздарымыздың үш тілде еркін сайрап, бұйрықтар мен тапсырмаларды дәл орындағанына қайран қалды, - деп хабарлайды Nur.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Сценарий бойынша, наразылық білдіріп атойлап шыққан жұртқа сарбаздар алдымен «тарқаңдар» деді. Бірақ бұған ешкім құлақ асар емес. Бас-көз демей, жаунгерлердің өздерін төпелеп жатыр. Болмаған соң, сақадай сай тұрған сарбаздар да әрекетке көшті.

Бұл Алматы облысының Іле полигонында өтіп жатқан «Дала қыраны – 2015» жаттығуының бір бөлігі ғана. Мұнда елімізден бөлек АҚШ, Ұлыбритания, Непал, Ауғанстан, Қырғызстанның әскерлері жиналған. Барлығының мақсаты бір – бөгде ел сарбаздарымен бірге бітімгерлік операцияларын бірлесіп жүргізуді үйрену.

“Биылғы жылдың маңызы біздің әскерлерімізге емес, командалық-штабтық жаттығуларға көңіл бөлудеміз.  Әскери шешім қабылдау процесін үйрендік бірінші кезеңде. Сол кезеңді қазір практикалық ретінде өткізудеміз”, – дейді Қазақстан бітімгерлік батальонының командирі Аян Нұрқасов.

Сарбаздарымыз шетелдіктерден үйренгенін іс жүзінде көрсетпек болды. Онысы штабта ағылшын тілінде бұйрық беруден басталды. Сценарий бойынша, «Блаудланд» әскери аймағына шабуыл жасалған. Оған тойтарыс беру үшін бірнеше елдің жауынгерлерінен құралған әскери жасақ жұмсалмақ.

Орталық штабтан бұйрық алған жасақ шалт қимылдап, тапсырмаларын орындай бастады. Осы жаттығуды бастан-аяқ бақылаған америкалық генералдар қазақ сарбаздарының қимылына таңдай қақты.

“Осындай бірлескен жаттығуларды өткізіп келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. «Қазбат» жауынгерлері бұл жолы да дайындығының жоғары деңгейде екенін көрсетті. Олар БҰҰ аясындағы бітімгерлік шараларының негізгі мақсатын жақсы түсінеді және тапсырмаларды дәл әрі тиянақты түрде орындайды”, – дейді АҚШ Құрлық әскері орталық басқарма бастығының орынбасары Уильям Хикман.

Бұл жолы жаттығуларға қатысқан елдерден бөлек, Түркия, Моңғолия генералдары бақылаушы ретінде келіпті. Демек, алдағы уақытта «Дала қыранына» қатысушы елдер қатары арта түсуі мүмкін.