Кейде басымыздағы бақты бағалай алмай, өзгенің таңсығын қаңсық етіп жататын кезіміз болады. Жолында қиындық кездеспейтін адам жоқ. Ал кез келген қиындыққа дайын болу үшін өмірде орын алатын түрлі жағдайды біліп жүрген жөн. Сол себепті, бұдан былай Интернетте жарық көрген өмірден алынған оқиғаларды жариялап отырамыз.
Мен 13 жастамын. Менің алдымда әпкем бар. Ол сұңғақ бойлы және өте әдемі. Анам оны үнемі мақтайды да отырады, ал мені кемсітеді. Қызғанғаным емес. Тек түсінбейтінім, анам неліктен әпкем екеумізді бөліп жарады? Әпкеме бар киімді алып беріп, мәпелеп отырады. Тойға барарда көйлек киіп жатсам, жараспайды, ұсқынсыз болып тұрсың деп шешкізіп тастайды. "Сен еркек бала сияқтысың", "Сен әдемі емессің", "Саған киім үйлеспейді", "Не керек саған", "Сен әкеңнің әпкелеріне ұқсағансың", "Қап-қарасың" деген намысыма тиетін сөздерді айтуын тоқтатар емес. Сонда менің кінәм әкеме тартқанымда ма? Әлде еркек бала сияқты болғанымда ма? Мен сондай болайыншы деп тілеп алыппын ба? Анамды түсінбеймін. Неліктен олай айтады екен? Ана деген балаларын бөліп жармай, қатар өсіріп, бірдей жақсы көру керек емес пе?
Менің жасым 20-дан асты. Анам қашан тұрмысқа шығасың деп сұрай береді. "Жасың болса 20-дан асты, құрдастарыңның 1-2 баласы бар. Ал сен әлі жүрсің", - деп күн сайын мазамды алады. Шынымен де достарымның барлығы отбасылы жандар. Бірақ менің жігітім жоқ. Ондай сұрақтар менің жаныма ауыр тиетінін анам неге түсінбейді?