Жігіттер қалай тамақтануы керек?

Жігіттер қалай тамақтануы керек?
Фото: MagicWorld.su

Көп жағдайда жігіттер қыздарға қарағанда өздерінің рационы жайлы ойланбайды. Олар қуырылған ет, картоп, гамбургер, бутерброд, газдалған, энергетикалық сусын секілді зиян тағамдарды ойланбай іше береді. Олар қыздар секілді ұйықтар алдында тамақтанбау туралы мүлдем бас қатырмайды.

Сіздің рационыңызда жасұнық көп мөлшерде болуы керек

Жігіттер тамақтанғанда күш жинауға көп мән береді. Сол себепті сізге құрамында жасұнық (клетчатка) бар тағамдарды рационға қосу керек. Жасұнық таңғы ботқаларда, көкөністерде, сұлы жармасында, орамжапырақта, сәбіз бен қызылшада көптеп кездеседі. Бұл тағамдар күнделікті жейтін асыңыздың құрамында болғаны дұрыс.

Ішімдіктен бас тарту

Жігіттердің артық салмағының басты себебі – ішімдік, дәлірек айтсақ, сыра. Алкогольді сусындардың калориясы кез келген қуырылған майлы тағамнан артық болады. Ішімдіктің мүлде жақсы қасиеті жоқ екені бәріне белгілі, сол себепті одан бас тартуға шақырамыз.

Ақуыз – күш пен қуаттың қайнар көзі

Ер кісі сау әрі мықты болып сақталуы үшін күнделікті белгіленген ақуыз шамасын қабылдауы керек. Басты ақуызды тағам ет екені белгілі, сондықтан жігіттерге ет тағамдары ауадай қажет. Әрине, қуырылған ет пен шұжықтарды бұқтырған, буда пісірген тауық не сиыр етімен алмастырған жөн. Өсімдік ақуыздары жайлы да ұмытпаңыз: бұршақ, жасымық түрлері тойымды да пайдалы келеді.

Тәттіден мүлдем бас тартпаңыз

Арықтау мен тәттіден бас тарту синоним сынды. Тәттілердегі көмірсулар, ал дәлірек айтсақ, глюкоза ерлерге өте қажет. Әсіресе, сабақ оқитын немесе ой еңбегімен жұмыс жасайтын жігіттер ағзадағы көмірсулар қорын әр уақыт толықтырып отыру керек. Бірақ тәттілердің арасында кәмпиттерге қарағанда табиғи шоколад немесе қолдан жасалған тосап жағылған нан кесегін таңдағаныңыз жөн.

Кальций бұлшық еттер мен сүйектерге қажет

Жігіттерге қыздар сияқты арық болу жеткілікті емес, ерлер үшін денесінің шымырлығы, саулығы да маңызды. Ал ол үшін сізге кальцийден артық еш нәрсе жоқ. Сүзбе, ірімшік, айран сынды сүт өнімдерін күнделікті жеу шарт. Ал балық және теңіз өнімдері кем дегенде аптасына 2 рет дастарханыңызда болуы керек.

Фаст-фудтан бас тартыңыз

Қыздарға қарағанда жігіттер фаст-фудты сүйіп жейді. Өздері тамақты аса жақсы әзірлей білмегендіктен, сырттан тамақтанғанды жақсы көреді. Кетчуп пен майонез қосылған фри картобы, гамбургер, дүкеннің тұшпарасы, донер сынды тағамдар артық салмақтың бірден-бір себебі. Дәл осы пайдасыз тағамдарды тастап, салыстырмалы түрде дұрыс тамақтана бастасаңыз, кәдімгідей арықтай аласыз...

Г. Берік