Балама қандай ат қоямын: Ұл бала есімдері

Балама қандай ат қоямын: Ұл бала есімдері
Фото: stat.gov.kz, massaget.kz

Қазақстанда ұл балаға жиі қойылатын есімдер қандай? Бұл сұраққа Статистика комитеті жауап берді. Назарларыңызға 2018 жылы ер балаға берілген ең танымал Топ 20 есімді ұсынамыз және бұл есімдердің мағынасын ашуға тырысамыз.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда ұл балаға ең көп қойылған есім – Алихан. Ұлт көсемінің құрметіне Қазақстанда өткен жылы 3578 нәрестеге Алихан есімі берілген. Тізімнің екінші бағанында Айсұлтан есімі тұр. 2018 жылы 2885 сәбиге дәл осы ат берілген. Үздік үштіктің қатарына 2522 нәрестеге қойылған Нұрислам есімі енген. Тізімнің келесі бағандарына мынадай есімдер жайғасқан:

Жоғарыда аталған Қазақстандағы ер балалар арасында ең танымал есімдердің мағыналарына мән берелік.

Алихан – араб тілінен енген "ғали" мен хан сөздерінің қосындысынан туған ат. Ғали – "әлидің" синонимі, яғни, биік, аса, зор, заңғар деген мағына береді.

Айсұлтан – "ай" және "сұлтан" сөздерінің бірігуінен туған есім. Дүниеге келген нәресте айдай болсын, өз ортасында сұлтандай қадірлі болсын деген ниетпен қойылады. Сұлтан араб тілінен аударғанда "билеуші", "әкім" деген мағына береді. 

Нұрислам – "нұр" мен "ислам" сөздерінен құралған. Араб тілінде нұр – жарық, сәуле, ал "ислам" дін болғандықтан, Алланың нұры жаусын деген ниетпен қойылады.

Рамазан – Ислам дініне қатысты есім. Нақты айтсақ, ол мұсылман жыл санауының тоғызыншы және ең қасиетті айы. Бұл есім, көбіне Рамазан айында дүниеге келген сәбилерге қойылады.

Амир – араб тілінен аударғанда "билеуші", "әкім" деген мағына береді. Бұл ат, көбіне әйгілі билеуші Әмір Темірдің құрметіне беріледі.

Алинұр – "әли" араб тілінен аударғанда зор, заңғар, биік деген мағына береді. Ал нұр сөзі жарық, сәуле деген мағынада қолданылады.

Али – араб тілінде "ғали" – зор, биік, заңғар деген мағына береді.

Ислам – түп-тамыры "салима", "юслиму", "ислам" яғни, бейбітшілік, аманшылық деген сөздерден бастау алады. Ол Алла тағаланың "әс-Сәләм"  деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы – толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа жалған құдайларға табынбау. 

Ерасыл – аса аяулы, нағыз батыр деген мағына береді.

Санжар – көне түркі тіліндегі Саншора есімінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі. Көне түркі, қазақ тілінде сан – "он мың", "шора – ер, батыр" деген мағыналарды білдіретінін ескерсек, "бір өзі он мың қолға тең ер, батыр" мәнінде қойылған есім екенін байқаймыз. Ғасырлар бойы айтыла келе, Саншора-Саншор-Саншар-Санжар болып өзгерген. Тағы бір мағынасы – бұзып өтуші. 

Арсен – "Арсений" – көне грек тілінен "арсениос" – батыл, ержүрек деген мағына береді. 

Алдияр – араб-иран тілінде "аллайар" – Алланың досы; тақсыр, ұлы мәртебелі деген мағынада қолданылады. Ал қазақ тілінде оны хандарға арналған қаратпа сөз ретінде қолданған.

Расул – араб тілінен қазақшаға хабаршы, елші, уәкіл деп аударылады.

Нұрасыл – "нұр" мен "асыл" сөздерінің қосындысы. Асыл – араб тіліндегі "әсил" деген сөзден шығады деп түсіндіріледі. Оның бірнеше мағынасы бар: 1) негіз, түбір, түп нұсқа; 2) шынайы, нағыз; 3) қымбатты, ардақты.

Мирас – араб тілінде мұра, артта қалатын көз, тұяқ деген мағына береді.

Омар — өмір, өмір сүруші. Екінші халиф, көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахабаның есімі.

Мансур – араб тілінен аударғанда жеңімпаз, жеңіске жетуші, екінші мағынасында құдіретті деген мағына береді.

Ибраһим – халықтардың әкесі. Құранда аталатын Алла тағаланың пайғамбарларының бірі. "Алланың досы" деген лауазымға ие болушы, бір Аллаға бой ұсынушы.

Муслим – мұсылман деген сөз.

Артем – грек тіліндегі "артемес" сөзі аман, аурудан ада, сау деген мағына береді.

Бұдан бөлек, сирек кездесетін ұл бала есімдерін де назарларыңызға ұсынбақпыз. Бұл есімдер 2019 жылдың басынан бері тек 1-ақ рет қойылған. Олар кімдер: Теңіз, Байқазақ, Саввелий, Бронислав, Растислав, Құдрет, Нұралем, Бейбарыс-Сұлтан, Мұхаммед-Раджаб, Ерлер, Ақихат, Елтұлға, Нұршашхан, Нұртұяқ, Таңсұлтан, Нұрпарасат, Анисим, Бай-Арыстан, Батый, Ибрайым, Шах-Мұхаммед, Лаврентий, Ерқабыл, Байпатша, Нәр-Иман, Корганбек, Елшібек, Шах-Кәрім, Бақислам, Али Ибраһим, Мұхаммед Амин, Лазарь, Нұркелды, Нұршапағат, Ұланғасыр, Доминикан, Ізгелді, Ақсұлтанбек, Азииз-Хакиим, Сақтар, Елбақыт, Қасым-Жомарт Керей, Елсүйер, Із-Нұр, Сүйініш, Ердана, Святозар, Лучезар, Өмірұзақ, Сақтапберген, Айпатша, Арқау.

А. Қажиев