Ақтөбеде «Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 148 жалдамалы пәтерді халық игілігіне тапсырды.
«Кең дала» және «Алтын дала» тұрғын үй кешендерінде салынған көпқабатты үй кезекте тұрғандарға арналған. Жыл соңына дейін қалада 30 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылмақ. Мемлекеттік қызметкер Аслан Тұрғанбаев осыдан 6 жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Асығып күткен сол күн де жетіп, 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды. 62 шаршы метр баспанаға айына 62 мың теңге төлейді.
Аслан Тұрғанбаев, қала тұрғыны: - Бұрын біз ата-анамызбен және жалдамалы пәтерде тұрғанбыз. Енді өзіміздің шаңырағымыз бар, өте қуаныштымыз. Жалға берілетін пәтерлер бірінші кезекте жас жанұяларға, мемлекеттік қызметкерлер мен көпбалалы отбасыларға және мүгедек бала бағып отырған жандарға беріледі. Сонымен бірге, қамқоршысынан айырылғандар мен әскери қызметкерлер де құжат тапсыра алады. «Бәйтерек» холдингі экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан бойынша 401 мың шаршы метр болатын 7 мың пәтер тапсыруды жоспарлайды. Бұл орайда «Нұрлы жол» бағдарламасының септігі мол.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы: - Жылдың басынан бастап пәтерді Ақтөбеде беріп жатырмыз. Жылдың аяғына дейін 100 пәтер тапсыратын боламыз. Ақтөбе бойынша 30 мың шаршы метр болатын 469 пәтер беріледі. Жалдамалы баспананың 1 шаршы метрі Астана мен Алматыда 1000 теңгеден сәл асса, өзге өңірлерде – 923 теңге. 5 жыл мерзім өткеннен соң, қалған соманы төлеп, сатып алуға да болады. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы арнайы келісімге қол қойды.
Дереккөз: 24.kz