- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Фейсбук «ФБР-дің» қарауында...
Фейсбук «ФБР-дің» қарауында ма?
Бүгінде әлеуметтік желілердің әлеуеті зор. Желіде басталған әңгіме кең ауқым алып, белгілі бір шешім қабылдауға дейін жеткізеді. Қарапайым халықтың желіде айтқан әңгімесі, көтерген мәселесі, ой-пікірі ескерусіз қалмауы керек. Осы орайда бүгіннен бастап сайтымызда «Желідегі әңгіме» атты арнайы айдар ашып отырмыз. Бұл арқылы біз facebook, vk.com, instagram секілді танымал әлеуметтік желілерінде болып жатқан соңғы жаңалықтарды бөлісіп отырамыз. Нәтижесінде қолданушылардың ой-пікірін ортаға салып, қысқаша шолу жүргіземіз.
Айдарымыздың әлқиссасын фейсбукте болып жатқан соңғы жағдайдан бастасақ. Соңғы бір-екі күнде фейсбук беті шетелдік сайттар ұсынған тестілерге толып кетті. Қолданушылар «Сіздің шынайы жан досыңыз кім?», «Сіздің есіміңіз қандай мағына береді?», «50 жылдан кейін қандай боласың?», «Сіздің шотландық есіміңіз қандай?», «Өзіңнің жеке Wiki-бетіңді жаса!» деген секілді тестілермен бас қатыруда. Тестілердің бұл «кереметіне» таң қалған жұрт бірінен бірі қалмай байқап көріп жатыр. «Көріпкел сайттардың» бұл білгіштігі көп адамның назарын аударды. Кейбірі тест көрсеткіші «жан досыңыз» деп тапқан жүзі таныс адамға жүрегі жылып, жария қылып отырса, енді бірі еуропалық шал-кемпірлердің кейпіндегі 50 жылдан кейінгі бейнесін көрсетіп әлек.
«Өзіңнің жеке Wiki-бетіңді жаса!» деген бұл бағдарлама 44 тілде жұмыс жасайды. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Ана тіліміздегі аудармасы translate.google-дің деңгейінде. Дұрыс байланыспаған сөздерден көз сүрінеді.
Жұрт жаппай тұтынған бұл тестілерге наразы адамдар да табылды. Мәселен, белгілі саясаткер Айдос Сарым: «Өтініш! Фейсбук таспасы соңғы кездері жаппай тышқаққа шалдығып жатады. Жұрт нешетүрлі жеңіл-желпі "психологиялық зерттеулердің" нәтижелерін үсті үстіне жариялайтын мода шығарыпты!
Бауырларым-оу! Сіздер голландтық та, неміс те емессіздер, бола алмайсыздар да! Сіздер қартайғанда қытайдың шалы немесе еуропаның кемпірі бола алмайсыздар! Сіздер өзіңізге жақын адамды ресейлік ойыншық сайттарсыз да білесіздер!
Мықты болсаңыздар ресми түрде TOEFL-ды тапсырыңыздар, IQ тестінен өтіңіздер. Оны да ермек үшін емес, мақтану үшін емес, даму, өсу үшін өту керек шығар.
Ресейдің қылжақбас сайттарына жарнама жасап, өтіріктен өтірік көкіректі 2 минут керіп, қарынды 2 минут қампайтқаннан не шығады? Мына әлемжеліні, өз өмірімізді дәретханаға айналдырмайықшы. Өліп бара жатсақ көрейік, бірақ соны жарияламай-ақ қоялықшы. Абырой беретін, мақтанатын тесттің нәтижесін көрген емеспін. Тым серозный екенсіз деп сөкпеңіздер!» - деп күйінді.
Кейбір қолданушылар бұнда тұрған ештеңе жоқ, жай ғана қолданушылардың көңілін аулауға арналған құрал ғой дейді. «Егер сізге ұнамаса қарамай-ақ қойыңыз» деп сөкті бірі. Риза Шайқақ есімді қолданушы «кім лайкты көп басса сол адамды жақының деп шығарып береді» деп, бұндай жалған нәрсеге бола жаға жартыспау керегін айтады. Яғни, бір тараптың пікірі бойынша, түймедейді түйедей етіп, мәселе көтерудің еш реті жоқ.
«50 жылдан кейін қандай боласың?» деген тестінің түрі осындай.
Астаналық бір ару бұл тестінің еуропаның шал-кемпірлерін шығарып беретініне күйінсе керек, өзі жаңа нұсқасын жасап алыпты. Және бұнысы қазақша сөйлейді. "Бұл енді менің нұсқам! Орыс әжелерге емес өзімнің туған әжеме ұқсайтын боламын бұйыртса!" деп жазыпты ол жеке парақшасына.
Осылайша қолданушылар "тапқыр тестілерді" қызықтап, әзілге айналдырды. Дегенмен белгілі журналист, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы бұл жағдайға жеңіл қарауға болмайды дейді. «Ауылдан келіп, Фб-ға кірсем: ФБР-ға өзі жайлы мәліметтерді толық жайып салып, қорытындысына "бір-бірімізге родственная душа екенімізді бұ желі қалай ғана біліп қойды?" деп масаттанған ел, төрт тараптағы топан су, кіл күш-қайраты басына шапшыған педофилдер жайлы ақпарат, өз суретіне өзі тамсанған еркек, "қор боп жүрсіз, Парижде тұруыңыз керек еді" деген өтірік тест, кіл данышпан жазған ақылды посттар, жұрттың дінінің адал-жалғанын таразылаған сарыауыз "абыз", осы демалыстағы саламатты өмір салты-пикник, бір жарым жасар баласының тырқ еткізгенін ерекше талант деп жар салған ата-ана, қысқасы, ештеңе де өзгермеген... Айнала - ақырзаман...», - деп жазып, фейсбуктегі ағайынның іс-әрекетін сынға алды.
Ш. Талап