... Айтпақшы, Рақымжан атамыздың «Гитлердің үйінен» Рейхстагқа дейінгі 360 метр жерді 7 сағатта жер бауырлап аман жеткенін ерліктің шыңы деп білемін. Сонда Рақымжан атамыз естелігінде айтқандай, «жерден жаңқа алып жоғарыға лақтырсаң, шұрқ-тесік болатын», кәдімгідей қорғасыннан жаңбыр жауып тұрған. Содан шоқынған татар Григорий Булатов екеуі Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып ту тігеді. Алғашқылардың бірі дегеніміз, осы сәттен бастап Рейхстагқа сол кезде жан-жағынан кемі 20-30 ту тігілген екен. 30 сәуір мен 2 мамыр аралығында. Себебі, әр дивизия, әр полк өз туын бірінші болып тігуге тырысқан, былайша айтқанда араларында «кім бірінші» деген жарыс басталып кеткен.
Сөйтсе, Мәскеу тарапынан Рейхстагтың төбесіне тігілсін деп тоғыз-ақ туды әзірлейді. Бірақ бұл таңдаулы тулар жетпей қалған полктар қарап қалсын ба, немістің қызыл дивандары мен перделерінен жыртып-жыртып ту әзірлейді. Соларды ұстатып, алға пергілетеді сарбаздарды... Кейін ол тулардың «бейресми» болып танылып, есептелмей қалатынын, соғыс біткен соң кемі жиырма жыл бойы бұл ерліктері туралы айтуға болмайтынын ол кезде білмеді ғой, білмеді. Сол үшін бірінші болып Рейхстагтың колоннасына ту тіксе де, уәде еткен Кеңес Одағының батыры деген атағын бермей қалады Рақымжанға. Булатовқа да бермеді. Булатов Рейхстагқа ту тіккеніне ешкімді сендіре алмай, күйініп, араққа салынып, ақыры зауыттың әжетханасында асылып қалды.
Рейхстагқа ту тіккен басқа да азаматтардың өмірбаяндарын қарадым – көбінікі аянышты.
Тағы бір татар Ғази Зағитов 1953 жылы өзі айдап жүрген көліктің астына түсіп қайтыс болады. Иван Лысенко «соғыстан кейін бізді алдап соқты, лайықты құрмет көрсетпеді» деп көп айтып жүрген, артына жұмбақ адамдар түскен соң жым болыпты. Тәжірибелі электрик Виктора Провоторов жалаңаш тоқты қолымен ұстап, қайтыс болды. Михаил Ғабидуллин 60-шы жылдары әйелінің фамилиясымен шетелге шығып, жоғалып кетті. Михаил Пачковский кенеттен қайтыс болған, орманшы Степан Орешконы ағаш басып қалады, ал Қошқарбаевтардың басшысы болған Семен Сорокинді кейін өз саяжайында асылып өлгенін көреді. Бұның бәрінің Рейхстагқа ту тігу операциясына тікелей қатысы бар. Осыларға қарап отырсаң, тек Рақымжан Қошқарбаев қана арасында лайықты ғұмыр кешкен секілді, кітабын да жазды, құрметке де ие болды, Қонаев та сыйлаған, отбасысы болды, бақуатты ғұмыр кешті.
Өркен Кенжебек, фейсбуктағы парақшасынан үзінді