Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына сапары барысында жаңа Нұркент қаласының дамуының бас жоспарымен танысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы 19 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, Назарбаев Талдықорған қаласының дамуының бас жоспарымен, сондай-ақ Жаркент-Қорғас агломерациясының қала құрылысы тұрғысынан дамуының кешенді жобасымен танысты.
Нұркент қаласы "Қорғас - Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағының құрамына кіреді. Болашақта бұл қалада 100 мыңнан аса адам тұрып, ауданы 300 гектардан асады. Арнайы экономикалық аймақтың құрылысы 2020 жылы аяқталады. Осыдан кейін бұл шекара аймағы жаңа Жібек жолының тірегіне айналады.
Мемлекет басшысы саябақты жаңарту және абаттандыру жұмыстары барысымен танысты. Қазақстан Президенті қала тұрғындарының мәдени-көпшілік демалысы үшін мейлінше жағдай жасаудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Елбасы өңірдегі жұртшылық өкілдерімен кездесті. "Облыстың шекара бойында орналасуы экономиканың көлік-логистика және электр энергетикасы салаларын дамыту қажеттігін талап етеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып, менің тапсырмаларымды облыс әкімінің тиянақты орындауының арқасында бұл салалар қарқынды дамуда. Өңірдің әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудағы табыстарын да айтпай кетуге болмайды. Сонымен бірге халқымыздың тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігінің тағы бірі - бейбітшілік пен ұлтаралық келісімнің сақталуы деп санаймын", - деді Қазақстан Президенті. Қала тұрғындары облысқа қамқорлығы және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік саясаты үшін Елбасыға алғыстарын айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаға зор денсаулық және еңбектеріне табыс тіледі.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Алматы облысына сапарының қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Елбасы өзінің 2014 жылы берген тапсырмаларының уақтылы орындалып жатқанын атап өтті.
"Алматы облысы - еліміздің көрікті өңірінің бірі және ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген түрін өндіретін аса маңызды аймақ", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қаланың абаттандырылуы жақсара түскенін айтты. "Жаңа әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының пайдалануға берілуі еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қала тұрғындары үшін тамаша сыйлық болды. Индустрияландыру бағдарламасы мен "Нұрлы жол" бағдарламасының одан әрі іске асырылуы экономикамыздың дамуына, соған орай халықтың тұрмыс деңгейінің артуына септігін тигізеді", - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорған қаласына келіп, әуежай мен әуе вокзалы ғимаратына барды. Мемлекет басшысы әуежай мен әуе вокзалы ғимараттарын қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Елбасыға ұшу-қону жолағын жаңарту жұмысы, әуежайды және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту перспективалары туралы баяндалды.
Ал осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Текелі тау-кен өндірісінің кешенінде болды. Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысы кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне инновациялық технологияларды қолдана отырып, қайта балқытылған шойын алу арқылы темір рудасын өндіру және өңдеу жөніндегі жобаның іске асырылу барысы баяндалды.
Кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасында болды. Қазақстан Президентіне облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыттары және тиісті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы баяндалды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев аурухана қызметкерлерімен кездесті. Олар жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясатқа қолдау білдіріп, денсаулық сақтау саласына көрсетіліп отырған қамқорлық үшін Елбасыға алғыстарын айтты. Кейін Қазақстан Президенті Оқушылар сарайында болып, оларға жайлы автобус сыйлаған еді.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz