Дүмше дегенді "ақымақ" деп жүрміз ғой. Шын мағынасы сəл басқалау екен, негізі.
Ал, әйгілі мәтелдің шығу тарихына келсек. Бұрынғының молдалары, үйіне атақты ғалым-ғұламалар қонақ боп түсіп жатса, шәкірттерін шақыртып алады екен. Оқушылар, келген меймандардың қолына құманмен су құйып, ас-шәй тасиды ғой. Су құйып жүріп, шәй тасып жүріп өнегелі әңгімелерді ести берсін, құлағына жете берсін,-деген ниет қой.
Расымен, кіріп-шығып жүріп, шәкірттер талай әңгімелерді, өсиеттерді тыңдаған... Тыңдағанын ауылға барғасын айтпай ма? Бірақ... Бірағы сол, қайбір шәкірттер әңгімені аяғына дейін тыңдамаған болып шығады. Содан соңын өз ойымен тәмамдап жібергендер болған. Енді біреулері өсиеттің философиясын ұқпаған болады. Олар өз ойымен пәтуа-шешім айта салады. Осыдан, ауылдағы ағайынның танымына қате ақпарат сіңеді.
Ұмытып барам, дүмше деп, Сыр қазақтары құманды айтады. Дүмше молда дін бұзар дегеннің мағынасы --- құманмен су тасып жүріп, естіп қалғанын,ескеріп-толғанып алмай елге жаюшы дегенді білдірсе керек!
P/S: Бізде де, шетелдік профессордың лекциясына бір-екі рет қатысып, содан естіп қалғанын, оқып қалғанын білім деп ойлап, әлі онысын толық қорытып болмай жатып, елге жаятындар бар. Жə, қай-қайдағы еске түсіп кетті.
Нұрбек Бекбау