Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы фейсбуктегі жеке парақшасында әдебиетке қатысты ойларын жиі бөлісіп отырады. Біраз бұран ақын фейсбуктегі "ақындарды" сынға алып, сыни негіздегі ойын жазған болатын. Ол жазбаға Ресейдің Санкт-Петербург қаласында оқып жүрген жас ақын Ақерке Асан үн қатқан-ды. Артынша С.Ақсұңқарұлы Ақеркеге жауап ойын жолдады. Аталған жазбалармен біздің де оқырмандар таныссын деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Серік Ақсұңқарұлы, ақын:
Жапондардың интелектуальдық деңгейінің биіктеп кеткені сонша, олар бір-біріне кітап сыйласа, бір-екі шумақ өлең жазып береді екен. Өлең болғанда қандай! Бірақ, өздерін ақынмын деп ойламаған!
Исі қазақ та той-думан, алқалы отырыста бір-біріне өлең айтып, айтыса да береді. Бірақ, өздерін ақынмын демеген! Неге? Жамбыл, Біржан сал, Ақан серілерге тәнті боп, Абайға әулиедей бас иген!
Ал, мына «поэзия фестиваліне» ҚАТЫСУШЫЛАР-ға бәрі бір; бұларға «Мұқағали—ішкіш», «Жамбыл-сталиншіл жырау», «Қасым—ескірген», «Олжас—орысшыл оңбаған», өздері ғана—ақын, ұлтшыл-патриот, данышпан!.. Масқара!
"Рымғали, әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жақсы бір ой айтасың, оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды" - депті Темірғали Нұртазин аспирант Рымғали Нұрғалиевке жан баласына айтпаған бір сырын айтып...
...Құдайдың жөні осы әдебиет дегеннің өзінен аулақ жүрген-ау деймін. Қазір оның маңайында неше түрлі сандалған сайқымазақ жүр; "Ғылым таппай, мақтанған, Орын таппай, баптанған. Өсекші, Өтірікші, Мақтаншақ, Сабырсыз, Арсыз, Еріншек, Көрсеқызар жалмауыз, Алты бақан алауыз, Сатқын, Пәлеқор, Арызқой. Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі" (бәрі Абайдың сөзі) қаптап жүр! Кеуделері аяқ қаптай! "Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлардың"(тағы да Абай) кері! Елдің бәрін өзіндей надан көреді...
Ұлы математик Джон Форбс Нэш Младший (Нобель сыйлығының лауреаты), алқалы топта әңгіме айтса, ылғи математика, физика туралы емес, поззия, махаббаттың киесі қахында ой толғайды екен. Қазақтың аса көрінекті математигі Асқар Жұмаділдаевтің Абайды түсінуі, Абайға тұшынуы қандай! Математиканың күрделі есептерін шығару үшін логикалық ойлау қабілеті ғана емес, алаулаған асқақ махаббат сезімі керек көрінеді. "Аланың хикметі махаббат, ғаділет, сезім" (Абай) екенін сезбейтін сабаздар қолына қалам алса, ел-жұртының миын қалай ашытатынын енді көріп отырмыз!
Социологияда «орташа шаруа» деген ұғым бар. Әдебиетте «орташа жазушы» деген ұғым болмауы керек еді. Бірақ, бізде бар сол ұғым...
Қазақ шәйірлері ормандай орыспен салыстырғанда өресіздеу, өлермендеу болып тұр. Әрбір ауылдың бір бір «Бұқар жырауы», әрбір облыстың бір бір «Мұқағалиы, Жұмекені мен Фаризасы» бар! Орыста мұндай жоқ қой!
Орыс-Орман-Ана Ақынын ұзақ толғатып, айлап-жылдап емес, араға ғасыр салып, әзер туады! Біздің қазақ күн сайын, жыл сайын түсік тастай береді; «түйеге мінгені төрт ауыз, атқа мінгені алты ауыз өлең айтып», "біз--ақын елміз!" - деп, мақтанып, масайрайды!
Абайдан кейін, есі дұрыс ұлт бұлай есірмесе керек-ті!
Осында бір сүмелек жүр! Шатып-бұтып бірдеңе жазады. Әліне қарамай, әдебиет хақындағы әңгімеге араласады! Әдебиет - Әулиелер мекені! Төрде адамзаттан асып туған Гомер, Толстой, Пушкин, Абай, Мағжан, Қасым, Бернс, Арагон т.б. отырғанда бұл жерде не бар оған?! Құнанбай саңқылдаған тұста қайдағы бір құл-құтан сөйлеуші ме еді?! Әдебиет те сондай - киелі жер еді ғой?! Ақын - адамзаттың алабөтен бір құбылыстарының бірі һәм бірегейі; ол алаөкпе біреулердің желік ойынан туа салмайды; асыл атаның белі мен ару ананың құрсағынан, туған топырағының қасиеті мен ел-жұртының қасіретінен туады! Абайдың әкесі--Құнанбай! - Мырқымбай емес! "Өлеңші" қауым-өлермендер туралы әңгіме басқа, олардың түп-тұқиянында бір кінәрат болуы мүмкін...
Немістің ұшқыр ойлы философы Фр. Ницщенің базардағы шыбындар туралы айтқаны бар еді. "Нәжісханадан кейінгі лас жер - базар!" - деген. Әдебиет базар емес еді ғой?
Дүниеге қайта айналып келсем, осы әдебиеттің маңына да жоламас едім!
Бірақ, болары болды. Көреміз де көнеміз! Әдебиетті ұсақ-түйек пенделер жасамайды, алыптар жасаған ғой!
Дегенмен, Темағаң (Темірғали Нұртазин) қалай ғажап айтқан?!
...Уа, Қасым аға, кешір мені!
facebook - Қазақ Поэзиясының қас жауына айналып барады!
Бүгіннен бастап; мен facebook-ке өлең салмаймын! Қаптаған қалың халтуршик өздерімен өздері жарысып, масайрай берсін!
Енді осылар менің орыныма егіндерін еге берсін,Қараорман қазақты рухани молшылыққа кенелтер болса...
Хош бол, facebook-тегі "поэзия фестивалі"!!!
Ақерке Асан, жас ақын:
Бiз әндi де тыңдағанды жақсы көремiз. Жақсы ән тыңдасақ деймiз. Әншiнiң де екi түрi бар (жалпылап айтсақ) : көше әншiсi және кәсiби әншi. Екеуiне де құдай дауыс берген. Кәсiби әншi көшеде ән айтпайды. Киелi сахнаға шығу үшiн көшедегi қыдырыстан бас тартып, талантын шыңдайды: алдыңғы толқынға қарап бой түзейдi, шет елдерге қарап ой түзейдi, iзденедi, машықтанады - ақырында өз стилiн тауып, халық алдына жарқ етiп шығады. Мақтау мен марапаттар шындалған сайын көбейе түседi... Көше әншiсi қайда қалды?! Көшеде жүрген әншi сахнадан тыңдаған әннiң стилiн, мақамын, тiптi дауысын аса асқан "талантпен" көшiрiп алады. Көшiрiп алып көшедегi қыздарға ән арнайды, достарына жыр арнайды. Сөйтiп сол көшенiң сәнiне айналады. Бәрi солай қалса жақсы ғой. Бiр күнi бiреу сол көше әншiсiне келiп "әй, анау сахнада жүрген әншiден (кәсiби әншi) қай жерiн кем?! Оған келген атақ саған да бұйыруы керек қой?!" дей салады... Кейде "Таудай талант бергенше, бармақтай бақ бер" деп өзiн-өзi жұбататындар бар. Ал кейде көше әншiлерi сол "бейшара" қалпын пайдаланып, "дүние деген теңсiздiк" лозунгымен кәсiби әншiлердiң сыртынан сөз айта бастайды... "Ол орындаған әндi мен де орындай аламын, онда бар дауыс менде де бар" дейдi... Өмiр бойы сол жалған "сенiмдермен" өтедi... Ақырында сұйығы кетiп, тас қалады... Стилiн мен болмысын қалыптастыра бiлген, сахнаға кәсiби деңгейде шыққан әншi тарихта қалады. Оның айтқан әндерiн көшеде жүрген балалар да уiлдете салып, иттер де үрген болады, көше әншiлерi де айтқан болады....
Сол сияқты қазақта көше ақындары мен кәсiби ақындар да бар. Тек көше ақындары интернетке көшкен. Интернетке көшiп, қолдарына билiк жеткендей күн кеше бастады... Бiрақ баяғы үрдiс әлi өз күшiн жоймады: Кәсiби ақын көшеде қалмай iздендi, күнi мен түнiн кiтапханаларда өткiзiп, өз стилiн, өз болмысын iздеу саяхатына белiн бекем буып шықты... Ақыры тапты! Дәл сол сәттi аңдып отырған жүздеген көше ақындары кәсiби ақынның поэзиясын қайталамақшы болады. Ақынның өлеңi - өлең болып қалды да, қалғанын бала да былдырлап айтты, ит те бiрдеңе ғып үрген болды... Ал ақырында уақыт пен шындық кiмнiң кiм екенiн дәлелдеп бердi!
Жақында Серiк Ақсұңқарұлы ағам ФБ- тағы "поэзия фестивалi"-мен қош айтысқанын жазған екен. Ақынның бiр қателiгi болса - әлемнiң теңсiздiгiне, өмiрдiң жалғандығына төзе алмауы, салқын қанды қарай алмауы... Десек те қоғамға шындықты айтады... Айтылған шындықтың бағасы да ауыр - ол ақынның жараланған жүрегi! Ақсұңқарұлы интернетке өлеңдерiн салмаған күнi - ақынның поэзиясы бәрiбiр сол биiгiнде қалады! Оны оқырмандары сағынып кiтаптан да оқиды, интернетке өздерi салып, бiр-бiрiмен өздерi бөлiседi. Ал баяғы көшенiң жүз ақыны - екi жүз көзi бадырайған күйi аңдып жүрiп, өлермендiкпен ауырып өткен күннiң өзiнде - Ақсұңқарұлының "бола алмаған копиялары" болып қалады! Өйткенi тереңдiк жоқ! Оқырман мен тобырды шатастырған көше ақындары бұрын да болмады дейсiз бе?! Олар әр заманда болды! Бiрақ уақыт оларды өз заманында ғана қалдырып, мәңгiлiкке тек Абай, Шәкәрiм, Мағжан, Мұқағалилердi қолынан жетектеп алып кеттi!!!
"Я памятник себе воздвиг нерукотворный..." - ГОРАЦИЙ, ДЕРЖАВИН, ПУШКИНнен кейiн бұл өлеңдi жазуға ендi Серiк ағамның да правосы бар! Мен сiзден осы өлеңдi күтемiн! Басқалары сосын қайталап көрсiн...
Серік Ақсұңқарұлы, ақын: