Баунти тортының сыртқы түрі де дәмі де атақты баунти шоколадына ұқсайды. Оның кокос ұнтағынан жасалған кремі қыспен, соның ішінде қармен ассоциацияланады. Баунти торты нәзік, жұмсақ және өте дәмді болып шығады. Бұл тортқа өзіңіз пісіре алатын кез келген шоколадты бисквит қолдануға болады. Біз мына бисквитті қолдандық. Кремге қажетті азық-түліктер: - 500 г сүт;- 120 г қант;- 10 г ваниль қанты;- 40 г крахмал;- 250 г кокос ұнтағы;-100 г кілегей майы. 100 г сүтке крахмалды салып, жақсылап араластырамыз. Келесі ыдысқа қантты және ванильді қантты саламыз. Қанттың үстіне қалған 400 г сүтті құйып, отқа қоямыз. Сүт қайнаған кезде алдымен 250 г кокос ұнтағын салып, араластырамыз. Содан соң крахмал салынған сүтті құйып, 2-3 минуттай қоюланғанша араластыру керек. Ыдысты оттан алып, үстіне 100 г кілегей майын салып, барлығын араластырамыз. Крем дайын! Бұл кремнің дәмі дүкенде сатылатын баунти шоколадының ішіндегі салындысына қатты ұқсайды. Бисквитті 2 немесе 3 бөлікке бөліңіз. Қантты ыстық суға езіп, шәрбат дайындап алыңыз. Крем майлы болмағандықтан, алдымен бисквитті қант шәрбатымен сулап алыңыз. Содан соң крем жағыңыз. Торттың үстіне шоколад ерітіп құюға болады немесе 2 ас қасық какао, 2 ас қасық қант ұнтағы, 3 ас қасық қаймақты араластырып жасауға да болады. Торттың сыртына какао езіндісін жағып шығамыз. Торттың жанына кокос ұнтағын сеуіп шығамыз. Торттың бетіне баунти шоколады мен басқа да тәттілер қойып безендіруге немесе кокос ұнтағы мен қойылтылған сүтті араластыру арқылы шарлар жасауға болады. Жаңа жылдық көңіл күйде болу үшін қар секілді етіп, торттың бетіне тек кокос ұнтағын сеуіп тастауға да болады. Баунти торты дайын!