- Негізгі бет
- Жаңа жыл – 2018
- Отшашу: қызыл-жасыл түстер...
Отшашу: қызыл-жасыл түстер қалай пайда болды?
Жаңа жылдың қызығы – сыйлықтар мен түнгі отшашулар. Кейде жарқ-жұрқ еткен отшашуға қарап оның құрамын, шығу тарихын білгіміз келеді. Тіпті, қызыл-жасыл түстер қалай шығады деген ойда маза бермейді. Ендеше, сіздерге жаңа жыл қарсаңында бұл құпияны ашпақпыз.
Отшашудың Қытайда пайда болғанын бәрі біледі. Дегенмен, оқ дәріден (порох) бұрын отшашуды ойлап тапқаны сізді таңқалдырмай қоймасы анық. Біздің заманымызға дейінгі Қытай тұрғындары бамбукты кептіріп, оны қыздырса, қатты жарылыс болатынын байқаған. Мұндай «жарылыс құралдарын» өз жауларынан қорғану үшін қолданған. Әскери адамдар зеңбіректерден снарядтарды алысқа ұшыру үшін оқ дәрінің көмегіне сүйену керектігін аңғарған болатын. Ал кештердің ұйымдастырушылары отты шарларды неғұрлым жоғарыға ұшырса, айналысына анық көрінеді деген тұжырымға келген. Әлемдік шар фестивалі бұл қағида бойынша жұмыс жасайды: қуаттайды, зеңбірек арқылы жоғарыға атылады, аспанда шар жарылады. Ал, ұшқын адамдарға ерекше әсер сыйлайды.
Сонымен қатар, оқ дәрі де кездейсоқ пайда болды. Қытайлықтар біздің дәуірімізге дейінгі алғашқы мыңжылдықтың аяғында мәңгі өмір сүрудың құпиясын осы оқ дәрімен байланыстырған. Өйткені, оның қатты дыбысы әсерінен әруақтар қорқып адамдарға жақындамайды деген сенім қалыптасқан. Кейін 200-300 жыл өткен соң ғана жауынгерлер оны соғыста қолдануға болатынын ұққан.
Отшашулардың түрлі түсті болуы неден?
Отшашу – бұл энергия қорабы. Жарылыс пен от бұл энергияны жарыққа шығару барысында жүретін химиялық реакцияның нәтижесінде пайда болады. Әрбір химиялық элемент жану барысында түрлі түске енеді. Қызыл отқа ие болу үшін, қоспаға стронций мен литийдің тұзды иондарын қосады, ал ақ түсті магний мен титанның көмегі арқылы алады. Жасыл түстерді көрсеңіз, онда қоспада барий барын біліп жүріңіз. Байқағаныңыздай, түрлі түстер металлдардың жануы әсерінен пайда болады. Отшашулардағы түрлі түсті қолдану 1830 жылдары Италиядан бастау алды.
Дауыстар қайдан шығады?
Ысқырық, сатыр, быжылдаған дыбыстардың барлығы – қоспаның құрамындағы металл тұздарының нәтижесінде пайда болатын ерекшеліктер. Тұздардың органикалық бөлігі жану барысында оларды түрлі дыбыс шығаратын газдар бөлінеді. Сіз жиі еститін әрі ең қатты дыбыс «ба-бах» титанның көмегі арқылы жасалады. Ал темір мен алюминий жай ғана ұшқын беріп, ысқырғандай дыбыс береді. Сондықтан бенгаль шамдары қардың сықырындай дыбыс шығарады.
Сізге отшашу ұнай ма?
Т. Есқали