- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- "Ақтастағы Ахико" Алматыға...
"Ақтастағы Ахико" Алматыға қалай келді?
Күні кеше ғана екі күн қатарынан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында "Ақтастағы Ахико-сан" қойылымының тұсаукесері өтті. Залда ине шаншыр орын болмай, біраз көрермен тұрып тамашалады. Келген жұрт қойылым барысында көздеріне жас алып жатты. Қойылымның ерекшелігі, артық тұсы мен кем тұсы жайында көптеген белгілі тұлғалар жылы лебіздерін білдіруде. Бұл ретте журналистер де қалыс қалмады. Солардың бірі журналист Назерке Жұмабай былай дейді:
«АҚТАСТАҒЫ АХИКО» АЛМАТЫҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Бізді де қызықтырғаны осы сауал болды. Сөйтіп, бар шаруаны ысырып қойып, күні кеше «Ақтастағы Ахиконың» тұсауын кесіп қайттық. Қойылымда сәтті ізденістер де жетерлік, кемшіліктер де жоқ емес. Әрине, үлкен іс мінсіз болмайды ғой. Әйтсе де...
Біріншіден, біздің ең әуелгі назарымызды аударғаны – қойылым тақырыбы. Шығармашылық ұжымның алыстан орағытып, аңыз бен қиял қумай, оқиғаны нақты өмірден, Қарағандының түкпіріндегі ауылдың қарапайым тұрғынының тағдырын нақты деректер негізінде көркем дүниеге айналдыра алғаны. Шынайылық қай кезде де жанымызға жақын ғой. Сол тарихи шындықтың қасіретті парақтарын сахна арқылы, қуғындауды көзімен көрген саяси-тарихи тәжірибе, біздің тілімізде КАРЛАГ құрбанының тағдыры арқылы тағы бір мәрте парықтап шыққандай болдық. Әрине, шығарма атауы міндеттейтіндей, егер оқиға қуғындағы жапон азаматтың тауқыметті өмір жолынан ғана сыр қозғар болса, біздер үшін дәл осылай аяулы бола қояр ма еді...
Мұны драматург те (Мадина Омарова), режиссер де (Асхат Маемиров) жақсы түсінген. Сондықтан да Ахико Тэцуро тағдыры арқылы күллі Алаш арыстарының қасіретті тағдыры, тарихымыздың ақтаңдақ кезеңі, бейнетті беттерін сөз етеді. Біз жала жабылып, КАРЛАГ тұтқынына айналған Ахикомен параллель Ахмет, Мағжан, Сәкендей арыстармыздың да азапқа толы қасіретін көрдік, сездік, түйсіндік. Міне, көрерменін осы сезімге жеткізу үшін режиссердің сахналық шешімдермен жіті жұмыс жасағаны байқалады. Әсіресе, сценографияда...
Спектакльдің келесі артықшылығы ретінде сценографтың (Г.Құрманбекова) жұмысына тоқталғымыз келеді. Иә, спектакльдің сценографиясы ерекше. Шымылдық ашылғаннан-ақ назарды өзіне аударады. Әу баста күншығыс елінің дәстүр мен салты, музыкасы негізінде көңілді өрбитін оқиға дами келе күрделене, күңгірттене түседі. Әсіресе, КАРЛАГТЫ: тергеу залы мен тұтқындар камерасын көрсетер тұстағы сценографтың суреткерлік тапқырлықтарына тәнті болдық. Әуезов театрының бұған дейін де айналып, көтеріліп жүрген сахнасы бұл жолы шын мәнінде оңтайлы шешімін тауыпты. Оқиға өзегіне сай сәтті пайдаланылыпты. Және ол режиссерге оқиғаны бірнеше планда ойнатуға, КАРЛАГ-тай тар қапастың қан мен қасірет араласқан қаралы атмосферасын беруде жақсы мүмкіндік сыйлаған.
Мен өзім Қарағандының тумасы болғаннан кейін, Долинка поселкісінде де, КАРЛАГ-тың өзінде де, Астанадағы АЛЖИРДЕ де бірнеше мәрте болғам. Көзіммен көргем, қасіретін тарихты басынан кешкендердің аузынан естіп өскем. Сондықтан да салыстырмалы түрде алғанда, көп көрерменнің ішінде, әсіресе, мені сахна арқылы КАРЛАГ-тың атмосферасына енгізе қою, иландыра қою қиындау болар еді. Өйткені, КАРЛАГ-ты аралап шыққаннан кейінгі қасіретті, ауыр көңіл-күйге өзге ешбір еңбекпен түзеу мекемесі, тіпті АЛЖИР де түсіре алмайды. Себебі, КАРЛАГ – көлемі жағынан КСРО көлеміндегі ең үлкен еңбекпен түзету мекемесі ғана емес, небір арыс-абыздарымыздың қиындық пен қинауға толы тауқыметті күндерінің де тірі куәгері. Сондықтан да ондағы ауыр атмосфераны беру үшін режиссерден де, сценографтан да психологиялық тұрғыдан үлкен дайындықты талап еткенін және соны спектакльге қатысқан шығармашылық топ белгілі бір деңгейде сәтті суреттей алғандығын еркеше атап өткіміз келеді.
Режиссердің, әсіресе, сахна кеңістігі мен адам жанының, дұрысы тұтқын жанының тар қапастағы арпалысты күйін ұтымды шендестіруі ұнады. Қолданысында тұтастай сахна бола тұра, оны металл «шымылдықтың» арғы жағына қалдырып, режиссер темірмен құрсауланған тас қамалды сахнаның ернеуін ала көрермен залына итіндіре құрады. Неге? Бұл – оның абақтыдағы тарылған адам жанының тұтқын күйін ғана емес, жеке басқа табынудың кесірінен, тұтастай заманның тарылғандығын көрсетуге үндеген аллегорияларының бірі деп қабылдадық. Сол секілді, жапонның жайқалған сакурасы мен арысынан айырылған Алаштың ақтық байланған алып бәйтерегін контраста бейнелеу арқылы ол заман мен бұл заманның арасындағы алмағайып кезеңді, Тәуелсіздігіміздің бүгінгі ширек ғасырлық тойына жету жолындағы күллі қасіретімізді метафора тіліне салады. Сахна төрінде бірнеше функцияны қатар атқарып тұрған алып бәйтеректі жапон дәстүрін бейнелеуші символ – сұлу сакура деп сүйсінсеңіз де, болмаса, сандаған адамның өлімін естіртуші ақтық байланған қу ағаш деп аза тұтсаңыз да, тұтас бір ұлттың тамыр-тегімен, тауқыметті жолымен астасқан талайлы тарихы деп түйсеңіз де – еркіңіз! Соңғы сөз – Сіз бен Біздің өзімізде!
Сондай-ақ, спектакльдің музыкасы мен хореографиясынан да ізденіс байқауға болады. Бастапқыдағы жапон тұрмысын берудегі, сонымен қатар, түрме атмосферасы мен қандастардың абақтыда кездесетін сәттерін көрсетуде музыка да, би де бейнелеу биігіне көтерілген. Бірақ, өкінішке қарай, оқиғаның осы бір көңілге бірте-бірте қонып, иландырып келе жатқан көрінісін спектакль финалындағы шешімдер бір-ақ сәтте күл-талқан етті. Көркемдік тұрғыдан жап-жақсы шешімін тауып келе жатқан қойылым бас кейіпкер Ахикоға Жапониядағы әкесінен хат келген сәттен бастап өзінің көркемдік салмағын жойып, концерттік деңгейге бір-ақ түседі. Және шымылдық жабылғанша, осы бір қарабайыр суреттеу түрінен арыла алмай-ақ қойды. Әйтпесе, Ахиконың сонша жылғы үзілістен кейінгі әкесімен қауышатын тұсын да, тарихи Отанымен қоштасып, борыштар Отаны – Қазақстанына қайтып оралғанға дейінгі аралықтағы қарапайым адами сезімдер: аңсау, махаббат, сағыныш, шарасыздық, ризашылық секілді пенде атаулыға тән көңіл-күйді бұдан да гөрі салмақтандыра, бейнелендіре, көркемдендіре, драмалық, конфликтілік бояуын қоюландыра түссе, спектакль бұдан да гөрі көркемдікке қол жеткізер ме еді деген тілек кетті ішімізде...
Ал, жалпы алғанда, спектакль өз миссиясын орындады деп санаймыз. Әсіресе, актерлік ойындағы ізденістер бүгін басқа биіктен тіл қатты. Ахико Тэцуро бейнесіндегі Дулыға Ақмолданың шығармашылық ізденісі өз алдына бір төбе! Кейіпкер өте сәтті таңдалған. Сол секілді Ана бейнесіндегі Данагүл Темірсұлтанованы драмалық актриса ретінде бұрынғы бейнелеріне мүлдем ұқсамайтын өзгеше ізденіс иірімінде жолықтырдық! Жалғызынан айырылып, қайғыдан қан жұтып жүрсе де, адамзаттың бәріне аналық мейірімін сыйлаудан жалықпаған қазақы дархандық пен мейірбандық актриса ойынында сәтті сарапталады. Қойылымдағы Ана бейнесі арқылы кезіндегі КАРЛАГ тұтқындарына тас атқансып, құрт пен ірімшік лақтырған лагерь маңайындағы ауыл тұрғындарының адамгершілік пен жанашырлыққа толы жиынтық бейнесін көргендей ғаламат әсерге бөлендік. Ақайдың Қасені рөліндегі Бекжан Тұрысқа да асыл текті ақсақалдың бейнесін кемеліне келтіре орындағаны үшін алғыс білдіреміз. Ақан Ахмет бейнесіндегі Абзалбек Максимнің ойынынан да бұған дейінгі кейіпкерлерімен салыстарығанда жаңаша ізденісті байқадық. Қуандық Қыстықбаевтың Степан бейнесі де әдеттегіше өз биігінде. Астана театрының жұлдызын жарқыратқан ізденгіш актер, әкемтеатр сахнасында да өз тұғырында, өз бабында көрінеді. Елорда сахнасынан жібергіміз келмей, қимай қоштасқан актеріміз, Алматы жұртышығын да сарабдал ойынымен тәнті етіп жүр екен. Бәрі нанымды, бәрі ақталымды. Көріп, көңіл марқайттық.
Жалғыз-ақ көңілге қоныңқырамағаны – Ж.Тинбаев пен А.Жұмабаев кейіптеген тергеушілер бейнесі. Актерлер кейіпкерін арсын-гүрсін мінезде көрсетеміз деп, жасандылыққа, бірбояулыққа жол беріп алғандай. Осы екі кейіпкерге келгенде, уақыт шарттылықтары сақталмаған. Ахико түрмеге түскенде де – бір кейіп, абақтыдан шыққанда да – сол кейіп. Арада 10 жыл уақыт өткендігін ескерсек, аталған екі бейне характерінде де, сыртқы бейнесінде (грим) де қисындық тұрғыдан қабыспайтын тұстар кездеседі.
Аз айтқанда, көп айтқанда, жалпы қойылым сахнаға шықты. «Ақтастағы Ахико» енді алматылық, әкемтеатрлық болды және әдеттегі тарихи тақырыптарда қойлып жүрген спектакльдердей бірсыдырғы, инкубатордан шыққандай бір бояуда емес, қойылым көрерменіне өз сүрлеуін, өз ерекшелігін табуға ұмтылған жан-жақты ізденісімен келіпті. Қадамы оң болсын!
Ж. Жұмағұлов