- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Ауа саудагері...
Ауа саудагері
Бала кезімізде үйде мұқабасы тоза бастаған бір кітап болатын. Атауы да қызық. «Ауа саудагері». Алғы сөзінде автор Александр Беляевті фантаст-жазушы деп таныстырған. Фантастиканың не екенін түсінбейміз. Әйтеуір шығарманы оқи келе, адамның жүйрік қиялынан туындағанын ұқтық. Әйтпесе, қаншалықты дүниеқоңыз болса да, капиталист –коммерсант Бейлидің басқа-басқа, кәдімгі ауаны сатып, байимын деуі, тіпті ақылға сыймады. Оның үстіне роман алғаш рет сонау 1929 жылы жарық көрген.
Сөйтсек, капитализм деген пәле еңбекқор пендені жоқтан бар жасауға мәжбүрлейді екен. Қазба байлықтан мақұрым жапон мен кәріс электрондық құралымен дүниені жаулап алды. Мұраты коммунистік, бірақ сипаты капиталистік қытай олардан да асып түсетін сияқты. Шығыстағы көршіміз кәдімгі ауадан ақша жасайды. Гуандун аймағындағы Лияң Шаң тауының етегіне қоныс тепкен тұрғындар қаладан келген саяхатшыларды үрленген қапшықпен (суретте) қарсы алады. Ішінде түрлі жемістің гүлі мен таза ауа. Туристер әу баста тосын тауарға тосырқай қарапты. Алайда денсаулықтың қадірін түсініп, сауданы қыздыра түскен. Өндіріс ошағы мен көлігі көп қалада таза ауа қат. Өткен жетіде осы елге барып қайтқан газетіміздің тілшісі Елдос Өмірзақов Бейжің көшесінде тыныс еріксіз тарылатынын, жұрттың дені аузы-мұрнын дәкемен тұмшалап жүретінін айтады. Әлгі дәкені үш сағатта ауыстырып отыру керек. 22 миллион тұрғыны бар алып шаһарда түрлі кесел белең алған. Ендігі жерде пысық кәсіпкерлер қалаға ауыз сумен бірге таза ауаны да жеткізетін күн де алыс емес. Өйткені, өндіріске ақша жұмсамайтын бұл өнімге сұраныс Қытайда барған сайын көбейе түсуде.
Біздің Алматы да таза ауаға зәру. Көшеге сыймай кеткен көліктегі лас жанар-жағармай айналаны улап жатыр. Екі-үш жыл бұрын Шымбұлақтың төбесінен Көктөбе көрінетін. Қазір қалың түтіннен ештеңені айыра алмайсың. Түтін Медеуге жақындап келеді. Таза ауада демалып, спортпен айналысқысы келген тұрғындар Көкжайлауға үміт артып еді. Өкінішке қарай, үміті ақталмады. Көк түтінге тұншыққан қаланың экологиясына келгенде үндемейтін табиғат «жанашырларының» айқайы басым түсті.
Қала әкімдігі сырттан ағылған ескі мәшинелерді тексеріп кіргіземіз деп еді. Ұмытып та кеткен шығар. Қазір қоршаған ортаны жаппай велосипедке міну арқылы сауықтыру жобасы жария етілді. Бұл да құры уәде болып қалмасын деңіз. Егер табиғатты осылай улай берсек, Қытайдан таза ауа әкеліп сату бизнестің ең тиімді көзіне айналуы да ғажап емес.
Авторы: Срайыл Смайыл
Дереккөз: jasqazaq
Y. Almabek