Ақпарат жылдамдығының дамыған заманында кез келген хабар мен мәлімет бұқараға оңай әрі жылдам тарап кете алады. Оның дұрыс-бұрыстығы анықталмай жатып, көпшілікке жария болып жататын орта – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Оның анық-қанығын тексеру әрқашан маңызды. Жалған ақпаратқа жол бермеу мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі www.stopfake.kz жаңа интернет-ресурсын іске қосты. Бұл сайт фактілерді мұқият тексеріп, ақпараттардың шын-жалғанын анықтап, нәтижесінде олардың фейк, манипуляция, арандату және т.б. екендігін жариялайды.
Интернет заманына дейін халық ақпаратты дәстүрлі БАҚ-тан алатын болса, қазір олар жаңалықты бір-біріне өзара тарата алады. Соның салдарынан оған субъективті пікірлер қосылып, ақпарат өзгеріп тарайды. Демек халық ресми мақұлданбаған әрі модерациядан өтпеген, даулы жаңалықтарды күнара кездестіруге мәжбүр.
Жалған ақпараттың тез таралып, талқыға кең көлемде түсуі қоғамдағы резонансқа, соңғы шыққан жаңалыққа тікелей байланысты. Егер ақпарат мазмұны үндеу, үгіттеу, сақтық, агрессиялық сипатта болса, адам миы оны қабылдауға, шын санауға дайын тұрады. Жалған ақпараттан әсер алған қолданушы оны тарата отырып, өзінің іс-әркетінің қаншалықты маңызды екенін көбіне дұрыс бағамдай бермейді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат беру, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады.
Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
StopFake бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, байланыс каналдарында таратылған ақпараттардың шынайылығын анықтап, талдап, зерттеу нәтижелерін көрсетеді.
Сайтта "Жалған ақпарға шағымдану" функциясы бар, ол арқылы кез-келген адам редакцияға хат жолдап, ақпараттың мүмкін еместігі туралы шағым жібере алады. Редакторлар оның жалғандық дәрежесін анықтап, бұл туралы жаңалықтарды веб-сайтқа жариялайды.
Жалпы алғанда, StopFake қоғамды дұрыс ақпараттандыруға, ақпараттық манипуляциялармен күресуге және қате, жалған хабарламалардың ақпараттық тазалыққа бағытталған.