Жақында фейсбук әлеуметтік желісінде Жолымбет Мәкіш есімді журналистің жазбасы талқыға түсті. Ол әзіл-сықақ театрларының әдеби тілді бұзып, диалектімен көп сөйлейтінін сынға алды. Журналистің бұл пікірі көпшілік тарапынан қолдау тауып, түрлі пікірлер айтылды.
Жолымбет Мәкіш жеке парақшасында: «Тағы да сахнаның сайқымазағын беріп жатыр. Шыны керек, телеарналардан көрсетіліп жүрген қазіргі "шоуларға" мүлде қарай алмайтын болдым. Елді қышқырып, шыңғырып күлдірткісі келеді. Арзан айқай. Әдеби тілдің не екенін мүлде қақпайтын ортаңқол әртістер шетінен. Қазақтың бұрыннан келе жатқан сахна тілі әдірам қалып, диалектизмді қоғамға тықпалап жатыр. Осындайлар өнерді өрге бастырудың орнына, кері кетіреді. Баяғыдағы Тамашаның әзілі керемет еді. Нағыз қазақы қалжың болатын. Айтайын дегенім, бізге де Еуропа елдеріндегідей театрдағы тіл мәдениетіне қарайтын көркемдік кеңес керек-ау. Әйтпесе мына түрімен жұрт әдеби тілдің не екенін жуық арада мүлде ұмытатын сияқты ғой....» деп жазды.
Бұл жазба vk.com әлеуметтік желісіндегі 223 мыңға тарта жазылушысы бар «Махаббат, қызық мол жылдар» тобында жарияланып, талқыланды. Ол жерде де көп жастар автордың ойын қолдайтынын жеткізді.
Рана есімді қолданушы: «Қазіргі кейбір әзілдерді көрсем күлгенді қойып жылағым келеді. Кейде сіңілілеріммен бірге көруге ұялып, басқа арнаға өзгертіп жіберетін кездер де болған. Ұяттан аттап кетпесек екен. Бірақ біздің сөзіміздің театр әртістеріне жете қоюы екіталай. Дегенмен халық сыншы. «Шындықтан туған әзіл – нағыз әзіл», - деп жазды.
Қолданушылар арасындағы екі жақты пікір алмасуда сөзге келіп қалған Бекежан Айбекұлы атты оқырман: «Бұл жерде әңгіме әзілдің "өту" мен "өтпеуінде" боп жатқан жоқ. Артыңды ашсаң елдің бәрі күлетіні хақ. Бірақ сол әзілді артыңды ашпай-ақ жеткізуді үйрену керек! Астарлап, боқауызсыз, дөрекілікті қойып, арасында шымшып алып - нағыз әзіл ТЕАТРЫ деген сондай болады», – деп ашынды.
Жолымбет Мәкіштің фейсбуктегі жазбасын шымкенттіктерге тиісу деп есептеп, қарсы шыққан адамдар да табылды.
Автор оған: «Мәселе Шымкент туралы емес, әдеби тілдің болашағы жөнінде», - деп, біраз күйінішті ойларын айтты.
Журналист бірнеше сағаттан кейін негізгі ойының жалғасы ретінде тағы бір пост жазды. Ол жазбада: «Телеарналар мен театр сахналарында аяқ, қаяқ, бұяқ, тұяқ, қойсай, алсай, тықсай, қойшайш, баршайш, салшайш деп шүлдірлеуге тыйым салып, әдеби тілдің нормаларын сақтауды қатаң түрде талап ете бастау қажет. Басқа жерде ойына келгенін айта берсін. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз ғой. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен өнер сахналарынан дәл осылай "сақау тілде" сөйлейтіндерді қамшылап қуу керек. Өзіміз жетіспей жатып, өзгелерден мемлекеттік тілді білуді қалай талап етеміз? Қандай тіл ол "мемлекеттік тіл" деп жүргеніміз? Ол тілде өзіміз сөйлемесек, басқаларды қайтіп сөйлетеміз?» деп жазылған.
Фейсбуктегі қолданушылардың көпшілігі әртістердің дұрыс сөйлемейтінін сынға алып, өз пікірін бөлісті.
Бұл тақырыпта айтылған пікірлердің бір парасы төмендегідей:
Марат Қайсарбек: «Нысананы» көрсең құсқың келеді, сондықтан мүлде көрмейтін болдым. Қазір оған КВН деген пәле қосылды, жастарды әкетіп барады, осыларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай ма?»
Ерқанат Тәукебай: «Көркемдік кеңес болса Нысана деген бірдеңкенің адамдары сахна пердесін ашып жауып тұруға да жарамайды».
Жолымбет Мәкіш: «Қазақтың ортақ әдеби тілінен ауытқымау керек. Оған басы жетпейтіндерді бүкіл ел көретін республика сахнасынан өзінің келген жағына қайта қамшылап қуу керек».
Серікқали Жұбаниязов: «Құдайберген, Мейірман, Тоқсын, Уайіс марқұмдардың қалжыңдары қандай тамаша еді!»
Асхат Асан: «Тамашаны» тамаша қылған Оспанханның тілі ғой, шіркін...»
Гани Ыбыраев: «Сайқымазақ қатын болып киініп күлдірген өнер болды ғой. Қуып барады, анабір «Теріс қақпай» деген тіпті құрыған. Былапыт сөз айтатындары».
Ербол Спабек: «Тұрсынбек бұрын сондай мимикалар салып, арзан әзілдейтін. Қазір мағынасы терең қалжыңдарды айтатын болды».
Жолымбет Мәкіш: «Ертең қазаққа сіңген қарақалпақ бауырлар да сахнаға шығып алып, «ауа, ауа» деп тұрса... Ауаң не, ортақ тілде «иә» деп айт дегенде сен бізге тиісіп жатсың десе, онда да осылай омалып отыра береміз бе?»
Жолымбет Мәкіш: «Қазіргі «театрлар» мәдениетті емес, мәдениетсіздікті, көшенің тұрпайы тілін насихаттап жатыр...»
Meruyert Baigara: «Дұрыс айтасыз. Зиялы қауымның өкілдерінің аузынан шыққан әңгіме де, тілінің шұрайлылығы да, әуезі де құлаққа майдай жағып, жан сарайыңды нұрландыратын. Әттең, сұйылып барады. Тамашаның әр хабарын асыға күтіп, бір де бір қалжыңын қалт жібермей қағып алып отырар еді халық. Күтуге тұрарлықтай тұшымды ой, астарында шымшып алатын әжуа, бажырайта салмай тұспалдап қана жеткізетін теңеу де болушы еді. Қазіргідей жөн-жосықсыз жырқыл емес еді Тамашаның тарландарының дүниелері. Қазақ радиосы мен теледидарынан шырқалатын әуендердің не сөзін, не орындаушысын түзетіп жібергің келмей-ақ, рахаттана тыңдайтын едік. Қандай да бір газет журнал, кітап дегендерді оқығанда аспаннан түскендей аударма, калька ойға кезіге қалып, не оқып отырғаныңды түсінбей дал болатын жағдайлар әсте болмаушы еді. Қазір жағдай өзгеше. Базардың тілі сахнада жүр. Өкінішті-ақ. Банкомант, телефондардағы қазақша сөздерді өмір бойы қазақша оқысам да түсіне алмай, орысша тілді таңдауға мәжбүр болған күй бар».
Думан Ахмадиев: «Шымкент шоу ең басында қызық сияқты болған. Қазір бос айқай. Семейге келгенде ішіп алып шыққандары бар сахнаға. Сыйламайды көреремендерін. Алматы мен Астана, Шымкентте ғана шығар жақсы болып шығатындары. Тұрпайы сөздерімен жиіркендірген».
Марат Умытханов: «Көркемдік кеңесті қайта құру керек деп босқа дабыра қылып жүрген жоқ қой аға, апайларымыз».
Abdimalik Ussipaliev: «Мысырға оқуға барған кезде университет бізді араб тілін оқытатын курстарға жіберді. Сонда таңқалғаным, мысырлықтар орта мектепті тәмамдаған соң тіл курстарына барып әдеби тілді, яғни «фусханы» оқиды. Содан кейін университет табалдырығын аттайды. Біз де соның кебін киеміз-ау осылай кете берсе».
Kymbat Karaganda: «Тұрсынбектің əзілдері өмірден алынған шындық, бірақ "жатырған" т.б. сөздерді дұрыс айтпағанда көңілім су сепкендей болады».
Нурымбек Жапаков: «Тұрсынбектің әзілдері өмірдің өзінен алынған тап-таза шындық».
Меңдібай Ағиев: «Тап-таза шындықты» тап-таза әдеби тілмен жеткізу керек!»
Серик Байтогов: «Баяғы Жартас, сол Жартас! Айта-айта жауыр болдық-бұл сайқымазақтардан!»
Фатима Хусаинова: «Халық әбден тойған сияқты осындау арзанқол сатира - шоуларға, форматын өзгерту керек сияқты, 20 жыл бірыңғай көріністерді көрсете бермеу керек қой. Актерлер өңшең толық келеді, сиықсыз, айтып жатқан әңгімелері тұрпайы, дөрекі».
Нуржан Тайгулин: «Бәленің» бәрі Бауыржан-шоудан басталды ғой. Жұртты күлдірем деп тілін бұрап, өзбекше араластырып, ақыры өзі де өшті».