Оқырмандармен кездесу барысында жиі еститін сұрақтарымның бірі: Қазіргі замандас ақындардан кімді оқисыз? Басында бір түрлі ыңғайсызданып қысылушы едім, бірақ кейінірек ешкімді деп жауап беретін болдым. Ащы болса да, шындық. Мен бұл үшін ұялмаймын. Үлкендерді айтып отырған жоқпын, қанша дегенмен болмысы басқа кезеңде қалыптасты, бірақ жас ақындар қай заманда өмір сүріп жатқанымен санасқаны дұрыс. Бірнеше рет шенеуніктің қатысуымен өткен жас ақындардың жиынында болғаным бар. Сонда тәуелсіз жылдары қалыптасқан, тәуелсіздігімізбен қатарлас өлең шеберлерінің сөздері мен ойлауы совет кезінде піскен ақындардан аса алмай жатқанын аңғардым. Шенділерге адамдардың поэзияны оқымай кеткенін айтады, өлеңдерін басуға қаражат сұрайды. Қою керек қой. Ал жарайды, мемлекет қолдауымен басылған екен. Шенеунік қолдаса, тағы бір тиражды көріп мәз боларсың. Бірақ шығармашылығыңның басты мақсаты қандай? Өлеңдеріңді кітап қылып шығарып, туыстарыңа таратып мақтану ма әлде поэзияңның оқырманның жүрегіне жеткені ме? Ол кітаптардың басылып шыққанын кім біліп жатыр? Бізде ақын көп. Өлең жазбайтын қазақты кездестірмеген шығармын әлі. Неге ақындарымыздың жас буыны бір-бірімен бәсекелестікке түспейді? Неге шығармалары бәсекелестіктен топ жарып, оқырманға жол тартпайды? Мен тұтынушылық заманда өмір сүріп жатқан адаммын. Қаласам да, қаламасам да, тұтынушылық болмыс менің санамды билейді, басқа амалым жоқ. Қарапайым тілмен айтсам, пицца жегім келсе, кептелісте тұрып, итім шығып, оны қай жерде сатып алсам болады деп жүгірмеймін. Интернетке кіремін де, өнімін үйіме жиырма минутта жеткізіп беруге дайын бес-алты кәсіпкердің ұсынысын оп-оңай тауып аламын. Соған жаман үйрене бастаймын, солай санам қалыптасады. Өлең де тауар. Шенеуніктің қолдап, кітабыңды шығарып бергені шығармаңа артықшылық қоспайды, поэзияңа береке бермейді. Сен сұрап бардың, қайта бетің қалың екен, ал бір ұялшақ ақын ондайға бара алмайды. Сонда оның поэзиясы оқуға лайықсыз деген сөз бе? Лайықты санасаң дәлелде. Шығармашылығың өмір сүрсін десең - өзің жүгір. Қазір тапсырыс берген кітабыңды тез жеткізіп беретін бірнеше онлайн-қызмет бар. Сен солармен келістің бе? Басқасын айтпағанда, жинағыңа сол жерде тапсырыс беруге бола ма? Әлі жүрсің бе? Онда ойлан. Поэзияң оқырман түгіл өзіңе керек емес сияқты ғой. Интеллигенциямыз, жас ақын, жазушыларымыз масылдық санадан арылуы керек. Әйтпесе мәдениетіміз өрге жүзбейді және жаңғыруымыз екіталай. P.S. Осында суреттеген ақынымның идеалына ұқсап келе жатқан шебер болса, ол, сірә,Мақпал Жұмабайшығар. Бақытжан Бұқарбайфейсбуктегі жазбасынан