Албырт жастыққа бәрі жарасады. Бәрі де үйлесімді, кешірімді. Жастық – адам өмірінің ең қымбат кезеңі. Үлкендердің жастығын сағынып, жиі еске алып айтып отыратыны да осы болса керек. Әр дәуірдің өзіндік қызықтары мен естеліктері болады. Хат жазатын дәуір де, ысқырықтар дәуірі де өтті. Бүгінгідей технологиялар дамыған дәуірде романтиканың ауылы алыстап кетті дейді үлкендер. Сіз қалай ойлайсыз? Белгілі ақын Ерлан Жүніс осы жөнінде ой білдірді.
Өмір қатынастары қалай тез өзгерді, иə. Бар-жоғы осыдан он бес жыл бұрын ғана бізде интернет, əлеуметтік желілер, ұялы телефондар, планшет, ноутбук дегендер жоқ еді.
Радиотелефон болатын, есіктің алдына шықсаң, тартпай қалатын бар болғыр. Сол кезең - ғажап кезең екен, қазір ойласам. Кешкі сегіздің кезінде қала бойынша қалың ысқыру мен шапалақтау басталатын.
Ысқырықтар əртүрлі болады: nescafe, бумер, бригада, салют, "көк ит" т.б. Шапалақтау да əртүрлі: екілік, үштік, үздіксіз бестік, үзіліспен төрттік деген секілді. Айтпақшы, олардың қатарында таңдау тақылдату мен терезеге қиыршық тас ату бар.
Үйде жатасың. Neskafe ысқырығы. Бəлен аудандағы балалар келгенін білесің. Бумер ысқырығы - түген аудандағы достар келгенін түсіне қоясың. Бригада - кластастар келгені.
Бумерді ұзақ ысқырса: "Киініп шық, қыздарға барамыз" деген сөз. Қысқа қайырса: "Есіктің алдында əңгімелесіп отырамыз" деген сөз. Əр достардың сондай өз ысқырығы болады.
Құрбы қыздарға барамыз. Балконының астына келіп ысқырасың. Бөлмесінің жарығын бір сөндіріп жақса, "қазір шығамын" дегені. Екі өшіріп жақса - "Кешірек шығамын. Үйдегілер жібермейді" дегені.
Қыздардың үйіндегілер ысқырығыңды танып алады. Не істеу керек? Шапалақтайсың - қыздардың құралы. Қыз болса: "кластас құрбым келіп тұр" деп, оңай сұранып шығады.
Ал қазір соның бірі жоқ. Ешкім балконыңның астынан ысқырмайды. Сен де ешқандай балконға қарамайсың. Достар келе жатқанын желіден білесің, келгенде қоңырау шала салады. Бейтаныстық шармы да жоқ. Аватардағы суреттерінен бəрін түстеп танисың.
Қазіргі бозбала-бойжеткендерге кейде жаным ашиды. Шын романтика алыстап барады.