- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Қазақ вайнері 3...
Қазақ вайнері 3 ай ішінде 30 мың көрермен жинады
Қазақ вайнері, жайдарман жұлдызы Дархан Оспанов Instagram желісіндегі жеке парақшасында 3 ай ішінде 30 мың көрермен жинады.
Дархан мұндай жетістікке қалай жеткені жайлы және алдағы жоспарлары туралы айтты. Айтуынша, вайн түсіруге оның ұлы себеп болыпты. "Әзілге жастайымнан жақынмын. Мен үшін вайн түсіру − қазақ тілін насихаттаудың бір түрі. Менің басты мақсатым − тәрбиелік мәні бар әрі сапалы вайн түсіру", − дейді ол.
Ол мұндай іспен табыс табу немесе танымал болу мақсатында айналыспайды. Сөзіне қарағанда өзі әзілге жақын болғандықтан, бала кезінен түрлі іс-шараларға қатысады. "Мысалға Жайдарманда сценарий жаздық. Көп нәрсе қиылып қалады. Әрине, әзілдің шегі бар, білемін. Сондықтан Instagram желісінде өз парақшамды ашуды жөн көрдім. Өзім видео түсіріп, қалаған уақытымда саламын", − дейді вайнер.
Ол әзілдерінде қозғайтын тақырыптарының нақты бір бағытта емес, өмірде кездесетін жағдайларға байланысты болатынын айтты. Әзілқой жігіт вайндарын қазақ тілінде түсіруін біреулер "жасанды патриотизм" деп санайтынын да айта кетті. "Мен қысқа роликтерімді тек қазақ тілінде түсіремін және тағы бір ұстанымым − ешқашан да қыздың рөлін сомдамаймын. Ол қазақ жігітіне тән емес. Ондайды түсінбеймін. Мүмкін қыздар өздерін көрген соң күлкілі болатын шығар", − деді Дархан.
Вайн түсіруден шабыт алатын Дархан болашақта қазақ тілді вайндарды түсіруді тоқтатпайды. Ол үшін танымалдық соңғы орында және болашақта Youtube арнасында да өз роликтерін жариялауға тырысады. Сапалы вайн шығаруға оқырмандарының қолдауы маңызды екенін де атап өтті.
Дереккөз: tengrinews
С. Ерсін