- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Бала өзіне ұнаған...
Бала өзіне ұнаған кітапты оқиды
Кітап оқылудың деңгейі қай деңгейде? Біз не оқып жүрміз? Біздің балаларымыз не оқығысы келеді? Оларға нені оқыту керек? Міне, осындай сұрақтарды өзімізге қойған кезде сәл ойланып қалатынымыз ақиқат. Ия, басты себеп бүгінгі дәуірдің адам баласынан жылдамдықты қажет ететінімен байланыстыруға болады. Әйтсе де, біз өз балалалрымызды өзіміз тәрбиелемесек, ешкім тәрбиелемесі анық. Бүгінгінің балаларына қанша күштеп кітап оқытсаңыз да, олар өздеріне қажеттісін ғана оқиды. Жуырда ғана белгілі журналист Болат Мүрсәлім фэйсбуктағы парақшасына осы жөнінде өз ойын білдірген еді. Соған назар аударып көрелік.
«Қазіргі балалар кітап оқымайды» деген сөз көп айтылады. «Неге?» деп жауабын көп іздейміз. Биыл жазғы каникулда әдеттегіше біз де ойландық... 3-сыныпты бітірген жылы ғой деймін, әкем мен шешем «осы кітап қызық» деп, Сансызбай Сарғасқаевтың қалың бір кітабын әкеп берді. «Оқы» деді. Оқыдым. Түк қызық емес. Әр әңгімесін, повесін жаңалап бастап оқимын. Ұнамады. «Тәмпіш қарасын» оқығам, ол қызық еді. Мыналар қызық емес. Есіме сол кез түсті. Өйткені, балаларға Әуезовтен бастап Оралханға дейін, Дымбілместен бастап Том Сойерге дейін біраз кітапты оқы дейсің. Жартысын оқиды, жартысын оқымайды. Өзіңше кіріспе айтып қызықтырасың, талап қоясың, ұрсасың – қайтсе де оқыса дейсің. Сарғасқаев тәжірибесі сол себепті еске түсті. Біреудің «оқы» дегенін емес, өзің оқығың келгенді ғана оқисың. Балаларды «көрейінші осы» деп кітап дүкеніне алып бардық. Таңдағандарын алсын деп. Балалар «Хроники Нарниидің» төрт повесі мен «Питер Пэнді» алды. Кәдімгіше қызығып оқыды. Үйге келген соң, осы күнге дейін оқыған кітаптарының тізімін жазғызып көрдім. «Көксерек», «Менің атым Қожамен» басталған тізім Б.Сарыбайдың «Мейірім», А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» сияқты шығармаларымен аяқталды. Шетелдік балалар әдебиетінен 5-6 кітап. Сонда ғана барып, бала өзіне ұнаған, қызық көрген дүниені оқиды екен ғой деп ойладым.
Ж. Жұмағұлов