- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Өркен Кенжебек: "Қазақ...
Өркен Кенжебек: "Қазақ қыздарының сұлулық эталоны қалды ма өзі?"
Жақында Ақан Сатаевтың "Томирис" тарихи фильмі туралы ақпарат пайда болды. Онда Томирис рөлін сомдайтын қыз туралы түрлі әңгімелер өрбіді. Сол әңгімелердің бірі ретінде журналист әрі блогер Өркен Кенжебек былай дейді:
Бұл Ақан Сатаевтың "Томирис" деген тарихи фильмде басты рөлді сомдауға таңдап алғаны. Альмира Тұрсын. Актриса емес. Психолог. Бесінші сыныпта таласа оқыған Томирис патшайымның ойымдағы образын дәл мына бейнеден көргендеймін ше.. Тура сол! Әдемі әрі сұсты!
Тарихи фильмге кейіпкер таңдаудың қандай қиын екенін түсінесіздер, өткенде "Баян Сұлуды" сұлу емес деп шуладық. Себебі, әркім Баян Сұлуды оқығанда я естігенде, оны өз қиялындағы сұлудың образымен сомдап алғанбыз. Әсіресе, біз секілді бертінгі ұрпақ. Ал қазақы сұлулық, әдемілік дегеннің стандартын қазір өзіміз сипаттап бере алмаймыз. Миымыздағы образдар мидай араласып кеткен..
Сәбет заманында біздің талғам черно-белый Людмила Чурсинадан бастап "Миминодағы" Лариса Ивановна, "Ирония судьбыдағы" Надя, "Амфибия адамдағы" Анастасия Вертинская, Шуриктің қызы Наталья Варлей, "Гардемарины, впередтегі" Татьяна Лютаеваға дейін ауысты. Бұған үнді киносынан Рекха, Хема Малини, қыл аяғы Мадури, Айшварьяның образдары келіп қосылды. Анау жақтан ентелеп Мэрилин Монро, Катрин Денев, Софи Лорен, Бриджит Бардо, Элизабет Тейлорлар тұрды. 90-шы жылдарда тіптен әлемтапырық басталды. Белуччи, Марсо басып кірді санамызға. Осының ара-арасында өзіміздің Өтекешова, Нығматуллиналар сығалап қалды. Енді өз санаңыздағы мың сан образдан бәріне ұнайтын қазақ сұлуын құрап шығыңызшы) Мүмкін емес қой...
Сұлулық деген тек үлкен көз, оймақ ерін емес. Ол - қылық, жүріс, күлкі және т.б.. Бұл жағынан да стандарттарымыз сақталды дей алмаймын. Мысалы, шешен қыздарында "Лела Хаар" деген жазылмаған стандарты бар. Кеудесін тік ұстап жүру (статность) дейсіз бе, жүріс (походка) дейсіз бе, бәрі қамтылған. Ислам ер адамның алдында әйелдің бөксесін ары-бері тастап, бұлтыңдап жүруіне тиым салған. Осы тиымнан шығар деп ойлаймын, осы "Лела Хаар" бойынша шешен, ингуш, балқар, қарашай қыздарының ер адамның алдында мықынын қозғалтпай, бөксесін лақтырмай, аяғынан ұшымен зыр қағып жүруі қалыптасты. Бұл Майкл Джексонның "Айжорға" биімен қатар сұмдық виузальды көрініс. Бұл стандартты сақтау сол тау қыздарының сұлулығына плюс 1 балл қосады.
Бізде осындай қазақ қыздарының сұлулық эталоны, әдемілік стандарттары деген қалды ма өзі? Сол ғой сұрақ...
Facebook парақшасынан алынды.