Бүгінде түсіріліп жатқан, ел-жұртқа ұсынылған қазақ кинолары жөнінде көрермендер, сыншылар тарапынан көптеген сыни пікірлер айтылады. Белгілі журналист Арман Сқабылұлы осы жөніндегі пікірін фэйсбук желісіндегі парақшасына жазды. Өзекті мәселе жөнінде оқыңыз, ой бөлісіңіз!
Киноның идеологиялық қару екенін ешкім де жоққа шығара қоймас. Басқалар мұны баяғыда түсінген. Алысқа бармай-ақ Ресей киногерлерінiң соңғы жылдардағы жасаған дүниелеріне көз жүгіртіп шықсаңыз жетеді.
«Адмиралдан» бастап, «Есенин», «Высоцкий», «Аңыз №17» секілді кинолары орыс патриотизмі мен орыс рухын жаңа биікке көтергені сөзсіз. Мұндай туындылар қазақстандық прокатта да өз көрермендерін тауып, кино авторларының қалтасына қаншама қаржы салынды.Көрші қырғыз ағайынның «Құрманжан датқасы» да сол қатарда. Кеше ғана өзбектер «Ұлықбегін» экранда ұлықтап, әлем киногерлерін таң қалдырды. Жә, өзгеге тамсана бермей өзімізге көшейік.
Қазақстанда Ресейдегідей кино рыногы үлкен емес екенін түсінеміз. Бізде киноның өзін-өзі ақтауы өте қиын мәселе. Ал, патриотизм мен рух мәселесін асқақтатуға болар еді ғой. Оған не кедергі? Жасыратыны жоқ, қазақтың ұлы тұлғаларын экрандауға режиссерлеріміздің әлде шеберлігі, әлде білімі жетіспейді. Немесе ұлттық құндылықтар мен дәстүрден мақұрым. Мысал ма? Ұзын сонар тізім жасауға болады. Алып Абайды кинода аласартып тастадық. Махамбетті мандытпадық. Қажымұқанды әпенді жасадық. Қоқанға шабуыл жасаған қызылдардан алды-артына қарамай қашып бара жатқан Мұстафа Шоқайды экраннан көргенде еріксіз кіріп кететін тесік іздейсіз... Күләш пен Бауыржанда, Қасымда аздаған сәтті сюжеттер бар. Бірақ, бұл фильмдердің жалпы деңгейі патриотизмнің, қазақы рухтың ауылынан алыс жатыр. Себеп біреу-ақ. Режиссерлер туындыларында боямасыз өмірді көрсетуге тырысады. Кинода әсірелеу де үлкен рөл атқаратынын ескере бермейді. Басқаша айтқанда, кейіпкерің төбе болса тау жаса! Тау болса асқар шыңға айналсын! Біздікілер қолда бар өмірбаянның төңірегінде түйтеңдеп жүргендері...
Осындайда мына бір жайдың есіме түсіп отырғаны. Режиссура дегенді қағазда жазылғанды қаз-қалпында таспаға түсіру деп түсінетін бір режиссеріміз «Ол жұмысына атүсті қарады» деген сөйлемді оқып алып ұзақ ойланған ғой. Ақыры «атүсті» деген сөзге ат үстінде отырған адамның бейнесін монтаждап қойыпты...