- Негізгі бет
- Жаңа жыл – 2018
- "Жылмен бірге бір...
"Жылмен бірге бір бақыт жететіндей..." (Жаңа жыл туралы жырлар)
Көпшілік асыға күтетін жаңа жыл мейрамына да санаулы күн қалды. Аз күннен соң жаңа ит жылы есігімізден кіреді. Жаңа жыл тек болашаққа жоспар құрып, алдағы күндерге мақсат қоятын кез емес. Ескі жылды есіркеп, тәтті естеліктерді еске түсіруге де таптырмас сәт. Ақындарымыздың жаңа жыл туралы жырларын оқи отырыңыздар!
Жаңа жыл түні
«Алақай, бүгін Жаңа жыл келеді,
Жаңа жылды күтетін түн келеді».
Жұрттың бәрі біртүрлі қуанышты,
Кеуделерін осы ой кеп үрлегелі.
Ауыртпалық жиналып... кететіндей,
Жылмен бірге бір бақыт жететіндей.
Аспан жақтан нұр саулап түні бойы,
Ертең дүние өзгеріп кететіндей.
Е, Алла, кезек келіп, Ай, Күн аман,
Жақсылыққа дастархан жайдыр әмән.
— Аяз ата келеді! — деп қызым мәз,
— Білем, ол — Орал аға... — дейді балам.
Мәз болып қонақтың көп келгеніне,
«Жаңа жыл кеп жайғасты төрге, міне,
Тек қар жоқ. Жаңбыр жауып...» — дейді әйелім,
...Е, шүкір, ол да Алланың бергені де.
Жаңа жылдың таңы атты...
Лезде тіпті,
(Шүкір, таңның атқанын көз көріпті).
... Баяғы таң.
Тіршілік сол баяғы...
Иә, айтпақшы, күнтізбе өзгеріпті:
1 қаңтар 2010 жыл
Бауыржан Бабажанұлы
Жаңа жыл түні
Ақ жұлдыздар тойлап,
Ақ аспанда ойнап
Асығады жерге,
Жаралғандай ардан,
Ақ көбелек арман.
Қырдан қырға зулап,
Сәбилер жүр шулап,
Жарысып пәк желмен.
Пейілге нұр сеуіп,
Шаңғыларын теуіп.
Шатыққа ән қосып,
Алақанын тосып,
Шыршалар тұр әне,
Мейірім сыйлап миға,
Көктен қонған сыйға.
Сыймайтұғын сөзге,
Көрінбейтін көзге.
Тек Аллаға аян,
Ақ әлемде жарық
Бақыт бары анық.
... Жаңа жылдың күні,
Жаңа үміттің тіні.
Сол бір бақыт кірсін,
Бүгін әрбір үйге –
Жырылмаған күйде.
Маралтай Райымбекұлы