Таяуда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы фейсбук әлеуметтік желісіне қосылды. Кезінде әдеби ортаны ерекше жырларымен дүр сілкіндірген өзгеше ақын фейсбуктегі елді де өзіне қаратты. Тыныштықбек ақынның бір жазбасы көпшілік пікірін тудырып, дауға ұласты. Ақын өз жазбасында қазақ қызының "хиджабы" - өзінің ар-ұяты екенін алға тартып, бет сұлулығын бүркегендерге базына айтты. Алайда кейбір діншілдер ақынның бұл ойын теріске шығарып, қарсы шықты. Қайшы пікірлер қақтығысын төменнен оқи аласыздар.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Кейінгі кездері хиджаб (қате атасам, кешірерсіздер) дегеніңіз қазақтың, кәдімгідей, бас қатыратын басты бір проблемасына айнала бастады. Оның этнографиялық тарихымызда болмағандығын да, бүгініміз бен келешегімізге қажетсіздігін де, осыдан бірер жыл бұрын, Елбасымыз өзінің Түркістан қаласына сапары барысында шегелеп тұрып айтқан еді. Ал, жалпы, әйел баласының баскиімі мен өзге де киімдері төңірегінде айтылар әңгіменің ауқымы мыңдаған жылдар кеңістігіне созылады. Мен бүгін өзіміздің хиджабшылдарға қарата, бір-екі-ақ сөз айтпақпын. Тегінде, әйел баласының басын тұтастай тасқараңғы тұмшалап тастасаңыз да, бәрі - бекер, егер оның өз бет қызылы (ұяты) болмаса! Қазақ қызының "хиджабы" - өзінің Ар-ұяты. Ар-ұяты бар әйелдерге ең қатынқұмар еркектердің ең жойқын көз сұғы да өте алмайды. Әрине, бұл жазбамызды оқып отырған діндар адамдардың ішіндегі кейбір қыңырларының былай деп те қырсықтануы мүмкін: "Әйел баласының хиджабтануы оның өзі үшін емес, - еркектер үшін керек. Өйткені, әйелдің сұлу дидарын көрген еркектің сайтаны қозады". Оған былай деп жауап береміз: "Сайтан" - кез келген еркекте бар. Оның "қозуы" әйелдің сұлу жамалына ғана байланысты емес. Бет сұлулығынан мың есе асып түсетін "қоздырғыштар" да бар тірлікте. Сондықтан, еркектер өз "сайтандарына" өздері ие болу керек қашанда. Ие бола алмайтындарға, жиджаб түгіл, Қытай Қорғаны да бөгет бола алмайды!"
Жүкел Хамай: "Кепеш, кепешке тағылар түрлі моншақ, сонан есейгендегі пешпет, төсті тартып тұратын, оған тағылар меруетті түйреуіш, сөлкебайлар...т.т. т.б, көйлектің түрлері өз алдына мына ұзын сақал, шолақ дамбалдыларға көк тиын болды. Ұлттық тұрғыдан қарасаң, бұларыңның саясаты шегір орыстан да қиын! Қарсы тұруымыз керек?! Астыны бес рет жуғаннан пайда болмасын Абай айтты емес пе!"
Багдагул Балаубаева: "Қазақ қызының "хиджабы" - өзінің Ар-ұяты. Бұдан артық қалай айтуға болады!"
Мерген Бай: "Хиджаб дегенің қазақтың кимешегі ғой! Айырмашылық түсінде ғана, бірі қара, бірі ақ. Орамалмен енді Батыс қалып, қазақ ақындардың алысуы қалып еді, сұмдық қой!"
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Әй, "мергенбай" бауыр-ай, байқап жүрмін, сен түк білмесең де, ылғи ағаңның айтқанына қырсығасың да отырасың. Кимешегіңнің өзі - араб экспансиясының "жемісі". Ал, жаулық (я орамал) пен хиджабты, бірдей дегенің - "түйе мен түйеқұсты бірдей" деп бағалаумен тең ақымақтық".
Алтынай Анапьярова: "Қыздарды шешіндіруден басқа проблемаларыныз қалмаған-ау..."
Ерболат Баятұлы: "Әсіре діншілдер ұлттық құндылықтарды мансұқ етуге құштар болып алды. Батыстың бейәдеп көріністерін көлденең тартып, арабтың үлгісін тықпалаудың керегі қанша?! Мұсылмандығың өзің үшін керек, ал қазақтығың ұлтың үшін! Миллиярд мұсылманның мұқтажынан гөрі мен үшін он бес милиион қазақтың мұңы артық!"
Мерген Бай: "Ұлттық құндылықты өзің мансұқтап, Батысқа құл болып отырсың ғой өзің Ерболат! Ұлтың мұсылман болмаса, қазақтығың бір тиын. Миллиард мұсылман болмаса, қазағың баяғыда қытай боп кетер еді. Қытайға айнал онда тезірек!"
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Саған дауа жоқ екен, "мергенбай" бауыр!.."
Ерболат Баятұлы: "Мерген, өз түсінің өзіңе, қасиетті Рамазан айында сөз таластырғым келмейді. Қазақтың тарихын ешкім жасап, ешкім қорғап келген жоқ. Қазақ, қазақ болғалы өзін өзі сақтап келеді! Ұлтты бүлдірмеңдер!"
Жанат Аскербек: "Иә, қазақтың ұлттық бас киімдері бар. Қылтиып қыз боп өскен күннен бастап, ақ шашты әже болғанға дейін киетін әйелдердің бас киімдері тұрғанда xиджабқа несін құмарта қалады екен".
Ақан Серік: "Әсiресе соңғы 2-3 айда қаптап кеттi Атырауда. Және көзерiнде өшпендiлiк, сөздерiнде зiл. Осылардың артында ИШИМ (ИШИМнiң артында АҚШ н/е Ресей) тұруы мүмкiн".
Ершат Кайырхан: "Орыстану заманынан өтіп, арабтанып бара жатқандар, Тыныштықбек аға дұрыс айтып отыр. Оданда "ҚАЗАҚ" болуды ойламайсыңдар ма".
Жанат Аскербек: "Сосын... оң жақта отырған қыз баланың басына орамал салмайды ғой. Тақия, бөрік кигізеді. Келін болып, ақ босағаны аттаған соң орамал салады. Үлкендерден қалған үлгі осы".
Ершат Кайырхан: "Бір кездегі текті қазақ азайып кетті ғой. Қазіргі қазақтардың біразы өздерінің қайдан шыққандарын білмейді-ау деймін, өздерінше діншіл болып жүреді".
Алтынай Анапьярова: "Қазақтың ұлттық киімдері.... ең арзаны 300$, олай киінуге жағдай жоқ, өкінішке орай".
Алмаз Хасенов: "Қазақ болу оңай деп кім айтты? Тыртиған ашық-шашық киім киіп жүргендер ақшаның жоқтығынан емес шығар".
Алтынай Анапьярова: "Қол жетімді қазақи киім жоқтығынан арабтікін киеді... дегенім".
Алмаз Хасенов: "Қылыш соғуға кеткен темірден орақ та соғуға болады. Хиджаб тіктіруге кеткен бөзден басқа киім де тіктіруге болады".
Жанат Аскербек: "Қазақтығымызды сақтайық! Қазақтығымызға мұсылмандығымыз да, ар-иманымыз да, тектілігіміз де сыяды. Біз - қазақпыз. Жеті ата интститутын қалыптастырған елміз. Араб мұсылман емес, қазақ мұсылманбыз!"
Лейла Кундакбаева: "Пайғамбарымыз (сғс) "заманыңа сай киін", "исламнан жұртты үркітпей, керісінше сұлулығыңмен тартуға тырыс" дегендерді де айтқан екен ғой".
Ислам Медетулы: "Хиджаб десе кимешек дейтіндер, ешқайсың кимейсіңдер ғой сол кимешекті! Өйтіп өтірік патриот болудың қажеті шамалы. Хиджап кисе ол Аллаһтың бұйрығын орындап жүр. Жалаңаш жүрген қыздан мың есе артық маңыздысы Алланың алдындағы парызы ал айтқан ел айта береді ит үреді керуен көшеді демей ме!"
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Ислам, Айдос секілді азаматтарға айтарым - исламнан бұрынғы тарихымызға да үңілуіміз керек. Ол тарих - өркениеті мен әскери қуаты жағынан күллі әлемді әлі күнге дейін таңғалдырумен келе жатқан алуан қағанаттардың аса даңқты тарихы! Тарихшылар оны жақсы біледі. Соған орай, осы "хиджаб" тақырыбына қатысты археологиялық бір-ақ мысал келтірейін. Мәселен, Үстірт жақтан табылған сармат (Иар Біт) патшайымының баскиіміне, Аягөздің Бақты жағынан табылған патшайымның баскиіміне, Үкөк (Көк) тауының үстіртінен табылған патшайымның баскиіміне зер салыңыздар. "Алтынды-гауһар бедерлі" көркем философияға суғарылған салтанаты мен тұтынуға өте тиімді супрематикалық формалары қандай десеңізші! Археологиямызда ондай мысалдар баршылық. Сондай қасиетті баскиім киген жандардың бәрі - еркек пен ұрғашыға ғана емес, тұтас империяға үлгі болған көсем де әулие әйелдер. Олардың сол баскиімдерімен салыстырғанда, хиджаб дегеніңіз не, тәйірі!"
Бақытгүл Зарқұмар: "Әйелдің ар-ұяты орамал, жаулықпен өлшенбейді! Әдеміліктің жанашыры да, жауы да еркектер! Басында орамал болғанымен басқа жағында тазалық болмаса, не қайыр?! Баттасқан бетіндегі бояу да имандылықтың белгісі бола ма?! Шынайы иман мен тақуалық сыртқы бейнеде емес, жүректегі иманда... Шынайылықтан гөрі қазір показуха басым..."
Жолтай Жумат: "Ұят деген ол шексіз де шетсіз ұғым ғой. Ар-ұяттың бет-пердесі басың мен денеңді қымтау, түгел тұмшалау, ашық жер қалдырмаумен өлшенбесе керек. Ол-әр жүректегі тазалық, мөлдірлік пен күнәсыздық! Ал, енді киім кию үрдісі жаңарған заманмен, өзгерген уақытпен үндесіп отырса қандай ғанибет! Техника алға озып, сана-сезім артта қалса, ол да қауіпті!"
Мерген Бай: "Хиджаб мәселесі қазақтың көтеретін мәселесі ме? Біз түгілі дінге берік түрік, өзбек, тәжікте хиджаб мәселесі жоқ. Көшеде ілуде бір (200 мың адамның ішінде біреу) кездесіп қалатын қара хиджабты қыздарды көріп, бүкіл қазақ қара жамылғандай не болды өкіріп! Сол қара жамылған қыздардың біразы тіпті "үш әріп" болуы да мүмкін".
Algadai Abylgazyuly: "Хиджап" пен "ниқабты", "паранжаны" айыра алмай, біраз талас болыпты. "Хиджабыңыз" - жаулық, орамал, кимешек, қысқасы әуретті жабатын киім. Және «бес саусақ - бірдей емес» екенін, пендеге қарап дінді бағаламайтынын, керісінше дінге қарап адамға баға берілетінін ұмытпайық... Ал негізгі әңгімеге көшсек: Әуелі Құдайым "Сақтансаң, сақтаймын" деген. Ал орамалы бар әйелден гөрі омырауы ашық әйелдің ондаған есе артық "қоздыратыны" бесенеден белгілі. Әрине аш қасқырға шарбақ бөгет емес, бірақ шарбақ құрмау - ақымақтық. Ең бастысы. Жаратушы Иеміздің кез-келген бұйрығында пендесі үшін пайда бар екенін, біз білмейтін даналық бар екенін ұмытпайық. Жаратылған ақылымызбен Ұлы Раббымыздың кемел үкімдерін кемсітуден сақтанайық, ағайын. Қасиетті айда қасиетті Кітаптың аяттарын мансұқтау... Әлде өз ойымыздан артық "қасиет" жоқ па?..
Бақыт Смағұл: "Қазаққа танымал ақынның бұлай біржақты ойлағаны өкінішті-ақ. Хиджап бет ауызын бүркеп, қара жамылып жүру дегенді де білдірмесе керек. Егер қазақты мұсылмандықтан арашалап алып қарағың келсе, өткен ғасырлардағы қазақ тарихына бір зер салшы. Әжелер кимешек кисе, аналарымыз орамал таққан, алғашқы келін болып түскенде де оның басына орамал тағып, зерлі бөрікті сәукелесін шешкен. Меніңше, хиджапты қазақы тілмен орамал дейікші. Әйел заты орамал тағып жүрсе, одан ұтпаса, ұтылмайды. Біржағынан бұл біздің мұсылмандығымыз, екінші жағынан қазақы дәстүрімізден аттап кетпегеніміз. Ендеше, хиджап кимесе, яғни, орамал тақпаса, ондай әйел затын көргендердің нәпсісі қозады деген де қисынсыз болар еді".
Бақыт Смағұл: "Елбасымыз Түркістанда айтты, бірақ, ол қазақ әйелі басына орамал тақпасын деген жоқ шығар. Қашанғы Елбасы ананы айтты, мынаны айтты деп, соған сүйене береміз. Шариғат пен қазақтың бабалар дәстүріне де бір сәт көз салайықшы. Біздің этнографиялық тарихымызда қайта орамал мен кимешек болған. Сондықтан, Тыныштықбек бауырым, сені мен қазақтың талантты бір ұлы деп білемін. Егер мен артықтау айтсам, кешірім өтінемін. Бәріміз де қазағымыз иманды болса екен дейміз ғой. Әйтпесе, не рухымыз жоқ, не аталар дәстүрінен ада ұрпақпен ертеңгі болашаққа қалай барамыз. Жастарға өнеге көрсету сенің де, менің де парызымыз. Жырыңмен де бәлкім жақсы қырынан насихаттарсың. Ғаламтор дегенің пікір қосып, үн тастау ғой. Бәлкім сен де қазақтың әрнәрсеге шырмалған ойына бір шоқ тастайыншы деп те жазуың мүмкін. Ақындар ұйқыдағы халқын оятамын дейтін жандар ғой".
Нұртай Ерназар: "Жігіттер, хижаб туралы әңгімені қаузай беріп қайтеміз. Қазір кім не кимей жатыр. Жалпы мұсылман әйелдері қашанда әурат жерлерін жауып жүрген ғой. Тыныштықбек, менің білуімше, сіз көптен бері қазақ сөздерінің этимологиясымен айналысып келесіз ғой, этимология мені де қызықтырады. Әзіл болса да айтайын, осы хижаб дегенді ки жап деген қазақтың сөзі деп білейік те бұл тақырыпты жаба салайық. та. Ешқашан бітпейтін дауға араласып қайтеміз!"
Раушан Жакешбай: "Қаншама діншіл кісілер Тыныштықбек ағаға қарсы шабуыл жасап, Алланың атымен қорқытып жатқан секілді мында. Кезінде Абайды да аямағандар болды. Әсіресе сол замандағы догматтар. Ондайлар туралы Шәкәрім атамыз бүй деген. "Жолама, қулар, маңайға, Не қылмадың талайға? Кiм жағады сендерге Тартқызған азап Абайға? Соның да тiлiн алмадың‚ Сабадың‚ сөктiң‚ қарғадың. Көрiне қашан кiргенше Арсылдап иттей қалмадың. Сендерден белгi нең қалар? Жемтiгiң, жеген жем қалар. Ақылы дария Абайдан Таусылмас қоры кен қалар. Жақсыдан қазына пұл қалар, Солмайтын жасыл гүл қалар. Сендердей арсыз қулардан Желге ұшатын күл қалар. Менi арбайтын сен емес, Көнетiн саған мен емес. Ақылың сенiң – маған тұл, Дертiмдi жазар ем емес. Адамдық борыш, ар үшiн, Барша адамзат қамы үшiн, Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшiн. Сендермен де жүргемiн, Әр тесiкке кiргемiн. Жәдiгөй, арам сайтаным, Жаныңның сырын бiлгемiн. Сертiме жету – арманым, Көтерем тағдыр салғанын. Өлгенiмше iзденем, Толтырар кемiн қалғаным. Адам үшiн еңбегiм – Елу бес жыл тергенiм. Қалағанын қарап ал, Мұрам сол, жастар, бергенiм! Шәкәрім қажы".
Тыныштықбек Әбдікәкімұлының бұл жазбасын фейсбукте 36 адам бөліскен екен. Сан түрлі ойлар қақтығысы осы жерден үзілді. Ал ақын салғаласа беруден шаршаса керек, "діншілдердің" ойына қарсы ештеңе жазбады. Түйін сөз өздеріңізден.