- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Әсия Бағдәулетқызы "Ұят"...
Әсия Бағдәулетқызы "Ұят" драмасы туралы не деді?
Жақында Алматыдағы "АРТиШОК" театры 16-маусымын украиналық драматург Наталья Ворожбиттің «Ұят» пьесасы желісімен қойылған спектакльмен ашты. Қойылым туралы танымал театр сыншысы Әсия Бағдәулетқызының өзінің фейсбуктағы парақшасында пікір білдірді.
"Ұят" пьесасы туралы Әсия былай дейді:
Өнер не үшін керек? Ауада қалқып жүрген, көпті толғандыратын, бірақ формасын таппаған ойларды, тиісті формасына салып,"шекпен жауып" өзіне қайтару үшін. Кейде.
Алматыдағы (модный) "АRTиШок" театрының "Ұят" деген драмасын (наконец-то) көріп соны ойладық. Спектакльде біз келісетін және келіспейтін көп ойлар айтылды. Бірақ негізгі арқауы - "ұят пен надандықты шатастырып алған" (А.Сарым) қазақтың мінездері. Алғашқы әсер - тақырып толық ашылмады. Дегенмен. Бүгінгі күн туралы көп қойылымдардан айырмашылығы - айыптау жоқ. "Заман туралы айтамыз" деп шақырып алып, екі сағат бойы ақыл айтып шығарып салатын академиялық театрлар сияқты емес. Бізде Авторлар театрға келген адамды тәрбиелеп жіберуге, позициясын астарлап емес, тепсініп тұрып қақ шекеден қойып қалуға шебер ғой. Проблеманы айтып тұрып, көсемсөзге ұрынбаған, пафос пен патетиканың салқыны тимеген шығарманы кездестіру некен-саяқ.
"Ұятта" қоғамды зерттеу, сараптама жасауға ұмтылыс бар. Ауылдың қазағына сырт көзбен қарайды, қаланың қазағына ирониясы бар. екеуін бөлііп тұрған темір шарбағы бар.Нәтижесінде бүгінгі ию-қию, бір-бірімен қабыспайтын, бөлек тілдерде сөйлейтін, бөлек әлемдерде өмір сүретін қазақтардың (қазақстандықтардың) болмысы туралы шынайы қойылым көрдік.
Сондықтан да оның (арзан емес) билеттері екі апта бұрын сатылып кетеді.
Драматургтерге (прозашыларға да) жақұт сырға. Өзіміз туралы жібі түзу қойылым көру үшін Украинадан драматург шақырту міндет емес шығар. Жан-жақтарыңызға қарасаңыздаршы. Небір оқиға болып жатыр ғой. "Ұят" оның біреуін ғана айтып тұр. "Сәбиін туалетке тастап кететін аналар қайдан шықты?". "Ел біліп қоймасын" деген көрбілтеліктен" дейді. Жалғыз шындық осы болмауы мүмкін. Өз пікіріңізді ұсыныңыз. Сендіре алсаңыз. Ал "Ұяттың" жағдайында зерттеуге деген талпыныс құнды.
Өйткені бүгінгі адамдар туралы Әуезовпен, Гогольмен ғана емес, өз замандасыңмен пікірлескің келеді. Кейде.
Н. Айдархан