Екібастұз автобусының кондукторы халықтың сүйіктісіне айналды.
Алмагүл Нұрғалиева 10 жылдан аса уақыт бойы кондуктор болып жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол жолаушылардан көптеген сөз естіді. Олардың кейбірі хат жазып, ол жұмыс істейтін "Нар Транс" ЖШС-ға апарған. Алайда оны қадір тұтқан жандар саны Екібастұзда және өзге қалаларда мыңдап саналады, бірақ өзі бұл жайттан бейхабар еді. Бұл оқиға Алмагүлдің жерлесі Татьяна Романескүл "Одноклассники" әлеуметтік желісіне кондуктор әйелмен түскен суретін салғаннан кейін басталған.
Сурет жарияланған бірінші тәулікте оған 4 мыңнан аса адам лайк басқан. 200-ден аса қолданушы суретке пікір қалдырып, Алмагүл Нұрғалиеваның жұмысына қатысты ойларын жазды. Олардың қатарында екібастұздықтар ғана емес, Павлодар, Қарағанды, Астана, Брянск және Якутия тұрғындары да болды. "Оның орны Қазақстан Парламентінде", — деп жазды қолданушылардың бірі Виктор Хлыстов. Тағы бір қолданушы Алмагүл Нұрғалиева оның жоғалтқан анықтамасын тауып алып, оған қайтарғанын жазды.
Алмагүл Нұрғалиева бұған дейін №9 балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істегенін айтты, бірақ қайта құру кезеңінде табысы жоғары жұмыс іздеп, базарда сатушы болған. Ол жалғыз қызын аяққа тұрғызуға тырысыпты. Кейін оның құрбысы рейсте орнына жұмыс істеп беруін өтінген. Ол сөйтіп, автобуста кондуктор қызметінде қалыпты.
Әрдайым сергек жүріп, жолаушыларға жақсы көңіл-күй сыйлау қалай қолыңыздан келеді деген сұраққа ол: "Жұмысымды жақсы көремін! Жолаушыларды жақсы көремін! Автобус жылы. Жүргізуші де жақсы. Салон әрдайым таза. Ашуланатын несі бар? Адамдар жұмысқа, үйіне барады, шаруаларымен жүреді. Жақсы көңіл-күй ешқашан артық болмайды. Мастарды, жанжалқойларды ұнатпайтыным рас. Мен оларды жаяу серуендеуге жіберемін. Таза ауада өз әрекетіне ойлануға кеңес беремін. Өзге жолаушылар неліктен арақтың иісін иіскеп, олардың былапыт сөздерін тыңдауы тиіс?", — деп жауап берді.
Әйел өзінің танымалдығы туралы кәсіпорын күзетшілерінен білген, кейін басқа азаматтардан естіпті. Жарияланымнан кейінгі келесі күні таңертең жолаушылар оған күлімдеп қарай бастаған. "Басында олар неге күледі деп ештеңе түсіне алмадым, — дейді Алмагүл, — Кейін олар мені Интернеттен көргендерін, жұлдыз болып кеткенімді айтты! (күлді). Мен туралы жазып жатса, демек, еңбегім бар шығар! Мен үшін бір ғанибет!", — деді ол.
Жолаушылар айтуынша, онымен өткізген сапардан кейін күні бойы көңіл-күйлері көтеріңкі жүреді. Әлеуметтік желіде Екібастұзға келіп, Алмагүл Нұрғалиевамен бірге жетінші автобуспен жүргісі келетіндердің саны артып жатыр. Ал оны нөмірі 335 жетінші автобуста да кездестіруге болады.
Дереккөз: Tengrinews.kz