Серілерге арналған сегіз кітап

Серілерге арналған сегіз кітап
Фото: Обои для рабочего стола, фото, картинки

Кітап – ең сабырлы ұстаз. Оның сабырлығы мен даналығы бір бойына жиған құндылығында. Кітапты талғаммен әрі сүйіспеншілікпен оқыған дұрыс. Оның әсер ету ұзақтығы мен кейіпкерге деген махаббатты ояту сәті тусын десеңіз беріліп оқыңыз. Бір қызығы кітаптардың өзі қазір ерлерге және қыздар қауымына арналған жанрларда жазылып жатыр. Біз сіздерге серілер оқу керек сегіз кітаптың тізімін беріп отырмыз. Кітап оқимыз!

«Бабалар үні» («Зов предков») Джек Лондон 

Алып-сатар саудагерлер Бэканы ұрлап Аляскаға сатып жібереді. Бэка – түз тағысымен будандасқан үй күшігі. Ал Аляска қаңыраған дала, жел, боран, одан қала берді аяз. Осының бәріне төзу үшін Бэкаға түз тағысы екенін есіне түсіру керек. Жігерін жанбаса жан баға алмай қалуы әбден мүмкін...

«Тосқауылсыз ғажайып әлем және Ақыр заман» («Страна Чудес без Тормозов и Конец Света») Харуки Мураками

Кітап екі әлемде өмір сүретін екі кейіпкер туралы. Олардың айырмашылықтары да жер мен көктей: уақыттың айналуы мен бастарынан өтетін жағдайларға дейін бөлек. Бір-бірімен тоғыспайтын қабырға сыртындағы екі өмір, тіршілік, тұрмыс. Бірақ...

«Әйелдер» («Женщины») Чарльз Буковски 

Бұл кітап бұрыннан кітап оқып жүрген тұрақты оқырмандарға арналған. Себебі кітаптың тілі өзгеше. Тіпті автордың өзі сізді мәз қылмайды. Себебі Буковскидің Калифорния туралы түсірген сериалынан кейін оны жұрт оқудан бас тартқан. Ал егер мұның бәрін сырып тастап кітапқа үңілемін десеңіз, кітапты қазір оқуға кірісіңіз. Оптимист әлде реалист адамсыз ба, жауап іздеңіз. 

«Қоңырау кім үшін соғылады» («По ком звонит колокол») Эрнест Хемингуэй 

Испанияға жарты шардың арғы бетінен келген ағылшынның өмірі турасында баяндалатын бұл кітап сізді ойландырмай қоймайды. Трагедияға негізделген шығармада азаматтық соғысы сөз болады. Соғыс ішіне сүңгіп, романтикаға толы махаббат бекетіне аялдап, ерге тән мінезбен ораласыз. Адам өмірінің құндылығын жете түсінесіз.

«Бесінші нөмірлі қасапхана» («Бойня номер пять») Курт Воннегут 

«Билли жатуға ыңғай береді. Бірақ таңертең той үстінде оянады. Ол 1955 жылдың есігінен кіріп, 1941 жылдан бір-ақ шығады. Қайтып сол есікке кіріп 1961 жылға тап болады. Ол өзінің туғанын және қалай өлгенін көреді» бұл кітаптан үзінді. Осы келтірілген деректерден кейін кітап адамды өзіне тартпай қоймайды. 

«Түнектің жүрегі» («Сердце тьмы») Джозеф Конрад 

Ағылшын саяхатшысының басынан өткен жағдай суреттеледі. Африканың ну орманына тап болған кейіпкер түрлі психологиялық жағдайға түседі. Жалпы шығарма кейіпкері автордың прототипі секілді. Өйткені ол Конгода сегіз жылдай тұрып, сол жердің тұрмыс-тіршілігін көрсеткісі келген. Аталған кітаптың желісімен «Бүгін ақыр заман» фильмі түсірілген. 

«Жылтыр» («Сияние») Стивен Кинг

Аталған кітапты оқу үшін жүрек пен қайрат керек. Себебі кітаптың әрбір суреттелуі ерекше. Ал ерекше суреттелетін кейіпкеріміз жындар мен елестер. Кітап тіпті ер адамның өзін қорқытуы мүмкін. Сөзбен де сурет сала білген, жүрекке үрей орната білген Кингтің әлеміне қош келдіңіз  

«Уақыттың шағын тарихы» («Краткая история времени») Стивен Хокинг 

Аталған кітап автордың шығармашылыққа қарағанда ғылымның адамы екенін аңғартады. Ерлердің қызығатын тақырыптарына қалам сермеп жүрген Хокинг негізінен физик. Ал шығармада сіз «адамзат қайдан пайда болды», «олар неге пайда болды», «олардың соңы қандай болмақ» деген сынды сұрақтарға жауап іздейсіз. Кітап 1988 жылы жарық көргенімен, бүгінгі күнге дейін кітап дүкендерінің сөресінен түскен емес. 

М. Ақан