- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Малалаға Нобель бергеніне...
Малалаға Нобель бергеніне әлі де таңданып жүрмін...
18 жасында өз еліндегі әйелдер теңсіздігі мен әлеуметтік мәселені көтеріп мақала жазып, түрлі қиындықтарды басынан кешірген Малала кез келгеннің уысына бұйырмайтын Нобель сыйлығын алды. Ол туралы Батыс елдері мен Шығыс елдері таласа жазып, түрлі ақпараттар бере бастады. Дегенмен Малаланың өз ұлты бұл жайында басқаша пікірде.
Жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде қақаған суықта үйге ертерек жету үшін Uber алдым. Жүргізушінің есімі Шавкат болып шықты. Оны бастапқыда өзбек деп ойладым. Бірақ пәкістандық екен.
Үйге жеткенше оны әңгімеге тартып, Пәкістан туралы сұрай бастадым. Ойыма келгені Малала болды. Оның айтқаны:
"Малалаға Нобельді бергеніне әлі де таңданып жүрмін. Адамдар жылдап зерттеумен айналысып, қоғамдық белсенділігін танытып лауреат атанса, оған интернетте блог жазғаны үшін берді. Малала сияқты қарсылық танытып, құрбан болып жүрген Пәкістанда жүздеген қыз бар".
- Сіздің ойыңызша, батыс елдері не үшін Малалаға қолдау білдірді?
- Кейбір мұсылман елдерінде қыздардың құқығы қорғалмайтыны белгілі. Батыс медиасы сол мәселеге әлемнің назарын аудару үшін Малаланың блогтарын пайдаланды.
- Оны, шын мәнінде, Нобельге лайық деп санамайсыз ба?
- Малала лауреат атанғанда небәрі 18 жаста еді. Адам баласы бұл жаста не бітіріп үлгереді деп ойлайсыз. Ол жай батыс медиасының авангард тақырыбына айналу арқылы танымалдыққа ие болды. Мысалы, Малалаға дейін қыздар мектебін ұйымдастырған қаншама пәкістандық қыз болды. Оларға да қастандық жасалды. Қаншасы мерт болды. Бірақ олар туралы ешкім ешнарсе жазбайды.
- Ол қазір не істеп жатыр?
- Малала енді Пәкістанның Премьер Министрі атанғысы келіп жүр. Ол қазір Лондонда, Батыс қолдауымен сайлауға түспек. Оның сайлануы екі талай, әрине. Бірақ Батыс лоббиі мен қаржылай қолдауы жоғары деңгейде болса, айтарлықтай нәтижеге жетуі мүмкін.
- Ал сіз өзіңіз оның билік басында болғанын жөн деп санайсыз ба?
- Мен ... жоқ. Ол батыстың саясатын жақтайтын адамдардың қатарына еніп үлгерді. Ал Пәкістанға өз ішінен шыққан, шығыс менталитетінен арылмаған тұлға керек. Талибандар Пәкістанға Ауғанстаннан енді. Ал Ауған территориясында екі ұрпақ соғысты көріп өскенін ескерсек, ол аймаққа батыс әскері әбден сіңісіп үлгерген. Бұл талибандарды батыс әскери күші қолдайтынын білдіреді. Демек елде хаостың болуы кейбір адамдар үшін тиімді.
Жолдас Өрісбаевтің фейсбук парақшасынан алынды.
М. Ақан