Бүгінгі проза жөнінде әр түрлі әңгімелер айтылып жүр. Жалпы бүгінгі әдебиетке қандай шығармалар қажет деген сауал әдебиетші мамандардың да ойында жүргені белгілі. Жазушы Есболат Айдабосын филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Айгүл Әсмақованың "Әдебиет порталына" берген сұхбатында бүгінгі әдебиетке қатысты айтқан ойын өзінің фэйсбук желісіндегі парақшасына жазған еді.
Бізге ұлтына адал қызмет еткен тарихи тұлғалар туралы әдеби шығармалар керек. Қазақтың батырлары қара басының қамы үшін жан кешті дегенді елестете аласыз ба? Олар атақ, даңқ, лауазым үшін емес, халыққа қызмет етуді адамдық парызы санады...
...Ал қазіргі прозаның көбі фломастермен салынған суреттердей: оқылады, қабылдайсың, бірақ тілдің нәрі мен бейнелілігі шамалы болғандықтан есте қалмай, эстетикалық әсері шамалы болып қала береді. Бүгінгі әдебиеттің басты кемшілігі де осы тіл жұтаңдығы екенін мойындауымыз керек. Ұлт тілі – халықтың мәдениеті мен келбеті. Қазақтың әдеби жәдігерлерінде ұлт тарихы мен ұлт келбеті тұрғанын естен шығармауымыз қажет. Сондықтан ана тілін, ұлт тарихын, ұлт әдебиеті мен мәдениетін зерттейтін институттар екінші қатарда қалмауы тиіс.
...Парижде тек француз тілі, Германияда Гетенің тілі ғана салтанат құрғанына ешкім таңғалмайды. Біз болсақ, үш тілді бірінші сыныптан бастап енгізіп, қазақ тілін «көкпарға» өзіміз салып жатырмыз. Ауыл баласының күні не болатыны белгісіз... Үш тілді меңгермек түгілі, оқуға ілесе алмай, сауатсыздыққа ұшырап кетпесек екен деп қауіптенем. Басқаларға қазақтың сауатты болуы керек емес екенін түсінетін кез келді ғой.