Мен өзі сұрау, леп белгілері сияқты эмоцияға жоқпын. Өмір бойы бір қалыпты күн кешіп келе жатқан жайым бар. Көп қолданылсам да кеуде керген жерім жоқ. Қайда барып, қай жерге қойылу керектігімді жақсы білемін. Солай бола тұра көп жерде мені ұмытып кететіндер бар. Нүкеңді қоюды ғана білетін не деген адамдар десеңші!? Соларға зығырданым қайнайды. Шыдамым шегіне жеткен соң титтей ғана ренішімді айтқым кеп тұр. Әйтпесе көп үндемеймін ғой... Ескерте кетейін, маған дәл осындай жағдайда көп нүктенің қызметін атқартып қоймаңыздар. Айттым ғой, эмоцияға жоқпын, жүйкем де шыдамайды оған.
Сонымен мені қай жерге қоятындарыңызды біле жүріңіздер! Осы әлеуметтік желіде отыратын көпшілігіңізге қатысты.
1) Қаратпа сөздің алдында да, соңында да менің баяғыда заңдастырып қойған орным бар.
2) Кез келген қыстырма сөздің алды-артына қыстырыла кететін әдетім әлі қойған жоқпын.
3) Бірыңғай мүшелердің арасын ажыратып тұратынымды да ұмытпаңыздар
4) Осы үшеуі - тұрақты мекенім. Осы үшеуін меңгеріп алыңыздаршы, өтініш! Бұдан басқа айқындауыш, оңашаланған сөздердің қасында жүретінім сияқты өзге қызметтерімді жақсы білсеңіз, сізге деген алғысым шексіз болар еді.
Менің жанымның бір бөлігі - интонациялық кідіріс. Баяғыда, қазақ қазақ болып тұрғанда оның айбыны асқақ еді. Қазір кідірістің де қадірі қашқан. Қалың нөпір сөздің арасында жұтылады да жүреді. Менің жақсы көретін адамдарым бар. Сауаты ашылғалы қай жерде тұратынымды беске біледі. Бірақ ондай жандар аз.
Мойындау керек, кейде қызмет барысында даудың ортасында қаламын. Біреулер мені қоямыз дейді, енді біреулері үтіріңмен қосып құры дейді оған. Мысалы, өйткені, себебі, сондықтан сияқты жалғаулықтардан кейінгі орнымнан қазір айырылып қалғанмын. Ал, бірақ, дегенмен, әйткенмен сынды қарсылық мәнді жалғаулықтардан кейін тұратын орнымнан саналы түрде бас тарттым. Бұ жерлерде мені жұмысқа шақырмауларыңызға болады. Біреулер қойғысы кеп тұрады. Ниеттеріне рақмет! Ол жерлерде ғалымдар үтірге жетпейтін кішкентай ғана кідіріс бар екенін айтады. Мен де құптадым соны.
Мен жалғыз өмір сүре алмаймын. Айғайлатып тақырып қойған кезіңізде алдымда тұрған сөзден кейін «бос орын» қоймаңыз. Қызметім бойынша өзіме берілген орынды сіздің сауатсыздыңыз үшін босата алмайды екенмін. Қатты кетіп қалсам, ғафу өтінемін.
Сіздерге деген «тыныс белгілік» құрметпен, «,».
Манас Қайыртай