Нәтиже болу үшін аптасына қанша рет жаттығумен шұғылдану қажет?

Нәтиже болу үшін аптасына қанша рет жаттығумен шұғылдану қажет?
Фото: pixabay.com

Жаттығу залына барып жүрсеңіз, қандай да бір нәтиже болғанын күтесіз. Өзіңізді сергек сезініп, құлшынысыңыз арта түседі. Ал өзіңіз күткен нәтиже болмаса, көңіл-күй де түседі. Демек бір нәрсені дұрыс жасамай жүрмін деп ойлауыңыз мүмкін.

Жаттығуды әркім әрқалай жасайды. Біреу бастапқыда күнде, енді біреу күнара барады, енді біреулер аптасына бір рет қана барады. Әйтеуір барып жүрген соң, бір өзгерісті күтеді.

Жаттығу залына қанша барып жүргенмен, шынығуда белсенділік пен табандылық болмаса, пайдасы да жоқ. Құр сүлдеріңді сүйретіп барып қайтқаннан нәтиже шықпайды. Дұрысы жаттығуларды ретімен әрі "таза" орындау қажет.

- Аптасына екі рет немесе бір рет барғаннан нәтиже болуы екіталай. Ең дұрысы күнара жаттығу жасау пайдалы, - дейді Техас университетіндегі медицина бөлімінің мамандары. Себебі жаттығудан кейін ағза 48 сағат ішінде қалпына келіп, ақуыздардың ыдырауы да жоғарылайды екен.

Нәтиже ұзақ уақыт жаттығудан кейін ғана болады. Бір апта, болмаса бір айға жетер жетпес уақытта бар нәтижеге қол жеткізіп үлгеру қиын. Жаттығуды жарты сағат болса да, беріліп жасау керек.

Жаттығуларды бөліп жасау да маңызды. Бастапқы күндері бас, мойын мен иыққа арналған жаттығуларды жасасаңыз, кейіннен бел мен аяқты шынықтыруға ден қойсаңыз болады.

Н. Үсенова