Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің "Жүз жылдық жалғыздық" атты әйгілі романы – бүкіл әлем оқырмандарын тәнті еткен шығарма. Макондоның кішкентай тұрғынының әңгімесі ғана емес. Романда Колумбияның жүз жылға таяу тарихы толық баяндалады. белгілі журналист Жалғас Ертай жазушының осы бір романы туралы фэйсбук әлеуметтік желісінде өз ойын білдірген еді:
Маркестің жаңалығы не жүз қырық жылға созылған жалғыздық
Ұлы романдардың кейіпкерлерінде бала жоқ. Дон Кихотқа қараңыз, Пантагрюэльге назар салыңыз, Вертерді де еске алуға болады. Бальзактың да негізгі кейіпкерлерінде бала жоқ, Прусттың да, Кафканың да. Бұны алғаш байқаған Милан Кундера еді. Қызық деталь, өзі.
«Жүз жылдық жалғыздық» бұл ұлы қатардан ерекшеленіп тұр. Романдағы кейіпкерлердің зымырап, бірінен кейін бірі ауысып жатқаны сонша, адасып қалуға болады, аттарын шатастырып аласың дәл. Бірінен кейін бірі ауысқан Буэндиа ұрпақтары бір адамның қайта-қайта сүрген өмірі сияқты. Романның өне бойынан жүз жыл бойы жағаласқан жалғыздық есіп тұрады. Шығарманың негізгі үш тақырыбы бар: жалғыздық, уақыт, тағдыр.
"Жүз жылдық жалғыздық" – адамзат ойлап тапқан оқиғаның бәрін кішкентай Макондоға сыйғызып жіберген, Маркестің өз тілімен айтқанда, соның бәрін әжесі айтқандай етіп жазған шығарма.
Ұлы роман қалай пайда болады? Ұлттық ерекшелігін кеудеге ұрып мақтана паш еткенде емес, керісінше, оны абсурдқа ұласқан гротеске, жеңіл сарказмге айналдырғанда ғана ұлы роман пайда болады. "Жүз жылдық жалғыздық" – дәл сондай роман. Ол бойына ұлтының ғасырлық қайғысы мен қасіретін сыйғызып, тарихын сіңіріп, оны ғажайыпқа ұласқан ертегіге айналдырып, әжесінің тілімен әңгімелеп берді. Нәтижесінде XX ғасырдың ең ұлы романы дүниеге келді.
"Жүз жылдық жалғыздық" – магиялық реализм жанрының жарқын үлгісі. Магиялық реализмнің негізгі нысаны – ұжымдық мифологиялық сана. Маркестің тілімен айтсақ, ол роман емес, магияға толы ертегі жазған. Сол себепті де туындының ішінде елестер жүруі мүмкін, әруақтар келіп, аян беріп кетуі мүмкін, Макондада бәрі ұйқысыз жылдап жүре беруі мүмкін, бір түні болған оқиғаны бәрі тарс ұмытып қалуы мүмкін.
Маркестің жаңалығы да сол – рационал адамның санасын магиялық шынайылық арқылы сипаттауға ұмтылады. Мүмкін, ол бұлай жазған бірінші адам емес те шығар, бірақ ол осы стильде қалай шебер жазуға болатынын көрсетіп кеткен жазушы.
Қысқаша айтқанда, Маркестің бұл романын түсіну үшін өзіңіздің байсалды данышпан шапаныңызды шешіп қойып, әжеңіздің әңгімесін тыңдауға дайын болуыңыз керек. Содан да болар, кітапты қайта-қайта оқи бергің келеді екен.