- Негізгі бет
- Желідегі әңгіме
- Ахмет Байтұрсынұлы: "Жақсы...
Ахмет Байтұрсынұлы: "Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек"
Бір ғасырда төрт рет әліпби ауыстырған қазақ жазуы тағдырының артында ұлттың әдебиеті, мәдениеті бұдан кейінгі болашағының тағдыры тұр. Кешегі Хан-Кене мен Әлиханның, Абай мен Ахметтің жанталасы осы үшін еді. Тасқа қашалған таңбалардан бүгінгі латын әліпбиіне дейін қаншама алмағайып тарих өтті. Қаншама ел жоғалды, өшті, уақыттың толқынына батты. Бірақ қазақ аман, ел орынында. Бұл өз-өзіне даңғой мақтан, даңғаза көкірекпен емес, сын көзбен қарай білетін ұлттың өміршеңдігінен болса керек.
Сонымен, бізде латын туралы ең алғаш қай кезде айтыла бастады. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі қолданысқа енгізілді. 1924 жылы Орынбордағы съезде ресми түрде бекітілді. Бірақ бұл съезде Нәзір Төреқұлов алғаш рет латын әліпбиі туралы мәселе көтерген болатын. Дегенмен бұл ұсынысқа Ахаң қарсы болды. Баяндамасында “Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс. Әрпі тізілгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспасөзді арзандатады. Жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Әріп сара жазуға оңай, баспасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйренуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ” деді баяндамасында. Бұл ғалымның “аз күшімізді керексіз іске шашпайық” деген ойы еді.
Бастысы, әлем халықтарының жаппай латын графикасына өте бастауына жалғыз ақ себеп – жиырмасыншы ғасыр екінші жартысының соңғы кезеңінде пайда болған – Компьютер. Яғни, ғылым-техниканың тілі. Бұл кезде Нәзір Төреқұлов бұл болашақты көре біліп еді деп асылық ой айта алмаймыз. Ал Ахаңның қолданысқа енгізген оқу мен жазуға жеңіл әліпбиі бүкіл қазақ жұртынан қолдау тауып, газет журналдар шыға бастаған кез. Қазақтың өз жазуы, өз баспасы, өз басылымдары болу керек деген Алашорда қайраткерлерінің санасында болашақ қазақ мемлекеті тұрды. Ол мемлекеттің жазуы мұсылманша Байтұрсынов әліпбиі жоспарда болған. Орыс отарынан, тілінің ықпалынан құтылудың маңызды жолының бірі – әліпби, жазу екеніне Алаш қайраткерлерінің көзі әбден жеткен.
Байтұрсынов әліпбиі жаппай қолданысқа еніп, қазақ жұртының уысынан сусып бара жатқанын сезе қойған Кеңес үкіметі 1929 жылы латын әліпбиін енгізу туралы шұғыл шешім шығарып, оны тез арада атқаруға көшті. Жаңа әліпбиді білмеген мемлекет қызметкерлері халықтың жауы болып саналсын деген хабарламалар таратты. Ал бұл шешімнің астарында түркі халықтарының бірігіп кетуіне деген алаңдаушылық, яғни, “Пан-Түркизмге” деген үрей жатыр еді. Осы кезеңдегі “Пан-Түркизм” мәселесін ойдан шығарып отырған жоқпын. Бұл туралы ағылшын ғалымы Lenore A. Grenoble “Language policy in the Soviet Union” атты еңбегінде “Бұл кезде жасалған шешімдердің бәрі пан-Түркизмнен қорыққандығы үшін” дейді.
Алдағы жоспар – бұл халықтарды орыс тіліне бейімдеу. Ал ол үшін Байтұрсынов әліпбиін бірден орыс әліпбиіне көшіру – Алаш қайраткерлері тірі тұрғанда мүмкін емес еді. Сөйтіп, бұл мақсат қазақ зиялыларының көзін жойған соң 1937 жылы-ақ көтеріле бастады да, 1940 жылы “латындандырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы” заң қабылданды.
Айналасы он жылы ішінде бір ұлттың тілін, жазба мәдениетін жою мақсатындағы осындай орасан зор жұмыстар атқарылды. Олар ойлағандай қазақ тіліне жасалған кесір-кесапат шын мәнінде аса ауыр болды. Мұның дертін әлі күнге тартып келе жатырмыз. Бұл жайлы ғалым Серікбол Қондыбай “Бүгінгі тіліміздің жазуы кезінде тек орыс графикасына ғана емес, ең алдымен орыс тілінің табиғатына бейімделгендігі жасырын емес” дейді. Шынымен де "в, ч, ц, щ, ю, я, э, ъ, ь, ё" секілді дыбстардың енгізілуі мен белгілер және "И"-дің екі түрлілігі (Ахмет Байтұрсынұлы “И” мен “У” дыбыстарын қазақ тілінің заңдылығына сәйкес “жартылай дауысты” дыбыстар деп атаған болатын) біздің төл дыбыс заңдылығымызға аз әсер еткен жоқ. Бүгінде қабысқан, майысқан, формасы бұзылған дыбыстар бізде аз емес. Қазіргі тілде бұл аса сезіле қоймағанымен, мұның зардабы шын мәнінде өлшеусіз. Бұл жайлы тіл ғалымдары айтып та, жазып та жүр.
Енді, жоғарыда айтылған “Пан-Түркизм” мәселесі кеңес одағы ыдыраған жылдарда қайта көтеріле бастады. Бұған дәлел, Түркі елдерінің тәуелсіздік алған жылдары Түркия мемлекеті ең алғашқылардың бірі болып түркі мемлекеттеріне көмек қолын соза бастады. 1991 жылы 18 қарашада Стамбулдағы Мармара университетінде түркі халықтарының конференциясы өтті. Бұл алғаш түркі мемлекеттерінің одақтас болуы және ортақ түркі тілі жайлы мәселе көтерілген кезең. Тіпті, түркі халықтарының 34 таңбадан тұратын ортақ әліпбиі де ұсынылды. Бұған Кеңес құрамынан шыққан елдері ішінде алғаш болып қолдау білдірген Өзбекстан мемлекеті болды. 1992 жылы Өзбекстанда “Орта түрік” деген журнал шығып тұрды.
Туысқан мемлекеттердің одақтас болуы сынды осы бір ұлы бастамаға Тәуелсіз ел бола тұра Қазақстан не үшін аса құлықсыз болды деген сұрақ туатыны заңды. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, әлі де кесерткілік қуаты бар Ресейдің қалған он бес республикаға жасаған қысымы. Әзербайжанның бұрынғы білім министрі Фируддин Жәлилов бұл туралы “1992 жылы латын графикасына көшер қарсаңындағы өтпелі кезең өте қиын болды. Бір жағынан Иран “Араб әліпбиіне көшіңдер” десе Ресей “Орыс графикасында” қалыңдар деп қысым көрсетті” дейді. Демек, бұл қысым жалғыз Әзербайжанға ғана жасалған жоқ. Екіншіден, біз тәуелсіздік алған жылдары елдегі қазақтардың жан саны 39 пайыз, орыс ұлтының жан саны 37 пайыз болған. Ал орыс тілді қазақтарды жаңағы отыз жеті пайызға қосып жіберсеңіз “Пан-Түркизмге” қолдау көрсету Қазақстан үшін қауіпті болғанын түсіну қиын емес. Үшінші себеп, әрине, алғашқы жылдардағы экономикалық жағдай.
Міне, бүгінгі Латын әліпбиіне көшу сынды тарихи шешімнің маңыздылғы, салмағы осында жатыр. Түркі жұртына ортақ әліпбидің болғаны жақсы-ақ еді. Дегенмен, оған “жиі үзіліп, көп жалғанған” тарихтың әр кезеңі жар бермеді. Жарық жылдамдығындай дамыған технология мен уақыт күтіп тұрған жоқ. Бұл көш – рухани көш. Оңай болмасы анық, 70 жыл бойы жарық көрген латын графикасындағы кітаптар, еңбектер бұл көшке оңай салмақ салмасы анық. Үкіметке де, артынан ерген халыққа да бекем бел керек.
Қайсар Қауымбек
М. Ақан