Қазір әскерде қызмет ету мен әскерге шақыру қаншалықты қауіпсіз? Баласын әскерге аттандырған ата-ана амандығына үміт арта ала ма? Әскердегі қауіпсіздік туралы бұл сауалдарға Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Сәкен Жүсіпов жауап берді.
Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, қазір әскер қызметте қауіпті жағдайдың алдын алу мен болдырмаудың бар мүмкіндігі, кешенді іс-шарасы жасалған. Ата-ананың да, әскерге шақырылушының да уайымына негіз жоқ. Мұны ол Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте айтты.
Меніңше, қазіргі әскерде бұрынғыдай КСРО мен 90-жылдардағыдай қауіп жоқ. Әскери құрылымның барлық деңгейінде қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар қолға алынған. Соның арқасында 2020 жылы әскерде жарақат алу көрсеткіші 40 пайыз, өлім көрсеткіші 63 пайызға дейін азайды. Егер қоғамға ортақ статистикаларға көз жүгіртсек, 18 бен 27 жас аралығында жол-көлік оқиғасы, түрлі жарақат пен суицидтен, құқық бұзушылықтан қайтыс болған жастардың көрсеткіші әскери қызметтен бірнеше есе көп. Ал оның жанында әскери қызмет табиғатынан тәуекелге бел буатын, қатерге бас тігетін орын саналады. Мұның өзінде көрсеткіш аз, - деп түсіндірді Сәкен Жүсіпов.
Полковниктің айтуынша, әскердегі қауіпсіздік шараларына қазір жүйелі негізде көңіл бөлінуде. 2019 жылы Әскери полицияның жанынан Қауіпсіздік қамтамасыз ету және еңбек күзеті жөнінде арнайы басқарма құрылған. Бұл әскери құрылым қауіпсіздік мәселелері бойынша талдау мен сараптама жүргізіп, оны жақсарту үшін ұсыныстар дайындайды.
Одан бөлек, әскери қызметтегі қауіпті жағдайларды азайту бойынша арнайы карта құрастырылған. Сол бойынша қорғаныс күш сапындағы қару-жарақ, жанар-жағармай, өзге де қауіпті сұйықтықтарын қауіпсіз жерде ұстау, тамақтану ұйымдастыру, оқу-жаттығу тәуекелдерін азайтуға қатысты бақылау және қадағалау жұмыстары назарға алынған. Тіпті, апатты ғимарат пен ашық люк, электр сымына дейін – бәрі тексеріледі, - дейді Сәкен Жүсіпов.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда мерзімді әскери қызметке жыл сайын 35 мың азамат шақырылады. Бұлардың арасында "Ұлттық ұлан", шекара қызметі бар. Жаңадан төтенше жағдайлар қызметі де қосылған.