- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- "Чехов адамның физикалық...
"Чехов адамның физикалық қажеттілігі жеңіп кететінін көрсеткісі келген..."
Орыс классиктерінің есімі қазақ оқырмандарына әуелден таныс. А.Чеховтың есімін білмейтін қазақ жоқ шығар. Белгілі әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы жақында өзінің фэйсбук парақшасына жазушының "Ұйқым келеді" атты шығармасы жөнінде құнды пікір білдірген еді...
Амангелді Кеңшілікұлы: "Чехов адамның физикалық қажеттілігі жеңіп кететінін көрсеткісі келген..."
Чеховтың «Ұйқым келеді» деп аталатын әдемі әңгімесі бар. Көлемі екі беттей ғана әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай. «Түн. Он үш жастағы үй күтуші қыз Варька ән айтып, сәби уатып отыр. Нәресте түні бойы маза бермей, жылап шықты. Діңкесі құрып шаршаған Варьканың ұйқысы келеді. Бірақ, байқаусызда мүлгіп кетсе, қожайындарынан оңдырмай таяқ жейді, көзі ілініп кетпеуі үшін ол барынша тырысып отыр. Осылай қалжырап жүргенде бір күні ауыр науқастан Варьканың әкесі дүние салады. Байғұс қыздың әкесін жоқтап жылауға да мұршасы жоқ. Ол осы үйдің барлық шәруасын тындыруы және түні бойы көз шырымын да алмай сәбиді тербетуі керек. Ұйқысын бір қандыру –Варьканың ең ұлы арманы.
Кешке таман Варька сыра мен арақ алу үшін дүкенге жүгіріп барып келді, басқа да үй жұмыстарын жасап үлгерді. Сосын... ең соңғы, ең ауыр ісі баланы тербетуге кірісті. Қанша тырысса да Варьканың көзі жұмылып кете береді. Алайда, ұйықтауға болмайды. Бір кезде Варька бір тынығып алуына кедергі болып жүрген жанның кім екенін анық түсінді. Ол – түні бойы ұйықтамай, жылап шығатын сәби. Бұрын Варька осы қарапайым шындықты қалай білмей келген? Жалған түсінік санасын тұмандандырған Варька бесіктің жанына жақындап келіп, нәрестені қылқындырып өлтіреді де, қалың ұйқыға кетеді".
Менің ойымша Чехов осы әңгімесі арқылы, руханилықты қанша биік қойсақ та, адамның физикалық қажеттілігінің жеңіп кететінін көрсеткісі келді. Неге екенін білмеймін, сәбилерін дәретханаға тастап жатқан оқиғалар көбейген сайын, орыс классигінің «Ұйқым келеді» атты әңгімесі есіме түсе береді.
Ж. Жұмағұлов