Бүгінде қазақ тойы туралы әңгіме көп. Бұған себеп қарапайым қазақы тойдың заман ағымымен мың түрленіп жатқандығында жатса керек. Бар жиғанын тойға шашқан аңғал қазақ шет елден әнші алдырып, жалға алған қымбат ресторанына жас жұбайларды лимузинмен кіргізіп, одан қалмай отандық "жұлдыздарды" жамырай өргізіп, аста-төк дастарханға бәлен жүз қонақ шақырып шашылады. Жарайды делік. Негізгі мәселе - бүгінгі тойдағы қазақ дәстүрлерінің озығы мен тозығы хақында болып тұр. Бір ғана мысал. Кеше ғана белгілі журналист Марат Тоқашбаевтың фэйсбуктегі парақшасында беташар турасында бір мәселенің шетін шығарды. Оқып көрейік.
"Қазақта көп тойлар онсыз да бір жарым-екі сағат кешігіп басталады. Содан «жар-жар» айтып жас жұбайларды ортаға шақырады. Ары қарай «Беташарға» кезек беріледі. Беташар айтушы тойға жігіт жағынан келгендерді түгелдей атап шығуға бейім. Өйткені, табаққа түсетін көрімдік көбейеді. Бұл рәсім онсыз да күтіп қалған қонақтардың тағы 20-30 минут уақытын алады. Өз басым тіпті шаршап кетем.
Көп жағдайда тойлардағы осы «беташар» рәсімі тек әншейін «спектакль» ғана. Өйткені, келін түскелі екі-үш апта, тіпті бір-екі ай өтіп кеткен. Үйде беташар тойы жасалған. Тіпті бірде беташардан кейін, той үстінде жас келін толғатып, «Жедел жәрдем» келіп алып та кеткен жағдайлар болған. Сонда өтірік беташардың қажеті қанша?! Ол кімге керек? Әдетте қазақи салтта беташар үйге келін түскен бойда, оң аяқпен босаға аттаған сәтте айтылады. Әрі онда бүкіл ауылдың бәрін тізбейді. Тек ет жақындарды ғана жырмен таныстырады. Бұл дұрыс-ақ.
Ал босаға аттап қойған соң бәлен уақыттан кейін өткізілетін тойда тағы беташар айту асабадан басқа ешкімге қажеті жоқ. Өзімізді сыйлайық. Уақыттан қымбат нәрсе жоқ. Қонақтардың сол қымбат уақытын сыйлайық. Сондықтан мұндай «бетсіз беташарларды» тоқтату қажет деп ойлаймын!"
Бұл бастамаға фейсбук қолданушылары өз ойларын айтып, түрліше пікір білдірді:
Zholtay Zhumat-Almashuly: - Өте дұрыс! Жақсы ой қозғапсыз, Марат аға! Беташу үйге келін келген күні жасалатын рәсім ғой, той бір айдан соң өтетін болса, беті ашылмай жүре бермек пе?
Раушан Қалмомынұлы: - Ия, беташар деген атаудың өзі "беті ашылмаған", демек, етегін желден басқа ештеңе де, ешкім де көтермеген қыздарға арналған. Ал қазір ше, қарны шермиіп тұрса да аша береді. Оның үстіне ата-анасының көзінше бет ашу өте көргенсіздік!
Сәкен Сыбанбай: - Тойдағы беташарды Алматыға келіп көрдік қой. Оңтүстікте беташар келін алғаш түскен кезде ғана болады, ал тойда жасалмайды.
Халима Тәжіқұл: - Сол тойдағы беташар соңында енді осындағы көпшілікке бір сәлеееем деп аяқтайды, бетім-ай, ол тойдың негізгі қонағы келіннің төркіні сонда отыр, өз қыздары сәлем салғанда жер болмай ма екен? Осыны ойлап жүрмін.
Gauhar Sadirbaeva: - Бүкіл тойдағы жоралғылар тамаданың бизнесі үшін арналған. Тіпті бірде екі жастың суретін аукционға қойып, екі құда жақты қырылыстырып жіберген тамада. Қарапайым халықта қайдағы артық ақша, шашылып той жасайды, қыз жағы барын әкеледі. Артық ақша кімде болсын? Адам адал жолмен бай болмайтыны анық, ұры бизнесмен, не жемқор шенеунік болу керексің.
Жомартбек Нурманов: - Той форматы бірте-бірте өзгеруге тиіс. Қазіргі асабалардың жаттанды әзілдері, жеңілтек ойындары, жастардың жұлқына билегендері, жас-жұбайлардың ата-анасына торт асатуы, тойдағы отырыстан фотосуреттерді тықпалау, ұзын-сонар ақыл-тілек айту - бәрі әбден мезі қылды. Дегенмен, қазақтың тойлары тыйылмасын!
Амина Муржусупова: - Менің Ұғыбай деген ағайым, бір тойдан соң біздің үйде шәй ішіп отырып, былай деп еді: "Немене ана ырың-жырың би, онан да музыканы ақырындатып қойып, әңгімелесіп отырмай ма" деп. Жамал жеңгем екеуміз айттық: "Онда тойға барып қайтесіз, музыканы ақырындатып, қажет адамыңды шақырып үйде отырмайсыз ба әңгімелесіп" деп.
Жомартбек Нурманов: - Тойды айтасыздар, соңғы уақытта жаназа асында да тойға бергісіз аста-төк дастархан жайылып, қазалы отбасына жұбату айтудың, қайғысын бөлісудің орнына әрі-беріні қозғай, естелік әңгіме, марқұмға жалпылама мадақ айтылатын болып барады.
Гульмира Абыкай: - Қазақта қыз балаға ең жаман сөз "беті ашылған". Негізі қызының беті ашылғанын төркіні көрмеу керек! Біздің жақта заң солай! Ал, қазір туған әке-шеше, бауырларының алдында қыз иіліп (егер иіле алса) тұра береді, жастар инструкциямен жүреді, үлкендер санасыз, құдай-құдағи барлық дәстүр-салтты кеңесу керек. Әйтпесе, елге көрсететін бір бөлек, ерге көрсететін тіптен бөлек.
Абдрашит Бакирулы: - Мұны "қазақтың бірін-бірі бопсалауы" демеске амалым жоқ! Қазақтың "қытықты жері" - намысына әсер ету арқылы қалтасындағы соңғы тиынын қағып алу амалы. Жалпы, Той иесі өзінің құрметті қонақтарын сыйлайтын болса, онда ол асабаға беташарда "табақ тартуға" тыйым салуы керек. Болмаса, бұл рәсімді өз қалтасынан төлесін! Қонақ "соңғы тиынын санап" әбігерге түспеуі тиіс. Ол өз сыйын алып келді. Той иесіне табыс етті. Сонымен тәмәм - алаңсыз тойла! Біз болсақ қайта-қайта қол сумаңдатамыз келіп... Бопсалау деген осы ғой.
Айжан Имантаева: - Марат аға, көптің көкейінде жүрген өте орынды мәселені қозғапсыз. Шынында да осы күнгі тойларда айтылатын беташар келген қонақты жалықтырып жібереді. Біздің жақтың тойларында асаба келіннің бетін кем дегенде 20-25 минут ашады. Ол беташардың ішінде үйленіп жатқан жігіттің ата-анасынан бастап бүкіл туған-туысы айтылады. Одан соң келін сол ата-анасының жора-жолдасы, көрші-қолаңы, не керек әйтеуір тойға келсін-келмесін бүкіл ел-жұртқа иіліп сәлем береді. (Тектен-текке иілмейді ғой, олардың бәрін асаба атын атап, түсін түстеп термелеп айтып шығады). Кейде қалтасына артық ақша салмай барғандар, өз есімдерін естігенде есі шығып, жанындағылардан қарыз сұрап жатады. Өйткені атың аталған соң, табаққа ақша салмасаң - ұят. Жақында Қарағандыда тойға бардым. Беташар айтылды. Қысқа - нұсқа. Ата-анасын, туған-туыс, ел-жұртын жалпылама таныстырып, екі-үш рет қана келінге сәлем салғызды. Болды. Өте әдемі, әсерлі және шынайы шықты.
Әділет Ыбырай: - Өте дұрыс. Бет ашылғанға дейін ешкім көре алмай арманда жүретін еді бұрын. Беташарға "келіншектің түрін көреміз" деп баратын едік бұрын бала кезімізде.
Салия Абдикаримова: - Дұрыс айтасыз, Марат аға. Бұрын келін түскен соң ең әрісі бір апта шымылдықта отыратын. Шымылдықта отырған келін ешқандай үй шаруасына араласпайды, шымылдықтан шықпайды. Беташар жасалып, беті ашылғаннан кейін барып үй шаруасымен айналысуына рұқсат етілетін, содан кейін сол үйдің бір мүшесі болып сіңісіп кете беретін еді. Бүгінгі күні ресторанда той жасаймыз деп бәрі тамаданың сценарийіне байланып қалды. Көпшілік Дәстүрге мән бермейтін болып барады. Шымылдық пен беташардың үлкен мәні бар.